447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Австралия тұрғындары енді құмды дауылмен арпалысып жатыр

  • 324
  • UPD: 20:54, 23.01.2020

Еліміз алай-дүлей боранның құрсауында қалса, кей мемлекеттер өзге де табиғат апаттарынан зардап шегіп отыр, деп хабарлайды  «Хабар 24»

Испания мен Францияда «Глория» дауылы көтерілсе, орман өртінен есеңгіреп қалған Австралияның кей өңірлерін шауын-шашын мен құмды боран әлекке салды. Ал, Таиланд тұрғындары ауа ластануының жоғарғы деңгейге жетуіне қатысты наразылығын білдіріп жатыр.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша Испанияда дауылдан 8 адам мерт болған.

Бірнеше ай орман өртінен көз ашпай есеңгіреп қалған Австралия тұрғындары енді құмды дауылмен арпалысып жатыр. Елдің оңтүстік-шығысындағы Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында көтерілген құм мен шаңнан түк көрінбейді. Айта кетейік, дәл осы өңірде орман өрті әлі де дес бермей тұр. Бүгін қызыл жалынды ауыздықтауға шыққан әскери ұшақ апатқа ұшырады. Салдарынан 3 адам қаза тапты. Мерт болғандардың барлығы АҚШ азаматтары болған. Қазір аймақтағы әуежай жұмысын уақытша тоқтатты. Жалпы қыркүйек айында басталған орман өртінен күні бүгінге дейін 29 адам мерт болып, миллиондаған аң-құс қырылып қалды. Одан бөлек, 2500 баспана күлге айналды. Ал, Австралияның шығысында көптен күткен жауын-шашын басталды. Бір жағынан төпелеген нөсер өртсөндірушілердің жұмысын жеңілдетсе, екінші жағынан жергілікті тұрғындарды әбігерге салып отыр. Қазір аймақта тасқын басталып ондаған баспана су астында қалды.

 

Испанияда «Глория» дауылынан 8 адам көз жұмды

Испанияда осымен қатарынан төртінші күн «Глория» дауылы ойран салуда. Апаттан қаза тапқандардың саны 8-ге жетті. Тағы бірнеше тұрғын іс-түзсіз жоғалған. Табиғаттың тосын мінезінен мыңдаған адам жарықсыз отыр. Тас жолдар да жабық. Желдің екпіні сағатына 130 шақырымнан асқан. Кей аймақтарда дауылдың беті қайтқанмен төпелеп жауын құйып тұр. Белгілі болғандай енді «Глория» дауылы Францияда да мінез көрсетіп жатыр.

Эдвард Бейкер, турист:

- Бұндай сұмдық сапар басымнан бірінші рет өтіп отыр. Ұлыбританиядан саяхаттап келгенбіз. Құтқарушылар дер кезінде келіп жетті. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық. Күн де ашылмай тұр.

Көтерілген толқын салдарынан Кульера қаласының жағалауына бірнеше жүздеген өлі балық шығып қалған. Ал таулы аймақтар қалың қар астында қалды. Елдің 30 провинциясында қауіптіліктің жоғарғы деңгейі сақталып отыр.

 

Флоридада суық салдарынан кесірткелер қырылып жатыр

АҚШ-тың Флорида штатында күн күрт суытып, өңірде кеңінен таралған игуан деп аталатын кесірткелерге қиын соқты. Талда өмір сүретін бауырымен жорғалаушылар суыққа шыдамай, қатып құлап жатыр. Аймақта зиянкес деп саналатын кесірткелер жолдарда көбейіп кеткен. Жергілікті билік тұрғындардан игуандарды жылытамыз деп, үйге апармауға кеңес беруде. Өйткені бұл кесірткелер бойлары жылынып, тірілген соң адамдарға шабуылдауы мүмкін екен.

Ал, Таиландтың экобелсенділері Бангкок қаласында ауаның ластануына қарсы елеуілге шықты. Ашуға бой бергендердің айтуынша, осы аптада шаһарда ауа сапасының индексі қалыпты нормадан асып кеткен. Осыған орай аймақтағы метептер бір күнге жұмысын тоқтатты. Бетперде киген наразылар Үкімет ғимаратының алдында жиналып, жергілікті биліктің жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді.

Чонлаторн Вонграссамэ, экобелсенді:

- Жергілікті билік адамдар өз денсаулығына мұқият болып, бетперде киіп жүру керек деген. Ал билік болса, ауаның ластануына қатысты тиісті шара қолданып та жатқан жоқ. Үкіметтің салғырт саясатына көңіліміз толмайды. Денсаулығымызға көңіл бөлуіміз үшін таза ауада дене жаттығуларын жасауымыз керек. Ондай мүмкіндік бізде жоқ. Қашанғы спорт залға барып жүреміз?

Хабар 24 телеарнасы