429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан президенті үкімет мүшелерін қатаң сынға алды

  • 582
  • UPD: 08:45, 26.01.2020

Сооронбай Жээнбековтің мәлімдеуінше, олар сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған жұмысты ойдағыдай орындамай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас прокуратура, құқық қорғау құрылымдары мен соттарға қатаң ескерту жасалды.

Президенттің сынына ең алдымен Бас прокурор Откурбек Джамшитов пен Жоғарғы сот төрағасы Гүлбара Калиева ілікті. Бұған мемлекеттік тіркеу қызметі маманының абақтыдан босатылуы себеп болды. Тергеу мәліметінше, ол автокөліктерді заңсыз тіркеу бойынша тұрақты қылмыстық жүйе құрған. Осы үшін 12 жылға сотталған айлакерді бостандыққа жіберіп, жазасын айыппұлмен ауыстырыпты. Кейін Жоғарғы сот бұл шешімнің күшін жойғанмен, қылмыскер ізін суытып үлгерді.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз республикасының президенті:

– Бұл бізге мәлім болған сыбайлас жемқорлықтың тек бір оқиғасы ғана. Ал қаншасын біз әлі білмей жүрміз?

Тағы да бір атышулы оқиға Мемлекеттік экотехинспекцияға қатысты. Жаңа жыл алдында осы мекемеде сыбайлас жемқорлықпен айналысқан 6 қызметкер ұсталған болатын. Алайда инспекция басшысы тергеу басталғанан кейін бір ай өткенде ғана оларды жұмыстан шығарды. Президенттің пікірінше, осындай шенеуніктердің кесірінен сыбайлас жемқорлықпен күрес нәтиже бермей отыр.

Дамир Сагынбаев Қырғыз, республикасы қауіпсіздік кеңесінің төрағасы:

– Соңғы екі жылда соттар қызметтік қылмыстар жасағаны үшін құқық қорғау орындарының 169 қызметкеріне үкім шығарды. Олардың арасында 137 милиционер, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 қызметкері, прокуратураның 17 қызметкері және қаржы полициясының 6 қызметкері бар.

Сооронбай Жээнбеков тау-кен өндірісін елдің стратегиялық саласы деп атады. Президент осы саланы дамыту және пайдалы қазбаларды қорғау бойынша тұжырымдама әлі жасалмағанына таң қалды. Бұл жолы ел экономикасын цифрландыру бойынша тиісті жұмыс атқармай жүрген премьер-министр Мухаммедкалы Абылгазиев сөгіс естіді. Президенттің пікірінше, бұл шара сыбайлас жемқорлықты азайтып, шенеуніктер жұмысын бақылауды күшейтеді.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы