423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Коронавирустан келген шығын АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының салдарындай болуы мүмкін

  • 1159
  • UPD: 00:01, 30.01.2020

40 миллиард доллар. Қытайдағы коронавирустан әлемдік экономикаға келтірілген потенциалдық шығын осыншаға бағаланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Тиісті мәліметті Би-Би-Си өкілдері келтіруде.

Корнавирустың жаңа түрінінің эпидемиясынан келтірілген материалдық шығын АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының шығынымен пара-пар болуы мүмкін. Сарапшылар осындай болжам жасап отыр.

Олар ең алдымен ойын-сауық, туризм және қоғамдық тамақтану салалары зардап шегіп отырғанын айтады. Мына бейнежазба соны айғақтайды. Бұл – коронавирус алғаш тіркелген Ухань қаласы. Көшеде бірен-саран адам.

Бейжіңде де сауда орталықтарындағы дүкендердің кейбірі жабық тұр. Ашықтарының өзінде кісі қарасы қалың емес. Тамақтану орындарында да ұқсас жағдай.

Хи Хайлонг, Бейжің тұрғыны

– Бұл жағдайдың ұлттық экономикаға әсер ететіні айдан анық. Қазір Жаңа жыл мерекесі. Алайда көріп тұрғандарыңыздай, көшеде адам аз. Жұрт үйде отыра бермей, сыртқа шыққысы келеді. Алайда бұл қауіпті.

Сюань Хунцян, Бейжің тұрғыны:

– Экономика, әрине, маңызды ғой. Алайда тұрғындардың денсаулығы мен коронавирустың алдын алу бәрінен де маңызды.

Аманда Ли, Бразилиядан келген саяхатшы:

– Менің көңілім болмай тұр. Өйткені бұл сапарды баяғыда жоспарлап қойған едім. Азияға алғаш келуім. Ұлы Қытай қабырғасын және басқа да қызықты орындарды көремін деп ойлап едім. Алайда жоспарларым жүзеге аспады Енді ертерек үйіме қайтамын. Жолым болмады. Өте өкінішті.

Шығынға батқан шетелдік туристер ғана емес. Билік ауру ошағы Ухань қаласына жақын зауыттарды уақытша жабу шешімін қабылдаған. Солардың қатарында «Самсунг» және «Эплмен» тікелей байланысты «Фокскон» бар. Аталған компаниялардың фабрикалары қазір уақытша жабық тұр.

«Старбакс» та сақтық қамына кіріскен. Компанияның Қытайда 4 мыңнан аса кофеханасы бар екен. Солардың жартысы уақытша жабылды. Шығынға батқандардар қатарында авиакомпаниялар да бар. Әлем бойынша әуе тасымалдаушылар аспан асты еліне сапарларын тоқтатып жатыр. Ал түрлі мемлекеттер эвакуация жұмыстарын жүргізуде.

Осы ретте бортында 200-ден аса АҚШ азаматы бар чартерлік рейс Уханьнан Аляскаға қонды.

Жанармай құйып алғаннан кейін ұшақ Калифорния штатына аттанады. Онда қонғаннан соң жолаушылар карантинде болады. Жапония билігі да Уханьдағы азаматтарын эвакауциялады.

Такео Аояма, жолаушы:

– Уханьдағы жағдай күн сайын өзгеріп жатыр. Жапон билігінің бізді ұшақпен алып кеткеніне көп алғыс айтамын. Жолаушылар ұшаққа отыра салысымен, бірден ұйықтап қалды. Шаршаған болар.

Такаюки Като, жолаушы:

– Уханьда вирусты жұқтырғандар саны күн санап артуда. Сондықтан бәрі бетперде тағуға мәжбүр.

Бетперде демекші, Қытайдың Тяньцзинь қаласындағы дәріхана оның бағасын 10 есеге көтеріп жіберген. Осыған байланысты билік мекемеге $432 мың доллар айыппұл салды. Негізі тұрғындар басқа дәріханаларда да бетперде құны шарықтап кеткенін айтып шағымдануда.

Шерил Лау, Гонконг тұрғыны:

– Дәріханадағы бетперделердің бағасы қымбат. Сапасы соған сәйкес болса екен, шіркін. Алайда олай емес. Екі қабаттан ғана тұрады. Жұп-жұқа.

Кристина Юки, қытайлық саяхатшы:

– Мен бетпердені осы Жапониядан сатып алым жатырмын. Өйткені Қытайда оның бағасы тым қымбат. Кішкентай бір қорабының өзі 100 юаньнның үстінде тұрады. Ал мұнда оның құны арзан. Әрі сатып алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ.

Иә, медициналық бептерде қазір Қытайда сұраныс ең жоғары тауарлардың бірі. Мамандар індеттен қорғану үшін оны міндетті түрде тағып жүруге кеңес беріп отыр. Сондай-ақ қолды жиі жуудың маңызды екенін тағы да еске салады. Қолда бар ақпарға сәйкес, індеттен 130-дан аса адам көз жұмған. Коронавирусты жұқтырғандардың саны 6 мыңға жуықтайды. Ал соңғы мәлімет бойынша, вирус алғаш рет Таяу Шығыста тіркелген. Оны Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратын қытайлық азамат жұқтырған.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Омарова

Хабар 24 телеарнасы