420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирусты жер шарының әр үшінші тұрғыны жұқтыруы мүмкін

  • 909
  • UPD: 20:58, 14.02.2020

Коронавирустан 1383 адам көз жұмған. Жұқтырғандардың саны 64 мыңнан асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 6871 адам айығып шыққан. Дертке шалдыққандар қатарында дәрігерлер де аз емес көрінеді. Көз жұмғандар арасында да медициналық қызметкерлер бар.

Қытайда коронавирусты 1716 медициналық қызметкер жұқтырған. Солардың алтауы көз жұмды. Мұнда індетпен күресіп жатқан дәрігерлер халық арасында «ақ халатты періштелер» деп аталып кеткен. Ли Вэньляньнің есімі тек қазасынан кейін ғана бүкіл әлемге танымал болды. Ол алғашқылардың бірі болып былтыр желтоқсанда коронавирус туралы хабарлаған еді. Алайда билік оның сөзіне аса мән бермеген. Ақырында дәрігер вирусты өзі жұқтырып, 35 жасында одан мерт болды.

Цзэн Исинь, Қытайдың денсаулық сақтау бойынша мемлекеттік комитет басшысы:

– Бүкіл Қытай бойынша коронавирусты жұқтырғандардың 3,8 проценті – медициналық қызметкерлер. Өкінішке орай көз жұмғандардың 0,4 проценті, яғни алтауы – дәрігерлер. Осы ретте медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігіне де көп көңіл бөлген жөн.

Бұған дейін коронавирусты жер шары тұрғындарының үштен екісі жұқтыруы мүмкін деген болжам айтылған. Тиісті мәлімдемені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жанындағы кеңесшісі Айру Лонджини жасаған. Айтуынша, қалыпты жағдайда әрбір науқас індетті екі не үш адамға жұқтырады. Бұл көрсеткішті екі есеге азайтқан күннің өзінде де індетпен жер шарының әр үшінші тұрғыны ауыруы мүмкін. Аурудың таралуын тек карантиндік шаралар ғана баяулата алады. Алайда ондай жұмыстар індет Қытай шекарасынан асып кеткенге дейін жасалуы тиіс еді дейді мамандар.

Майкл Райан, ДДСҰ өкілі:

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мүмкіндігінше барлық елдерге кеңес беріп, техникалық көмек көрсетіп жатыр. Емдеу жағына келетін болсақ, біз вирусқа қарсы препараттарды қолданудамыз. Олар бұған дейінгі эпидемиялар кезінде, яғни атипті пневмония мен таяу шығыстық респираторлық синдром кезінде пайдаланылған. Тағы бірқатар дәрінің тиімділігін тексеріп жатырмыз. Оған бірнеше апта кетеді.

Әзірге бұл препараттар тексеріліп жатқанда, Қытай дәрігерлері коронавирустан туындайтын пневмонияны емдеудің тиімді әдісін ойлап тапқан. Олар емделген донорлардың қан плазмасын енді ауруханаға түскен науқастарға құятын болған. Бұл тәсілдің арқасында ақ халаттылар хал үстінде жатқан оннан аса науқасты аман алып қалған. Қытайлықтарға өзге елдер де көмек қолын созуда. Бір елдер аса қажетті тауар – бетперделерді жіберіп жатса, басқалары түрлі медициналық құралдар аттандырған. Осы ретте түрлі елдердің дипломаттары қытайлықтарға қолдау сөздерін айтып, бейнежазбалар жіберіп жатыр.

БЛИЦ:

– Біз Қытайдағы жағдай тез арада тұрақталып, тұрғындар қалыпты өміріне көшеді деген сенімдеміз.

– Қытайлықтар жалғыз емес. Куба халқы сіздермен бірге!

– Бразилия Қытайдың бұл індетті жеңіп шығатынына кәміл сенеді.

Филиппинде коронавирусқа қатысты тұрғындар ерекше идея ойлап тапқан. Мұнда тұрғындар ғашықтар күнін тойлап жатыр. Алайда жұрт қауіпсіздік шаралары жайлы да ұмытпаған. Сөйтіп гүл шоғына қосымша ретінде медициналық бетперде мен зарарсыздандырғыш құралдар салынуда. Оның бағасы өзгелерден қымбат екен. Алайда соған қарамастан, мұндай гүл шоқтарына сұраныс жоғары көрінеді.

Хабар 24 телеарнасы