376,52 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайдағы індет: Науқастармен қатынаста болған 8 мыңнан астам адам жіті бақылауда

  • 294
  • UPD: 23:06, 24.01.2020

Қытай билігі коронавирустан 26 адам көз жұмғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір адам Ухань қаласынан тыс жерде, Бейжіңмен іргелес Хэбэй провинциясында бақилық болған. Қазір қауіпті індетті жұқтырғандардың саны 800-ден асты. Науқастармен қатынаста болған 8 мыңнан астам адам дәрігерлердің жіті бақылауында.

Қытай халқы бүгін Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды қарсы алды. Алайда елде тарай бастаған қауіпті ауру мейрамның шырқын бұзды. Бейжің қаласында бұқаралық шаралар өткізілмейтін болып, туристік нысандар жабылды. Әр сағат сайын дезинфекция жүргізіледі. Дертті жұқтырмас үшін ел тұрғындарына аурудың алдын алу ережелерін сақтап, жануарларға жоламай, тек термиялық өңдеуден өткен тағамдарды ғана тұтынуға нұсқау берілді.

БЛИЦ:

– Жеке өзім вирустан қорықпаймын, біз тіпті бетперде де киген жоқпыз. Өйткені біз індет ошағында жүрген жоқпыз ғой. Аурудың таралуына қарсы тиімді шаралар қабылданды. Ең бастысы, әр адам өз денсаулығын қадағалауы тиіс.

– Уайымдамаймын. Бетпердем бар. Ең алдымен бүкіл ережелерді сақтау қажет.

– Вирустың таралуынан қорқамын. Сақтанып жүрмін. 

Ал коронавирустың жаңа түрі шыққан Ухань қаласы карантинге жабылды. Қоғамдық орындар, вокзалдар және әуежайлар жұмыс істемейді, көшелерді арнайы құралдармен залалсыздандырып жүр. Вирустың таралуына қарсы шараларға Қытай қаржы министрлігі қосымша 144 миллион доллар бөлді.  

Гао ФУ, ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры:

– Қабылданған шаралардың мақсаты – Уханьда ауру жұғуының жаңа оқиғаларына жол бермеу. Яғни індеттің таралуын толығымен доғару. Бұл өте маңызды. Егер ауру ошағында жағдайды бақылауға алсақ, індет елдің өзге аймақтарына тарап кетпейді.

Жағдай күрделі болғанымен, Қытай астанасында дүрбелең байқалмайды. Халық Жаңа жылғы мейрамға дайындалып жатыр. Дегенмен үкімет нұсқауына құлақ асып, қоғамдық орындардан аулақ жүруге тырысады. Сол себептен Бейжің көшелері бүгін босап қалды.

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева, Айгерім Сүлейменова

Хабар 24 телеарнасы