376,74 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та Дональд Трампқа қарсы импичмент қолдау таппады

  • 127
  • UPD: 12:16, 06.02.2020

АҚШ Сенаты ел президенті Дональд Трамптың импичментіндегі баптарға қатысты дауыс берудің соңғы кезеңін өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайлау қорытындысы бойынша сенаторлардың басым бөлігі импичментке қарсы дауыс берді. Осылайша, Ақ үй басшысы тағылған екі айып бойынша ақталып шықты.

 

Импичмент: демократтардың бәсекесі сәтсіз аяқталды

АҚШ-та жыр болған импичмент үдерісі демократтар үшін сәтсіз аяқталды. Осылайша, сенаторлар бұл іске қатысты соңғы нүкте қойды. Естеріңізге салайық, күні кеше ғана АҚШ сенатта Ақ үй басшысының импичментіндегі баптарға қатысты дауыс берудің соңғы кезеңі аяқталды. Шара жергілікті уақыт бойынша төрт кезінде болды. Заң бойынша АҚШ президентін қызметінен босату үшін сенаторлардың үштен екісінің дауыстары қажет еді. Алайда демократтар діттеген мақсатына жете алмады. Сайлау қорытындысы бойынша Трампқа қарсы тағылған екі айыптың бірін 48 сенотор қолдаса, 52-сі қарсы шықты. Ал екінші айып бойынша 47 сенатор қолдап, қалған 53 сенатор қарсы дауыс берді.

Джей Секулов, Д.Трамптың қорғаушысы:

- Президентіміз жеңді. Конституциямыз жеңді. Мен үшін ең бастысы осы еді. Импичмент процесі аяқталды. Бәрі артта қалды.

 

Импичмент неден басталды?

Естеріңізге салайық, Трампқа қатысты импичментіне оның өткен жылы Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен диалогы түркі болды. Онда Трамп Зеленскийден 2020 жылғы президенттік сайлаудағы негізгі қарсыласы Джо Байден отбасының ісіне қатысты тергеу амалдарын жүргізуді талап еткен. Осылайша, Ақ үй басшысына «өз өкілеттігін асыра пайдаланып, конгресс жұмысына кедергі жасады» деген екі айып тағылды. Трамптың командасы мен оларға қарсы тұрған демократтарға сот процесі шеңберінде айғақтары мен дәлелдерін келтіру үшін екі жаққа да 3 күннен уақыт берілді. Кейін 16 сағат ішінде сенаторларға сөз беріліп, осы іске қатысты сұрақтар қойылып дауыс берілді.

Джо Манчин, сенатор:

Мен өз дауысыма нақты сенімдімін. Оған Конгресте негізделген нақты айғақтар мен куәгерлер себеп болды. Сот процесі барысыда Трамппен Зеленский арасындағы әңгімесінің стенограммасын жан-жақты зерттеп, талқылап шықтық. Сол себепті қолда бар дәлелдерге қатысты шешім қабылдап, дауыс бердім.

Митч Макконнелл, Республикашылдардың жетекшісі

- Шынымды айтсам, таңғалдым. Командамызбен жақсы жұмыс атқардық. Істі соңына дейін абыроймен аяқтадық. Бүгін еңбегіміздік жемісін көрдік. Енді президенттік сайлауға дейін әлі талай атқаратын жұмыс бар. Әрине, қиыншылықтар болады. Бірақ жұмыла көтерген жүк жеңіл.

 

Н.Пелоси: Республикашылдар конституцияға сатқындық жасады

Демократтар болса, бұл шешіммен келіспеді. Импичмент қорытындысы мәлім болғаннан кейін АҚШ конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси республикашылдарды «ел конституциясына сатқындық жасады» деп айыптады. «Ал Д.Трамп мемлекеттің демократиясына қауіп төндіреді», деді.

Нэнси Пелоси, АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері:

- Өкінішке орай Сенаттағы Республикашылдар Конституциямызға сатқындық жасай отырып, елдің демократиясына қауіп төндіруде. Осы әрекеттері арқылы жеке үстемдігі заңнан биік екенін көрсетті деп қабылдаймыз. Президенттің заңсыз әрекеттерінен қорғауға лайықталған Конституциядан не қайыр?

 

Сарапшы: Импичменттің пайдасы бар

Саясаткерлер импичмент ісінде Трамптың жеңіске жететіні әу бастан-ақ түсінікті болғанын айтады. Өйткені сенаторлардың басым бөлігін республикашылдар құрап отыр. Сарапшылар болса, бұл импичмент қорытындысының алдағы президенттік сайлауда Трамптың өзіне пайдалы болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Джули Пейс, Вашингтондағы Associated Press бюросының басшысы:

- Бұл Дональд Трамп үшін үлкен жетістік. Саяси дода науқанында қызметінен айырылмай, өз орнында қалуы маңызды болды. Енді президенттік сайлауда халықтың сеніміне кіре алу мүмкіндігі бар.

Дональд Трамп биыл қайтадан президент сайлауына түспекші. Ал кеше Трамп үш жыл ішіндегі АҚШ-тың жетістіктері туралы айтып, экономика мен қауіпсіздікті нығайту саласындағы мәселерге тоқталды. Президенттік сайлау болса осы жылдың 3 қарашасында жоспарланып отыр.

Хабар 24 телеарнасы