412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертең Мюнхен қауіпсіздік конференциясының 56-шы отырысы басталады

  • 438
  • UPD: 22:17, 13.02.2020

Еуроодақ пен НАТО-ның болашағы, киберқауіпсіздік, адамзат денсаулығы, жалған ақпараттар ағынымен күрес. Қазір адамзатты алаңдатып отырған тақырыптардың бір парасы осы, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ертең жұма күні Германияның Мюнхен қаласында 56-шы Мюнхен қауіпсіздік конференциясы өтеді. Оған әлемнің 74 мемлекетінің өкілдері қатысып, осы мәселелерді тағы бір мәрте талқылайды, шешімін іздейді.

Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысуға Франция президенті Эмануель Макрон, Катар әмірі Шейх әль-Тани, Польша, Латвия, Әзербайжан елдерінің басшылары келеді. Бұл форумға қазақстандық делегацияны Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастап барады. 

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Әлем қауіпсіздігіне төнер қауіп күшейген сайын оны талқылайтын алаңдар да көбейіп келеді. Бірақ, Мюнхен конференциясы солардың ішіндегі ежелгісі әрі беделдісі деуге әбден болады. Жыл сайын президенттер бастап, саясаткерлер мен дипломаттар қоштап Мюнхенге мәмілесуге жиналады. Биыл да бұл дәстүр бұзылмады. Осымен 56-шы мәрте өтетін Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы ауқымы мен маңызы жағынан жылдағысынан кем түспейтін түрі бар.

Дәстүр бойынша конференция Мюнхеннің дәл ортасында орналасқан «Бавар сарайы» атты мына бесжұлдызды қонақ үйде өтеді. Алдағы үш күнде 170 жылдың тарихы бар зәулім ғимарат маңызды меймандар тұрақтайтын орынға айналады. Демек, полиция қызметкерлерінің де жұмысы қызады. Себебі, әлем қауіпсіздігін талқылайтын тұлғалардың қауіпсіздігін қамту міндет.  Бұл күндері «саясатқа араласпаймын» дейтін баварлықтың өзі бұл конференция туралы пікірін айтудан бас тартпайды. Себебі, шынымен қауіпсіздік адамзат үшін басты құндылыққа айналып бара жатыр.

Блиц:

– Мен Мюнхенде 50 жылдан астам тұрамын. Қалада болып жатқан кез келген іс-шара менің назарымнан тыс қалмайды. Әрине, мұндай үлкен конференциялар жергілікті тұрғындар үшін кейбір ыңғайсыздықтар тудырады. Баратын жерге жету қиындай түседі. Бірақ, тұтас адамзаттың қауіпсіздігі менің туған қаламда талқыланып жатқаны қуантады. Себебі, біздің барлығымыздың жалғыз ғана тілегіміз әлем тыныштығы, адам қауіпсіздігі болуы тиіс.

– Мен үшін қауіпсіздік – бірдеңемді ұрлап, не мені өлтіріп кетеді деп қорықпай көшеде еркін жүру. Өзіңнің елінде, өзге де елде еркін өмір сүру. Мемлекет басшылары жеке қызығушылықтарын ғана емес, әлем тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін шындап ойлауы тиіс.

– Біз Үндістаннан келдік. Біз саяхаттағанды жақсы көреміз. Біз баратын елдердің менің отбасым үшін қауіпсіз болғаны керек. Қауіпсіздіктің де қарапайым ережелері бар. Мысалы, көлікте қауіпсіздік белдігін тағуды ұмытпау немесе ішімдік ішпеу.

Ертең басталатын конференцияда Еуроодақ пен НАТО-ның болашағы, АҚШ, Ресей Федерациясы, Қытай және басқа елдер арасындағы өзара қарым-қатынас, Таяу Шығыстағы жағдай, ядролық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік, денсаулық сақтау мәселелері, жалған ақпарат, сауда соғыстары мен санкциялар секілді салмақты тақырыптар талқыланады.

Басқасы басқа, дәл осы әлем қауіпсіздігі мәселесіне келгенде Қазақстанның қалыс қалмайтыны анық. Биыл бұл конференцияға біздің делегацияны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастап келеді. Бұған дейін Сенат спикері ретінде конференцияға келген еді, енді Қазақстан Президенті ретінде қатысқалы отыр. Бұл сөзсіз, Қазақстанның бітімгершілік бастамаларын нықтай түседі.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Конференция сонау 1962 жылдан бері үзбей өтіп келеді. Алғашқы конференция Кариб дағдарысын шешуге арналған деседі тарихта. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де Мюнхен қауіпсіздік конференциясына арқау болатын адамзат проблемасы азайған жоқ. Өкініштісі сол, азаймайтын да секілді. Себебі, ертеңгі конференцияға сол әлем қауіпсіздігін қамтамасыз ететін саясаткерлердің біразы қатыспайтын болды. Атап айтқанда, Ресей президенті Владимир Путин, Ангела Меркель мен Си Цзиньпиннің Мюнхенге келмейтіні хабарланды.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов және Айдос Серікболұлы, ПТРК

Хабар 24 телеарнасы