423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арменияда көлік сатушылар саудаға ақша алу үшін үйлерін кепілге қойған

  • 531
  • UPD: 17:13, 14.02.2020

Армения сырттан әкелетін көліктерге енді салық жеңілдіктерін ұсына алмайды. Бұл туралы ел премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян мәлімдеді. Қазақстан азаматтары осы елден көлік тасығаны белгілі. Қазір Армения тұрғындары қиындыққа тап болып отыр. Өйткені кейбіреуі үйлерін кепілге қойып, машинаны несиеге алған көрінеді. Енді сауда тоқтап, тығырыққа тірелді.

Депутат Микаэль Мелкумянның сауалына Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян автокөлік импортына жеңілдіктер беру мәселесі енді тақыланбайды деп жауап берді. «Гүлденген Армения» партиясының депутаты таяуда Автоимпортерлер қауымдастығының өкілдерімен кездескен болатын. Парламент мәжілісінде ол үкіметке қосымша құн салығының мөлшерін азайтуды ұсынды. Арменияда ол 20 пайызды құраса, Қазақстанда 12 пайыз. Сондай-ақ депутат Арменияда машина экспортын заңды тұлғалар арқылы жүргізу керектігі туралы ұсыныс жасады. «Гүлденген Армения» партиясының мәліметінше, елде автокөліктер импорты және саудасымен 15 мыңдай адам айналысады. 

Микаел Мелкумян, Армения Ұлттық жиналысының депутаты:

- Өткен жылы шетелден 189 мың көлік әкелінді, оның 22 мыңнан астамы Қазақстанға, ал 37 мыңы Ресейге экспортқа шығарылды. Бұл ел аумағында 130 мыңнан аса көлік қалғанын білдіреді, оның көбісі сату үшін әкелінген. Бұл мақсатта несие алған азаматтарымыз қиын жағдайға тап болып отыр. 

Мгер Григорян бұл көліктер Арменияда шығарылса, өз өндірісінің мүдделерін қорғауға тырысуға болар еді деп жауап берді. Сондай-ақ елге берілген бұл салық жеңілдігінің әлеуметтік сипатына ерекше назар аударды. 

Мгер Григорян, Армения премьер-министрінің орынбасары:

- Еуразиялық экономикалық одақ аясында Арменияға бұл жеңілдік әлеуметтік тұрғыдан берілген болатын. Сауда жасап, пайда табу үшін емес. Автокөліктердің өз өндірісі бар одақтағы елдер бұған ешқашан да келіспейтінін бәріміз де жақсы білеміз. 

Мгер Григорянның айтуынша, келіссөздер нәтижесінде Қазақстан тарапы кеден салықтары айырмашылығын төлеу мерзімін ұзартуға келісті. 

Мгер Григорян, Армения премьер-министрінің орынбасары:

- Бұл автокөліктер саудасымен айналысқан азаматтарымызға құқық жағынан еш қауіп төндірмейді. Бірақ болашақта не боларын кім біледі? Үкіметаралық немесе екі жақты қатынастар аясында осы жағдайды жұмсартуға тырысуымыз керек.

Сонымен қатар Мгер Григорян автокөліктерге кеден салығын азайту талабы Еуразиялық экономикалық одақ ережелеріне қайшы келетінін ерекше атап кетті.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы