437,98 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус: бірқатар елде тауар экспорты азайып, азық-түлік тапшылығы сезілді

  • 466
  • UPD: 11:06, 05.02.2020

Іргеміздегі Ресейде де жағдай оңып тұрған жоқ. Ет пен сүттің бағасы биыл мұнда 10-12%-ке қымбаттауы мүмкін.

Бұл туралы Ресей үкіметі жанындағы сараптамалық орталық мәлімдеді. Жалпы соңғы уақытта бірқатар елде азық-түлік бағасы, жанармай, коммуналдық қызмет, тұрғын үй қымбаттаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған түрлі себептер түрткі болып отыр. Әлемді алаңдатқан вирус пен саяси мәселелердің де ықпалы бар бұл жерде.  

Ресейден бөлек, Украинада коммуналдық қызмет құны өсіпті. Ливанда дағдарыс салдарынан азық-түлік қымбаттаған. Ал, Германияда бағаның құбылуына байланысты фермерлер ереуілге шықты.

2020 жылы ет пен сүт 10-12%-ке, шоколад өнімдері 5-7%-ке, қарақұмық 5-6%-ке қымбаттауы мүмкін. Ресей үкіметі жанындағы сараптамалық орталықтың макроэкономикалық басқармасы осындай болжам жасады. «Оған себеп – газ, электр жарығы сынды өндіріске қажетті қызмет түрлері құнының өсуі», - дейді мамандар. Мәскеу осылайша, болжам жасап жатқанда, бағаның қымбаттауы Қиыр Шығыстағы тұрғындардың қалтасын қақты. Қытаймен шекаралас Хабаровск өңірінде коронавирус салдарынан тауар экспорты азайып, азық-түлік тапшылығы сезілді. Нәтижесінде баға шарықтап кеткен.

Блиц 1:

Дефицит сезіліп тұр. Әсіресе, көкөніс сөрелері бос тұр. Барлығы қымбат.

Блиц 2:

- Не қияр, не қызанақ қалмаған. Қытайдан әкелінетін азық-түліктер тапшы. Сәбіз жергілікті өнім болып жанымыз қалды.

Қауіпті кеселдің өршуіне байланысты қазір Ресей Қытаймен шекарасын жауып тастаған. Ал, Хабаровск жақын болғандықтан, азық-түліктің бір бөлігін осы көршілес елден тасмалдайтын еді. Енді шектеуге байланысты тапшылық бірден сезілді. Владивостоктағы жағдай да осындай.

Одан бөлек, Украинада 1 ақпаннан бастап коммуналды қызмет тарифтері өсті. Газ 10%-ке қымбаттаған. Ал, интернет провайдер мен кабельді телеарнаны пайдалану қызметі 20-40 гривенге өсті. Украина интернет қауымдастығының айтуынша, бағаның құбылуына материалдарға кететін шығынның көбеюі себеп болған.

Экономикалық дағдарыс салдарынан Ливандағы инфляция деңгейі 30%-ек артқан. Күн санап азық-түлік пен өзге де тауар бағасы шарықтап барады. Айналымда америкалық доллар азайып, ливандық фунт көбейген. Бұл дегеніңіз, инфляцияның өсуіне тікелей әсер етеді деген сөз.

Блиц 1:

Дүкендерде азық-түлік тапшы. Баға кемінде 40%-ке өсті. Бұл реформаның емес, елді жайлаған жемқорлықтың кесірі.

Блиц 2:

- Тұрмыста жиі пайдаланатын заттар өте қымбат. Мәселен, күнделікті кір жуып, үй жинауымыз керек. Соған қажетті заттарға қалта көтермейді.

Шығыс Африка да азық-түлік дағдарысына тап болды. Өңірде шегіртке қаптап, егінді күйретіп барады. Халықаралық мамандар «онсызда қуаңшылықтан зардап шеккен өңір шегірткеден кейін екі есе шығынға батады», деп отыр. Айта кетейік, мұнда жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылық салдарынан кемінде он миллионнан астам адам зардап шегеді.

Эстер Китука, фермер:

Осы егін-жайдан күтеріміз көп еді. Биылғы жылға екінші түсім. Сәуірдегі жинақ дұрыс шықпады. Енді бұл жолы шегіртке егіннің тас-талқанын шығарса, біз жылдың соңына дейін аш қаламыз.

Ал, Германияда керісінше азық-түлік арзандаған. Бұған фермерлер наразы. Сөйтіп, өнімнің шығынын жаба алмаған шаруалар ереуілге шықты. Алыпсатарлар болса, тұтынушыларды тарту үшін тауар құнын одан сайын төмендетуге мәжбүр. Германия Канцлері Ангела Меркель бұл орайда тараптарға тиімді болатындай, нарықтағы бағаны реттеуге шақырды.

Жалпы, бұл елдердегі бағаның құбылуы ішкі мәселелерге байланысты болғанымен, жаһандағы соңғы оқиғалар экономикаға әсер етпей қоймасы анық. Оның қатарында, қауіпті кесел – коронавирус, жыр болған – брексит, алыптардың текетіресі – сауда соғысы бар. Мәселен, 2003 жылы Қытайдан шыққан індеттен әлем экономикасына 40 млрд доллар шығын келген еді. Биылғы вирус бірден қара алтын құнына әсер етті. Себебі, Қытай тәулігіне 14 млн баррель тұтынатын ең алып импорттаушы елдердің бірі.

Хабар 24 телеарнасы