378,36 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада қыстың жылы болуынан өсімдік әлемі мен құстар зардап шекті

  • 126
  • UPD: 14:09, 12.02.2020

Биыл Украинаның қысы жылы болып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Күндізгі ауа температурасы нөлден жоғары. Киевтіктер қытымыр аяз бен қалың қарды осы жылы көрген емес. Қалыптан тыс жағдай өсімдік әлемі мен құстарға зиянын тигізген.

Күндізгі ауа температурасы +2,+4 градус жылы, түнде -1, -5 градус қана суық. Желтоқсан, қаңтар және ақпандағы Киевтің орташа ауа температусы осындай. Күн райы қарлы емес көбіне жаңбырлы. «Украинаның өңіріндегі жағдай да осыған ұқсас, биыл қалың қар елге келген жоқ, зардабын құстар тартып жатыр», – деп дабыл қағады экологтар. Жылы қыстың салдарынан бәйшешек гүлдей бастаған, кей құстар тіпті биыл жылы өңірге ұшқан жоқ.

Наталия Гозак, «Экодия» қоғамдық ұйымының директоры:

– Өкінішке қарай, мұның барлығы өсімдік пен жануарларға жағымсыз әсер беріп жатыр. Биыл желтоқсан жылы болды, нәтижесінде Украинаның оңтүстік аймағындағы жыртқыш құстар наурызда салатын ұясын желтоқсанда салды. Биыл құстар жылы жаққа ұшқан жоқ, мысалы, қызғылт пеликандар елде қалды. Бұл құстар үшін қалыпты жағдай емес.

Қыстың жылы болуына байланысты Украина электр қуаты мен көмір өндіруді айтарлықтай қысқартқан екен.  Алайда, бұл коммуналдық төлем мен азық-түліктің бағасына еш әсер еткен жоқ.  Жалпы Украина соңғы екі жылда 3 млдр квт/сағат қуат үнемдеген екен.

Дмитрий Сидоров, газ нарығы саласының сарапшысы:

– Аномальді қыстың салдарынан қуат пен көмірді тұтыну азайды. 2019 жылы тұтынған электр қуаты 2018 жылмен салыстырғанда 2 пайызға, көмір өндірісі 6 пайызға қысқарды. Өйткені жылы ауа райы артық қуатты жоғалтпауға мүмкіндік береді. Сондықтан қуат пен көмірді тұтыну айтарлықтай қысқарды.

Экологтар Украинадағы жылы қысты жаһандық жылынумен байланыстырады. Адамзат қолымен жасалған өнеркәсіптік революция: жаппай салынған зауыт пен фабрикалардың көмірқышқыл газдары әлем температурасын жылыта түсті. Салдарынан Жердегі орташа температура 1 градусқа көтерілген екен. Ғаламдық жылыну көмірқышқыл газынан бөлек табиғатқа тонналап төгілген қоқыстың кесірінен де үдеп келеді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы