427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дүниежүзілік экономикалық форумда қандай мәселелер талқыланып жатыр

  • 571
  • UPD: 21:29, 21.01.2020

Бүгін Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форум басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл басқосу биыл елуінші рет өтуде. Қаңтардың 24-іне дейін жалғасатын форумға әлемнің 117 елінен 3 мыңға жуық адам қатысады. Олардың 53-і – мемлекет басшылары. Жиында талқыланатын тақырыптар сан алуан. Олардың ішінде әлем экономикасы мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері бар.

Биыл Дүниежүзілік экономикалық форум әдеттегідей Швейцарияның Давос тау шаңғы курортында басталды. Жалпы бұл форум 1971 жылдан бері өткізіліп келеді. Алқалы жиында 117 елдің өкілдері бас қоспақ. Олардың арасында мемлекет басшылары, шенеуніктер, ғалымдар мен жүзден астам миллиардер бар. Ал Қазақстан тарапынан ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен «Астана» халықаралық қаржы орталығының» басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысатын болады. Әлем елдерінің сарапшылары бас қосқан сессияларда талқыланатын мәселе көп. Басты тақырып – қоршаған ортаны сақтай отырып, жаһан экономикасының даму процесін жетілдіру болып табылады.

Клаус Шваб, дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы:

– Бұл форум мен үшін үлкен мақтаныш. Өйткені оның аясында әлем елдеріне ортақ мәселелер талқыланып шешімін табады. Діттеген мақсатымыз бір болғандықтан, ынтымағымыз да арта түспек.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссияның төрағасы:

– Осы форум ясында тұрақты экономикалық жүйенің қалыптасатынына сенемін. Қоршаған ортаның ластануын қорғап, экологияның өзгеруіне қатысты шаралар қолға алынатынына үміттімін. Басымыз қосылса ғана мақсатымызға қол жеткізе аламыз.

Алқалы жиынға басты қонақтардың бірі болып АҚШ президенті Дональд Трамп пен экобелсенді Грета Тунберг келді. Айтпақшы әлем назарын климаттың өзгеруіне аударып жүрген танымал Грета форум аясында тілшілерге берген сұхбатында саясаткерлерді жастардың сөзіне құлақ асуды талап етті.

Грета Тунберг, экобелсенді:

– Экология мен қоршаған орта тақырыбы жастардың белсенді жұмысының арқасында өзекті мәселеге айналып отыр. Алайда ауаға көмір қышқыл газының бөлінуі әлі де қысқарған жоқ. Проблеманың шешіліп отырғаны шамалы. Бұған қызығушылық танытып отырғандарды да байқаған жоқпын.

Айта кетейік, биылғы дүниежүзілік форумға Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммед Джевад Зариф пен Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон келмейтін болды.

Осымен елуінші рет өткізілетін ауқымды шара солшылдар мен экобелсенділер тарапынан сынға ұшыраған. Тіпті наразылық акциясы ұйымдастырылды. Ауа райының суықтығына қарамастан, белсенділер Швейцарияның Ланд-кварт комуннасынан Давос қаласына дейін 3 күндік шеруге шыққан. Наразы топ климаттық дағдарысқа қарсы ұрандатып, жер бетінде қырылып жатқан жануарларды қорғау керек деген талап қойды.

Хабар 24 телеарнасы