411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустан қорғану үшін гигиена сақтаудан басқа амал жоқ – мамандар

  • 872
  • UPD: 22:02, 27.01.2020

Қытайдан шыққан коронавирус дес бермей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы бір тәулікте қауіпті індетті жұқтырғандар үштен бірге артты. Ал көз жұмғандар саны 1,5 есе көбейіп, 81-ге жетті. Қытайдың өз басында дәрігерлер вирусты жұқтыруы мүмкін деген күдікпен 5700 адамды бақылауға алған. Қолда бар мәлімет бойынша, індет әлемнің 10-нан аса елінде тіркелген. Соңғы келіп түскен ақпар бойынша, Украинада да бір адам коронавирусты жұқтырған.

Коронавирустың өршуіне байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Бейжіңге аттанды. Ол Қытай басшылығы және сарапшылармен кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Ал індет алғаш тіркелген Ухань қаласына 2300-ден аса медициналық қызметкер келіп жетті. Олар әріптестеріне науқастарды емдеуге көмектесуі тиіс. Өйткені шаһарда дәрігерлер жетіспей жатыр. Одан бөлек мұнда медициналық материалдар мен биологиялық қорғаныс костюмдерінің де тапшылығы сезілуде. Елде ондай костюмдердің тәулігіне 30 мыңы шығарылады екен. Алайда соның өзі жетпей жатқанға ұқсайды. Сондықтан аспан асты елінің билігі оның шетелден сатып алмақшы.  

Ю Вэйцзюань, медбике:

– Мен дәрігерлердің мобилизациясына қатысып жатырмын. Көп ойланбай, бірден келістім. Меніңше, әрбір медициналық қызметкер солай ойлайтын шығар. Уханьда қанша болу керек десе, сонша қалатын боламын.

Чень Хао, дәрігер:

– Негізі келіспей тұрып, басыма түрлі жаман ойлар келді. Алайда науқастар мен әріптестеріме көмек көрсету бәрінен де маңызды. Еліміздің қауіпсіздігі әрбір тұрғынның қауіпсіздігіне байланысты. Уханьда жағдайы ауыр науқастар өте көп. Жағдай расымен күрделі.

Дәрігерлер келіп жатса, шетелдік азаматтар керісінше, кетуге асық. Мәселен, Жапония мен Франция билігі өз азаматтарын шұғыл эвакуациялау туралы шешім қабылдаған. Отанына оралғаннан кейін олар 14 күн бойы қабылдау орталығында дәрігерлердің бақылауында болады. Ал Моңғолия болса, тіптен Қытаймен арадағы шекарасын толық жауып тастады. Одан бөлек, сақтық шарасы ретінде мұнда мектептерде сабақ болмайды. Сондай-ақ адам көп жиылатын шараларды өткізуге тыйым салынды. «Қорғас» орталығы да 15 ақпанға дейін жабық болмақ. Ал түрлі мемлекеттердің туристік операторлары Қытайға жолдамаларды кері қайтаруда. Осы ретте Франция тарабы жергілікті компанияларға демалушыларды бұл бағыт бойынша жібермеуге кееңес беріп отыр. Аспан асты еліндегі ең ірі «Си-трип» туристік агенттігі саяхаттан тегін бас тарту бағдарламасын іске қосты. Осы ретте ғалымдар Қытайға барып қайтқан азаматтарға кеңес беруде.    

Фен Лужао, ғылыми қызметкер:

– Індет тіркелген аймаққа барып қайтқан адамдар тұрғылықты жері бойынша тиісті ақпаратты тіркеп, мүмкіндігінше еш жерге шықпау керек. Дәрігерлер олардың денсаулығын 14 күн бойы бақылауы тиіс. Күніне екі рет дене қызуы өлшеніп, оқшау және ауа жақсы желденетін бөлмеде жатқаны дұрыс. Егер медициналық мекемеге баратын болса, міндетті түрде нөмір 95-медициналық бетперде тағып жүруі шарт.

Коронавирустың тез таралуына инвесторлар алаңдаулы. Осы ретте Брент маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 60 доллардан да арзанға сатылып жатыр. Бірнеше апта бұрын ғана оның құны 70 долларға дейін көтерілген еді. Алайда Сауд Арабиясының энергетика министрі жақын арада жағдай қалпына келеді деп сенім білдіріп отыр. Айтуынша, 2003 атипті пневомния өршіген кезде де нарықта ұқсас жағдай бақыланған. Десе де бұл қара алтынға деген сұраныстың айтарлықтай төмендеуіне әкеп соқтырған жоқ дейді.

Ал Гонконг тұрғындары биліктің карантин жариялау ұсынысына қарсы ереуілге шықты. Басшылық жуырда салынып, әлі ешкім қоныстанбаған тұрғын үй кешендерін карантин аймағы және вируспен күресіп жатқан дәрігерлерге арналған жатақхана ретінде қолдану ойын айтқан. Алайда халық мұны қауіпті деп, шеруге шыққан. Ашынған жұрт құрылысы жаңа аяқталған бірнеше ғимараттың төменгі қабатына өрт қойған. Полицейлер көзден жас ағызатын газдың көмегімен жиылған жұртты таратқан.

Дон, студент:

– Билік өзге жер таңдаса болар еді ғой. Басқа бос орын қалмағандай. Адамдар тұратын аймақта вирусты жұқтырған науқастардың жатқаны дұрыс емес.

Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан алынған сынамаларды зерттеуден өткізген сарапшылардың хабарлауынша, эпидемияның тарауына жабайы аң саудасы әсер етуі мүмкін. Осы ретте Қытай жабайы жануарлардың саудасы мен тасымалына тыйым салды. Сондай-ақ тұрғындарға тиісті өнімдерді асқа пайдаланбауға кеңес берілді. Ал әзірге коронавирусқа қарсы дәрі ойлап табылған жоқ. Сондықтан мамандар індеттен қорғану үшін гигиена сақтаудан асқан тәсіл жоқ дейді. Яғни қолды жуып, медициналық бетпердені қолдануға кеңес беріп отыр.

Хабар 24 телеарнасы