418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО Қырғызстан үшін жаңа нарықтар ашты

  • 449
  • UPD: 00:25, 30.01.2020

Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіргенде бұл елге берілген кейбір кедендік жеңілдіктердің күші жойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республиканың одақ талаптарына бейімделуіне арналған мерзім аяқталып, енді жергілікті өндірушілер еуразиялық регламенттерге сәйкес жұмыс істеуі тиіс. Бірақ бұған әлі барлығы бірдей дайын емес көрінеді.

Еуразиялық экономикалық одақ Қырғызстан үшін жаңа нарықтар ашты. Алайда одаққа мүшелік өндірушілерден үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бұл ең алдымен өнім сапасы мен қауіпсіздігі, техникалық сәйкестігі, жалпы қабылданған стандарттар және ақпараттық таңбалауға қатысты. Сарапшылардың пайымдауынша, Қырғызстан аумағында осындай қатал ережелер жоқ. Сол себептен жергілікті өндірушілердің тауарларын экспортқа шығаруға дайындығы төмен. 

Азамат Акенеев, экономист:

– Өндірушілеріміз сыртқы нарыққа шығуға тырысқанда, өздерін суда жүзе алмайтын адамды мұхитқа тастағандай сезінеді. Біз өз еліміз ішінде өндірушілерден белгілі бір стандарттар мен рәсімдерді сақтауды талап етуіміз керек. 

Контрабанда, жалған құжат пен пен заңсыз транзитке келетін болсақ, Қырғызстан тауар айналымындағы мұндай айлалармен күресті күшейтуі тиіс. Әйтпесе сыртқы саудалық операцияларына санкциялар салынып, жүк тасымалына шектеу қойылуы ықтимал. Сарапшылар жергілікті өндірушілерге еуразиялық үздік тәжірибені меңгеріп, тауар өндірісінен бастап тұтынушыларға жеткізуге дейін барлық үрдістерді мүмкіндігінше ашық жүргізуге кеңес беріп отыр. 

Кенешбек Акылбеков, Қырғыз экономикалық университетінің профессоры:

– Өндіруші ішкі және сыртқы нарықтағы өз тауарының қозғалысын білуі қажет. Сапасын жоғалтпай халықаралық нарыққа, ал кейін тұтынушыға жетуі керек. Осы іс бізде ақсап жүр. 

Қырғызстан экономикасындағы тағы бір өзекті мәселе – мамандардың тапшылығы. Сауда алаңдары, логистикалық орталықтар, сапа сертификаттарын беретін зертханалар. Осы мекемелерде арнайы мамандар жұмыс істеуі керек, алайда елдің жоғарғы оқу орындары тауартанушылар және өнімнің химиялық пен физикалық қасиеттерін білетін мамандарды оқытпайды. 

Авторлары: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы