476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Коронавирус: Қытай құрылысы мамырда аяқталуы тиіс аурухананы 48 сағатта салып бітірді

  • 1419
  • UPD: 21:20, 30.01.2020

Соңғы тәулікте коронавирустан 38 адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қолда бар мәлімет бойынша індеттен 170 адам мерт болды. Ал вирусты жұқтырғандардың саны 8 мыңға жуықтады. Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екінші рет шұғыл отырыс өткізетін болып отыр.

Бірінші отырысы кезінде ұйым өкілдері коронавирусқа қатысты төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ деген қорытындыға келген болатын.

Алғашқы отырыс қорытындысы бойынша, қатысушылар әлем елдеріне індеттің таралуын болдырмауға қатысты кеңес берумен шектелген. Енді мамандар соңғы ахуалды қайта бағалайтын болады.

Ал соңғы мәлімет бойынша, Уханьнан чартерлік рейспен Токиоға жеткізілген 206 жапондықтың үшеуінің коронавирусты жұқтырғаны белгілі болды. Олар кеше ғана отанына оралған еді. Осы ретте күншығыс елінің премьер-министрі шекаралық бақылауды күшейту қажеттігіне тағы тоқталып өтті.

Синдзо Абэ, Жапония премьер-министрі:

– Тұрғындарымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету – ең басты мәселе. Сондықтан сақтық шараларын тағы бір деңгейге арттыру керек.

Ал ауру ошағы Ухань қаласына жақын жерден 1300 науқасқа арналған аурухана ашылды. Мекеме коронавирусты жұқтырғандарды қабылдап жатыр. Негізі жоспар бойынша көпсалалы емхананың құрылысы биыл мамырда аяқталуы тиіс еді. Алайда індеттің тез таралуына байланысты оны небәрі 48 сағаттың ішінде салып бітіп, жабдықтап үлгерген.

Уханьның өзінде де коронавирусты емдеуге арналған арнайы 2 аурухана құрылысы қызу жүріп жатыр. Оны мына кадрлардан көруге болады. Ректордтық көрсеткіштегі құрылыс жұмыстары тіпті онлайн трансляцияда көрсетілуде.

Қос емхана 3 және 5 ақпанда қолданысқа беріледі. Жоспар бойынша, біріншісі 1300 адамға арналған еді. Алайда ойлана келе, орындар санын 1600-ге дейін арттыру шешімі қабылданған. Онда 2 мыңнан аса дәрігер жұмыс істейтін болады. 

Аурудың тез таралуына байланысты Хубэй провинциясының билігі төтенше жағдай режимін енгізді. Атап айтқанда, карантинге тұрудан, емделуден және тексеруден өтуден бас тартқандар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Сонымен қоса өзге жерде жүрген Ухань тұрғындарына үйлеріне оралу үшін Қытай билігі бірнеше әуе тасымалдаушыға шаһарға рейс жасауға рұқсат берді. Өткен аптада бірқатар компания қаламен әуе қатынасын уақытша тоқтатқан болатын. Жалпы бұған дейін Қытай жаңа жылына орай Ухань тұрғындарының біразы өзге елдер мен қалалаларға саяхаттап кеткен еді. Енді көбі үйлеріне қайтуы тиіс. Өзге елдерге демалуға кеткен Бейжің тұрғындары да, демалыстан кейін отбасыларына қайтып жатыр.

БЛИЦ:

– Індетті жұқтыру қаупі бар деп ойлаймын. Алайда ұлттық деңгейде бақылау күшейтіліп жатыр. Билік бұл бағытқа жұмыс күші мен ресурстарды жұмылдыруда. Сондықтан бәрі бақылауда болуы тиіс деген үмітпен Бейжіңге қайтып келдім. 

– Менің көңілім тоқ. Вакцина жақын арада ойлап табылады деген үміттемін. Сондықтан жақындарыма оралдым.

Бейжің халқы осындай оптимистік болжамдар айтып жатыр. Індет ошағы Ухань қаласының тұрғындары да бірін-бірі қолдауға тырысуда. Осы ретте сыртқа шығудан қорыққан жұрт балконнан тұрып, бір-біріне демеу сөздер айтқан. Сөйтіп мойымауға шақыруда.

Хабар 24 телеарнасы