432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жаһан жұртын құбылмалы ауа райы әлекке салды

  • 443
Жаһан жұртын құбылмалы ауа райы әлекке салды

Ұлыбритания «Киарадан» ес жиған еді, енді «Деннис» дауылы басталды. Уэльс пен Шотландияның оңтүстігін алатопан су басқан. Ал Австралияда ақжауын селдетіп, бұршақ борап тұр. Миссисипи штатында өзендер тасып жатыр.

 

Ұлыбританияда 55 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Оны су ағызып әкеткен. Бұл Деннис дауылынан қаза тапқан осымен бесінші құрбан. Тағы бірнеше тұрғын ұшты-күйлі жоғалған. Елде жүздеген тұрғын үйді су басты. Көшелер көлкіп, теміржолдардың кей бөлігі қирады. Әуе рейстері болса кейінге қалдырылып жатыр.

Еске сала кетейік, 16 ақпан яғни жексенбі күні Уэльс пен Шотландияның оңтүстігінде «Деннис» дауылы тұрды. Бір күнде жауынның бір айлық нормасы түсіп, қауіптіліктің қызыл деңгейі жарияланды. Қазір төтенше жағдай қызметкрелері су астында қалған ауылдардан тұрғындарды эвакуациялап жатыр.

Патриция Джонстон, жергілікті тұрғын:

- Үйдегі заттардың бәрі су бетінде қалқып жүр. Қолымызға қажетті құжатты алып, қауіпсіз жерге баруға мәжбүрміз. Алдын-ала ескерту жасалған болатын. Дегенмен, су бір көтеріліп, бір басылып тұрды. Ал таңғы төрт шамасында баспанамызды толық басып қалды. 

Толассыз жауын мен су тасқынан бөлек, жел де шыдатпай барады. Деннис дауылының жылдамдығы сағатына 150 шақырымға жеткен. Біріккен Араб Әмірліктерінен Хитроу әуежайына қонбақ болған Айрбас 380 ұшағы осы дауылдың астында қалды. Әуе кемесі жерге қона алмай бірнеше минут қалықтап тұрып қалған. Абырой болғанда, ұшқыштар ұшақты әупірімдеп қондырып, жолаушыларды дін аман әуежайға жеткізді. Метеоролгтардың болжауынша мұндай күн райы Еуропада әлі де бірнеше күнге жалғасады. 

Дейв Труп, Ұлыбритания қоршаған ортаны қорғау агенттігінің басшысы:

- Алдағы 24, 48 сағатта жағдай өзгереді деп айта алмаймын. Англияның басым бөлігінде өзен деңгейлері көтерілуі мүмкін. Біздің қазіргі басты мақсат – адамдарды эвакуациялау. Бірқатар елді мекен су басып, өркениеттен тыс қалып отыр. Тұрғындарды тез арада қауіпсіз жерге көшіруіміз керек. 

АҚШ-тың Миссисипи штатында да жағдай мәз емес. Онда 1983 жылдан бергі рекордты жауын түсті. Соңы су тасқынына ұласты. Перл өзені арнасынан тасып, Джексон қаласын су басып қалды. Штатта төтенше жағдай режимі жарияланды. Барлығы екі мыңнан астам тұрғын үй мен ғимараттарға зиян келген. Штат губернаторы Тейт Ривз өңірдегі жағдайдың ауыр екенін айтады. 

Су тасқынына қатысты келіп түскен ақпарларға қарап, бұл штат тарихындағы үшінші ең сорақы табиғи апат дер едім. Сондықтан да өңірде төтенше жағдай режимін жарияладым. Зардап шеккен Миссисипи тұрғындарына барынша көмек көрсетіледі.

Бұл арада АҚШ-тағы тағы бір штат Миннесотаның оңтүстік-шығысында да күн райы құбылғанын айта кетейін. Өңірде қарлы боран болуы мүмкін. Ауа райы ұлттық қызметі тұрғындарға ескерту жариялап, алыс сапарға шықпауға кеңес берді.

Хабар 24 телеарнасы