376,52 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Давостағы форумда сөз сөйлеген Трамп пен экобелсенді Грета бір-біріне қандай сын айтты

  • 164
  • UPD: 21:42, 24.01.2020

Бүгін Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форум аяқталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосу биыл елуінші рет өтті. Оған 117 елден 3 мыңға жуық делегат қатысты. Араларында мемлекет басшылары да бар. Күн тәртібіне шығарылған мәселелер, жаһандық климаттың өзгеруі, миграциялық дағдарыс, экономикалық текетірес пен Қытайда өршіп тұрған коронавирус. 

Бүгін Швейцарияның Давос қаласында 50 елдің басшылары мен 117 елдің саясаткерлерін, сондай-ақ ғалымдары мен қоғам қайраткерлерінің басын қосқан Дүниежүзілік экономикалық форум аяқталады. Алқалы жиынға басты қонақтардың бірі болып АҚШ президенті Дональд Трамп пен экобелсенді Грета Тунберг келді. Көптің назары да осы қонақтарға ерекше ауыды десе болады.

Естеріңізге салайын, өткен жылы Ақ үй басшысы Давос форумына шатдаунның кесірінен келмеген еді. Жалпы Давоста АҚШ басшысы соңғы рет 19 жыл бұрын болған екен. Сарапшылардың пікірінше, жиында сөз сөйлеген Грета мен Трамптың пікірі бір-бірінің жұмысына сын айтқандай көрінді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– АҚШ 2030 жылға дейін 1 трлн ағаш отырғызу бастамасын қолдап, атсалысуға дайын екенін айтқым келеді. Оптимист болу керек деп ойлаймын. Қорқыныш пен күдік жақсылыққа апармайды. Климаттың өзгеруіне қатысты мәселереде тек қана теріс пікір айту дұрыс емес.

Грета Тунберг, экобелсенді:

– Ешбір саяси идеология мен экономикалық құрылым климаттың өзгеруіне септігін тигізген жоқ. Байқағандарыңыздай, қазір жер беті қызыл жалынға оранғандай күйде. Балалар алаңдамасын, мәселені өзіміз шешеміз дейсіңдер де, еш шара қолданбайсыңдар. Осы уақытқа дейін естіп отырғанымыз құр сөз. Амал жоқ. Билік басындағылардың не істеп отырғанын түсінбеймін. Кейбіреулері тіптен отқа май құйып отыр. Әрине ағаш отырғызу дұрыс шығар, алайда мұнымен проблема шешілмейді.

Форумда қызу талқыға түскен тақырыптардың бірі – сандық салық мәселесі. Еуропаның кейбір елдері Гугл мен Фейсбук секілді америкалық алпауыт компанияларға тиісті салық түрін салуға ниетті. Алайда ресми Вашингтон мұны кемсітушілікке бағалап отыр. Форум барысында АҚШ-тың қаржы министрі ескерту де жасап үлгерді. Министрдің айтуынша, егер қандай да бір ел бұл қадамға барса, америкалықтар сол мемлекеттің көлік компанияларына салық салатын болады. Осы ретте Франция жағы тиісті шешімді кейінге шегеруге дайын екендерін жеткізді.   

Брюно Ле Мэр, Францияның экономика министрі:

– Франция сандық салық салу шешімін 2020 жылдың желтоқсанына дейін кейінге шегеруге әзір. Бірақ халықаралық деңгейде бір келісімге келуіміз тиіс. Әйтпесе біз бұл салықтан бас тартпаймыз.

Дүниежүзілік экономикалық форум аясында миграциялық дағдарыс та жан-жақты талқыланды. Осы орайда Грекия премьер-министрі кәрі құрлыққа ағылған босқындар мен мигранттарды Еуропа елдеріне бірдей бөлуді талап етті. Бұл тақырыпты алдағы уақытта Германия канцлері Ангела Меркел мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен Ыстамбұлда талқыламақ ниетте. 

Кириакос Мицотакис, Грекия премьер-министрі:

– Еуропа миграция мәселесін жөнге келтіре алмады. Кәрі құрлыққа кәмелет жасқа толмай келгендердің тағдыры не болмақ. Мигранттардың саны күн сайын артып барады. Аталған проблема әсіресе Грекия, Түркия, Ливияда өзекті.

Әлемді алаңдатып отырған Қытайдағы коронавирус та назардан тыс қалмады. Сарапшылар мен ғалымдардың вирус құрбандарының саны 2003 жылғы жағдайдан көз жұмғандардан аз болу керек деген болжам жасап отыр. Алайда арнайы дәрі-дәрмек пен вакцинаға кететін шығын бірнеше елдің қалтасынан қағады деген пікірде.

Хабар 24 телеарнасы