448,38 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда коронавирусқа шалдыққанын жасырғандар өлім жазасына кесілуі мүмкін

  • 355
  • UPD: 21:58, 17.02.2020

Коронавирустан көз жұмғандар саны 1770-ке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қытайда бұл дертке шалдыққанын жасырмақ болғандар енді өлім жазасына кесілуі мүмкін. Бұл ғана емес. Саяхатқа шыққандар сапарының жай-жапсары туралы толық ақпарат бермесе, олар да жазаланады.

Коронавирустан қаза тапқандар саны тағы артты. Дегенмен әлемдік БАҚ және Қытайдың өзі құрбандар саны төмендеп жатыр дегенді айтады. Ал круиздегі лайнерде дерт жұқтырғандар саны 355-ке жетті.

Инфекцияға шалдығып, вирус таратқандар қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондықтан өз дертін немесе вирусты жұқтырғандар туралы ақпарды жасырып қалмақ болғандар 10 жыл немесе өмір бақи бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тіпті өлім жазасына тарту да қарастырылмақ. Қытайдың денсаулық сақтау ұлттық комиссиясы осындай шешімге келді. Сондай-ақ жөтел, дене қызуы бар тұрғындарға коғамдық көлік пен пойызға және ұшаққа мінуге тыйым салынды. Эпидемия ошағынан үйіне оралғандар 14 күн бойы сыртқа шықпауы керек немесе карантинге баруы тиіс. 15 ақпаннан бастап бұл шараны орындамағандар заңмен қудаланбақ. Шет мемлекеттер биліктің бұл бастамасын құптап отыр.

Мнангагва Эммерсон, Зимбабве президенті:

– Қытай билігі қазір бұл вирустың тарап кетпеуі үшін қолдан келгенін жасап жатыр. Соңғы кездері коронавирусты жұқтырғандар саны азайып келеді. Мұның барлығы осындай қатаң шектеулер мен жылдам алдын алу шараларының нәтижесі.

Қытай Халық Республикасының денсаулық сақтау мемлекеттік комитеті де вирустан көз жұмғандардың саны соңғы төрт күнде төмендеді деп ақпар таратқан. Індеттен 11 мың адам емделіп шықты деген де хабар болған. Десе де қауіпті кеселге шалдыққандар саны бір күнде тағы 2048 адамға көбейіп шыға келді. Сонымен соңғы деректер мынадай. Қытайда COVID19 дертін жұқтырғандар саны 70 578-ге жетті. Көз жұмғандар – 1770. Қытайдан өзге елдерде вирусты жұқтырған 778 адам тіркелді. Жапония, Гонконг, Франция, Тайвань және Филиппинде бір-бір науқастан көз жұмды. Ал Хубей провинциясындағы эпидемия шыққан Уханьда жағдай мәз емес. Тұрғындарға төтенше жағдай болмаса, үйден шығуға тыйым салынған. Азық-түлік, тұрмыстық заттар алу үшін әр отбасы үш күнде бір рет қана сыртқа шыға алады.

Дай Вэйминь, аурухана директорының көмекшісі:

– Бұл қадамдар арқылы эпидемияны бақылауда ұстап отырмыз. Статистикаға сүйенсек, соңғы бес күнде дене қызуы бар тұрғындар саны төмендеген. Науқастарды батыс және дәстүрлі медицинаға сүйеніп, емдеп жатырмыз. Эпидемия басылды деуге болады.

Бұл арада Уханьдағы ауруханалардың бірінде бір топ дәрігер коронавирустан емделіп жатқан науқастарға мерекелік көңіл күй сыйлағанын айта кетейік. Олар пациенттерге арнап, ұлттық би билеп, шағын концерт ұйымдастырды. Мұндай тосынсыйға науқастар да мәз. Ақ халаттылар аурудан қажып, ұнжырғасы түскен азаматтардың көңіл-күйін осылай аулап жатыр. Мұндай қимыл-қозғалыс емделушілердің тезірек айығып кетуіне септігін тигізеді дейді дәрігерлер.

Ал Diamond Princess – круиздік лайнерінде коронавирус жұқтырғандар саны 355-ке жетті. Бұл кеме екі аптадан бері Жапония жағалауында карантинде тұр. Шет мемлекеттер лайнерде болған өз азаматтарын эвакуациялап жатыр.

Мұнда төрт қазақстандық та бар екені жоғарыда айтылған болатын. Оларды елге қайтару туралы әлі ақпар тарамады. Бортта жалпы 50 елден 3700 дей адам бар. Бүгін ресейлік азаматшаның вирус жұқтырғаны анықталды.

Сонымен қатар Westerdam лайнерінен де туристер эвакуацияланып жатыр. Бұл – Камбоджада карантинде тұрған кеме. Малайзия, АҚШ, Ресей өз азаматтарын елдеріне қайтарып үлгерді. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында.

Ал қауіпті кесел бүгінде Африкаға жетті. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі вирус елге келген шетелдік азаматтан анықталғанын айтады. Ал Францияда қытайлық турист көз жұмды. Бұл – Еуропада короновирустан көз жұмған алғашқы құрбан.

Аньес Бьюзен, Франция денсаулық сақтау министрі:

– 80 жастағы ер адам Хубэй елді мекенінен 16 қаңтар күні турист ретінде келген. 25 қаңтарда ауруханада жеткізіледі. Ол өзге науқастардан оқшау жерде болды. Соңғы бірнеше күн бойы жағдайы қиындап, жан сақтау бөлімінде болған еді.

Хабар 24 телеарнасы