375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Financial Times: Қытай коронавирус жұқтырғандардың нақты санын жасырған

  • 460
  • UPD: 20:14, 05.02.2020

Қытай билігі коронавирус өршіп тұрған шақта оны жұқтырғандардың нақты санын жасырып бағыпты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы Джон Маккензидің осындай мәлімдеме жасағанын Financial Times басылымы хабарлайды. Сарапшының айтуынша, қаңтарда ауру ошағы Ухань қаласында маңызды саяси кездесулер өтіп жатқан. Билік сол себепті нақты сандарды жасырса керек. Жалпы коронавирусқа қатысты әлемдегі соңғы ахуал қалай?

Бұл ұшақ Жаңа Зеландияға ауру ошағы Уханьннан ұшып барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бортында 200-дей адам бар. Дені – жаңазеландиялықтар. Одан бөлек, тағы 11 елдің азаматы бар. Жалпы билік адам одан да көп болады деген. Алайда рейске тіркелген 60-қа тарта жолаушы әуежайға келмей қалыпты. Тағы бір кісі медициналық тексеру кезінде өзін нашар сезініп, рейске жіберілмеген. Елге жеткізілгендердің ешбірінде әзірге вирус анықталған жоқ.

Есесіне Жапонияда карантинге жіберілген круиздік лайнерде 10 адам коронавирус жұқтырған. Соған байланысты кеме екі апталық саяхатын мерзімінен бұрын аяқтап, Йокогама портына келіп тоқтады. Билік 3700 адамды оқшаулады. Тағы 100 азаматқа қатысты сараптама нәтижелерін күтіп отыр.    

Кацунобу Като, Жапония денсаулық сақтау министрі:

– Вирусқа тексерілген 273 жолаушының 31-інің сынамасы қайта тексеруге жіберілді. Олардың онында тест оң нәтиже көрсеткен. Сондықтан карантин қызметінің өкілдері мен Жапонияның жағалау күзеті бұл азаматтарды Канагава префектурасындағы медициналық мекемеге жеткізді.

Ал бұл – Қытайдың Макао арнайы әкімшілік ауданы. Мұнда вирустың тез таралуына байланысты барлық казинолар жабық тұр. Енді олар алдағы екі апта жұмыс істемейді. Одан бөлек, Макаода көлік қатынасы да шектелген. Біраз өнеркәсіп жұмысын уақытша тоқтатты. Билік тұрғындарға мүмкіндігінше сыртқа шықпауға кеңес беріп отыр.  

Жухай, жергілікті тұрғын:

– Казиноларды жабу маған ғана емес, бүкіл аймаққа әсер етіп жатыр. Мысалы, мен мейрамханада жұмыс істеймін. Жаңа жылға орай азық-түлік қорын көбейтіп қойған едік, ойынханалардың жабылуынан тұтынушылар азайып, кәсібіміз жапа шегуде.

Америкалық «Дисней» компаниясы да шығындарын есептеп жатыр. Шанхай мен Гонконгтағы «Диснейлэнд» ойын-сауық парктері уақытша жабылған. Компания 175 миллион доллар шығынға батты.

Вирус Гонконгтағы ауруханаларға да кері әсерін тигізді. Мұнда апта басынан ереуілдер толастамай тұр. Медициналық қызметкерлер құрлықтық Қытаймен арадағы шекараны толық жабуды талап етіп отыр. Өйткені сол ереуілдердің кесірінен жергілікті ауруханалар көрсетілетін қызмет түрін де қысқартып тастады.   

Ширли Вонг, медбике:

– Біздің наразылық акциямыздың кесірінен ауруханадағы жұмыс тоқтап қалған шығар. Бірақ ереуілге шықпай, емханада отыра берсек, мұның салдары одан да жаман болуы мүмкін еді. Билік шекараны жабуы керек.

Жалпы соңғы мәлімет бойынша, коронавирусты жұқтырғандардың саны 24 мыңнан асады. 493 адамның көз жұмғаны белгілі. 900-дан аса азамат індеттен айыққан. Қытай эпидемиямен күреске роботтарды жұмылдырып отыр. Гуанчжоу қаласының көшелерінде камера мен тепловизоры бар роботтар күзетіп жүр. Олар тұрғындардың дене қызуын өлшеп, бетпердесіз жүргендерді бірден анықтайды. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы

Хабар 24 телеарнасы