377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан Қытайдан келетін ауылшаруашылық өнімдерінің импортын уақытша тоқтатты

  • 151
  • UPD: 08:37, 29.01.2020

Ол коронавирустың өршуіне байланысты қабылданған шешім.

Бұған дейін осы себепті аспан асты елінен ет жеткізуге де тыйым салынған болатын, хабарлайды «Хабар 24».

Алдын ала мәлімет бойынша, сауда эмбаргосы 1 ақпанға дейін жалғасуы тиіс. 

23 қаңтарда Қырғызстан билігі Қытаймен арадағы шекарасын толық жауып тастады. Коронавирустың тез таралуына байланысты келесі күні аспан асты елінен ет жеткізуге тыйым салынды. Негізі жыл сайын мұнда 20 мың тоннаға дейін сиыр, доңыз және құс еті импортталады екен.   

Мухаммедкалый Абылгазиев, ҚР премьер-министрі:

– 23 қаңтарда Қытаймен арадағы Торугарт-Иркештам шекаралық бекеті толық жабылған болатын. Бастапқыда бұл шешім көрші елдің жаңа жылды тойлауымен байланысты қабылданды. Алайда індеттің өршуі салдарынан тәртіпті күшейттік. Сөйтіп ауыл шаруашылық өнімдерінің импортын тоқтаттық.

Десе де, билік импорттың тоқтатылуы уақытша шара екенін айтады. Яғни жағдай тұрақтанғанша дейді. Енді ауыл шаруашылық министрлігінің өкілдері ахуалды саралап жатыр. Бір сөзбен айтқанда қай тауарды кіргізуге толық тыйым салу керек, ал қайсысын өзге елдерден жеткізуге болатынын шешуде. Сонымен қоса өнімдер қауіпсіздігі мен халықтың денсаулығы үшін жауапты барлық ведомстволар індетті бастапқы сатысында анықтауға дайындалып жатыр.

Космосбек Чолпонбаев, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Елімізде екі вирусологиялық зертхана бар. Олар халықаралық аккредитациядан өткен. Бұл мекемелердегі жабдық коронавирусты анықтауға қауқарлы. Бірақ қандай да бір қиындықтар туындаса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері көмек қолын созуға әзір екендерін жеткізді. Яғни сынама мен үлгілерімізді шұғыл талдау үшін шетелге жіберуіміз мүмкін.

Коронавирустың Қырғызстанға таралуын болдырмау бойынша шұғыл жұмыстарды арнайы құрылған үкіметтік штаб бақылайды. Сыртқы шекараның барлығында санитарлық-карантиндік бекеттер құрылған. Екі халықаралық әуежайда дене қызуы жоғары жолаушыларды анықтайтын арнайы тепловизорлар орнатылған. Барлық келушілер тексеріліп жатыр. Соның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азиядан келгендер жіті назарда. Ал Қытайдан республикаға әуе сапарлары уақытша тоқтатылды.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы