418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанның ауылындағы мектеп оқушылары қазақ тілін онлайн түрде меңгере алады

  • 450
  • UPD: 15:42, 02.02.2020

Қырғызстанның Манас ауылындағы мектеп оқушылары қазақ тілін онлайн түрде меңгере алады. «Отандастар» қоры бұл білім ұясына Қазақстандағы оқытушылармен интернет-конферециялар өткізуге мүмкіндік беретін компьютерлік құрал-жабдықты сыйға тартты. Қазір оқу ордасында 240 қазақ баласы білім алуда.

Лицейде 1600 оқушы білім алады. Бұл Шу облысының Сокулук ауданындағы ең ірі оқу орындарының бірі. Манас ауылында тұратын 240 қазақ баласы да осында оқиды. Өткен жылы лицей білім сапасы бойынша аймақтық сайыста екінші орынды иеленген болатын. Мектепте бірқатар пәндерге маманданған сыныптар бар. Енді қазақ тілі кабинеті де пайда болды.      

Орозали Камиев, қамқоршылық кеңесінің мүшесі:

- Бұл үлкен жетістік, заманымызбен қатар келе жатырмыз. Онлайн керемет ғой. Қашықтық да бөгет емес. Қазақстан елшілігі осындай құрал-жабдық орнатқанына ризамын.  

Арнаулы құрал-жабдық, ағылып түсіп жататын ақпаратты өңдейтін қуатты компьютер, кескін анықтығы жоғары бейнекамера, интернет модем және кеңформатты монитордан тұрады. Бұл техника Қазақстанның кез-келген қаласындағы оқытушылармен онлайн-конференция орнатып, оны жоғары сапамен өткізуге мүмкіндік береді. Енді мектеп басшылығы осы арқылы қазақ әріптестерінен Абайға қатысты тарихи деректер сұрастырып, оны оқушыларға көрсетпек. 

Маржак Искакова, мектеп директоры:

- Балаларымыз ұлы қазақ ақынының шығармашылығымен таныса алады. Оның туындыларының арқауымен түсірілген фильмдерді көруге, өлеңдерін тереңінен талдауға мүмкіндік молайды. Көп пайда әкеледі деп ойлаймын. 

Лицей ұжымы кемеңгер ойшылдың шығармашылығымен жақсы таныс. Қара сөзі мен өлеңдерін оқып, әндерін жиі шырқайды. Енді осы білімді одан әрі тереңдету міндет. Осыны ескерген Қазақстан елшілігі мектеп кітапханасына Абайдың өмір жолын баяндайтын қазақ және орыс тілдерінде шыққан кітаптарды табыстады.  

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы