431,03 474,00 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Парижде озық экологиялық технологиялар көрмесі өтіп жатыр

  • 347
  • UPD: 18:33, 02.02.2020

«Forum change now» деп аталған бұл шараға әлемнің түрлі елдерінен бір мыңдай стартап қатысуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басты тақырып – қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты даму.

Көрмеге қатысушылар жаңа технологиялар ендіру арқылы тұрақты дамуды қамтамасыз етуге болады деп санайды. Бұл форум осы шешімдердің тұрмыста қолданылуын барынша тездетуді көздеп отыр. Мысал, жүгері, бамбук пен биополимерлерден жасалған смартфондар қаптарын алайық. Қолданыста берік болуымен қатар мерзімі біткеннен кейін оңай ыдырап кетеді. Оны ұялы телефондарға арналған аксессуарлар жасаумен маманданған жетекші компаниялардың бірі шығарады. Өндірісінде дәстүрлі пластиктің орнына биополимерлерді қолданған. Тәуекелге барғанымен, бұл қадамы табысты болды.  

Стефан Бобо, ұялы аксессуарлар шығаратын компанияның президенті:

– Осыған жету үшін бірнеше ай бойы зерттеулер жүргізіп, бір жылдан аса сынақтан өткіздік. Осының арқасында қазір өнімдерімізді бұрынғы бағамен шығаратын болдық. Тұтынушыларымыздың да бұл өзгерістерді жақсы қабылдағанын байқадық.

Сәнді киім өндірісі - табиғи қорларды ең көп тұтынатын салалардың бірі. Соңғы кезде бұл салада да оң өзгерістер байқалады. Ескі заттардан жаңа өнімдері шығара бастады. Мысалы, қайта өңделген матадан джинсы тігіп, аяқ киім табанын автокөлік дөңгелектерінен жасайды. Тіпті зергерлер де экологиялық өнімдерді шығара бастады. 

Лоис Лекомт, зергерлік үйдің баспасөз хатшысы:

– Тұтынушылардың талабы өзгеріп жатқандықтан, люкс өндірісі де өзгеруге тиіс деп санаймын. Жас француздар экология мен қоршаған ортаға саналы түрде қарайды, сол себептен люкс тауарлары да өзгеріп келеді.

Сыртынан ерекшелігі байқалмайтын бұл заттардың өз сыры бар. Гауһартастарды зертханада өсірсе, алтынды тозған электроникадан алады. Көрменің алғашқы күні бизнес кездесулер мен жаңа технологияларды ілгерілетуге арналса, екінші күні жаңа технологиялар халық назарына ұсынылды.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы