414,13 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде коронавирус кесірінен қытайларды кемсіту көбейді

  • 578
  • UPD: 22:02, 06.02.2020

Канадалық журналист твиттерге жариялаған посты үшін жұмыстан қуылды. Тілші өзінің азиаттық шаштаразшымен түскен фотосын жүктеп, астына «бүгін шашымды қидырғаннан басқа, ештеңе жұқтырмаған шығармын» деген пікір қалдырған. Ізінше, журналист қатаң сынға қалады. Интернеттен постын өшіргенімен жұмыстан қуылады.

Жалпы коронавирус салдарынан қытайларды кемсіту Францияда өрши түскен. Өңірде вирус жұқтырғандар туралы ақпар тарағаннан бастап, жергілікті тұрғындар азиаттық келбеттегі азаматтарға күдікпен қарайтын көрінеді.   

Сан Лай Тан, суретші:

- Таңертең жұмысқа барайын деп, метроға міндім. Орындыққа отырған едім, қасымдағы азамат тұрып кетті. Өзге жолаушылар маған қарап, беттерін орамалмен бүркей бастады. Бұл маған оңайға соқпады. Бұлай істеуге бола ма? Барып тұрған ксенофобия бұл. Індет Қытайдан шықса, азиаттық келбеттілердің бәрі вирус таратады деген сөз емес! 

Парижде қытайлық азаматтарға қатысты кемсітушілік тіпті бизнеске де әсер еткен. Шығыс дәмдерін ұсынатын мейрамхана иелері кәсіптерінің тоқтап қалғанын айтады. Инстаграмда болса, нәсілшілдікке тап болғандардың арнайы хештегі пайда болды. «Біз вирус емеспіз» деген атаумен мыңнан астам фото жүктелді. Одан бөлек куәгерлердің оқиғасы да жазылған. Мәселен, қытайлық студентке сатушы күдікпен қарап, көкөністерін ұстамауын талап етіпті. Париж көшелерінде өршіген бұл мәселеге байланысты жергілікті билік өз азаматтарын қатаң сынға алды. 

Анн Идальго, Париж мэрі:

- Қытай елі мен халқына қиын шақта қолдау білдіргіміз келеді. Әрқашан да достық пен ынтымақтастық қарым-қатынаста болайық. Серіктестігіміз дамып, тереңдей түссін.  

Бұл арада Даймонд Принцесс круизді лайнерінде коронавирус жұқтырғандардың саны 20-ға жетті. Бұл туралы Жапония денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Жергілікті билік круизді карантинге қойды. Онда екі жарым мың жолаушы мен, мың бір жүз экипаж мүшесі бар. 20 ақпанға дейін лайнер Иокогама порттық терминалында тұрады. Онда өзге кемелерге жол жабық. Портқа өтуге жедел жәрдем мен медицина қызметкрелеріне ғана рұқсат етілген. 

Хироко Оцубо, Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің өкілі:

- Тағы да 10 адамнан коронавирус анықталды. Науқастар Канагавадағы медициналық орталыққа жеткізіледі. Төртеуі жапондық. Екеуі АҚШ, екеуі Канада азаматтары. Біреуі Жаңа Зеландиядан, тағы бірі Тайваньнан. Инфекция тарап кетпеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз.

Бүгінде коронавирустан көз жұмғандардың саны 590-нан асты. Әлем бойынша қауіпті кеселді 28 мыңнан астам адам жұқтырған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індетті халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялады. Сондай-ақ, ұйым әлемдік қоғамдастықтан вируспен күрес үшін 675 млн АҚШ долларын бөлуді талап етті. Қаражат вакцина ойлап тауып, сынақтама жүргізуге жұмсалмақ. Бүгінде әлем елдерінің ғалымдары коронавирустан емдеп жазатын дәрі іздеуге кіріскен. Дегенмен, вакцинаны ойлап табу үшін уақыт қажет дейді мамандар.  

Грегори Гленн, ғалым:

- Жалпы жаңа вакцинаны ойлап тауып, оған лицензия алу үшін 8-10 жылдай уақыт кетеді. Эболаға қарсы дәріні 4 жыл ішінде шығару тарихтағы жетістік болған.  Қазір вирустың жылдам тарап жатқанын көріп, уақыттың тапшы екенін түсінеміз. Дегенмен, толықтай емдеп жазатын дәрі-дәрмек үшін уақыт қажет. 

Сондай-ақ мамандар қазір коронавирустың жаңа түріне ат қоюға кірісті. Қауіпті кесел бүгінде былай аталады. Пайда болған жылы Эн әріпі және коронавирус сөзінің қысқарған түрі. Дегенмен, бұл атауды жеткізу мүмкін емес. Сондықтан мамандар вирусқа жаңа ат қоймақ. 

- Әлемдік экономикаға вирус қалай әсер етті деген сұрақ туындайды? 

- Еуропалық орталық банк басшысы  Кристин Лагард коронавирустан әлем экономикасына келетін қауіпті сауда соғысымен тең деп отыр. Бірақ ресми Бейжің індеттен экономикаға аса қауіп келмеді деген мәлімдеме жасады.

Хабар 24 телеарнасы