427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Трамп Сенаттағы үзеңгілестеріне қысымға көнбегені үшін алғысын білдірді

  • 509
Трамп Сенаттағы үзеңгілестеріне қысымға көнбегені үшін алғысын білдірді

АҚШ-тағы президенттік сайлауға 9 ай қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол биыл 3 қарашада өтеді. Ақпан айында басталған сайлауалды науқаны Демократиялық партия үшін сәтсіз басталды. Дональд Трампқа қарсы бастаған импичмент рәсімі нәтиже берген жоқ. Ал алғашқы өткен праймериз бен кокустар күтпеген нәтижеге әкелді.

Сенатта көпшілік құрайтын республикалық партия өкілдері импичментті болдырмайтынын біле тұра, осы шараны бастауы дұрыс болды ма? Өйткені демократтардың бұл қадамы нәтиже бермегеннен кейін Дональд Трамптың қоғамдағы беделі арта түсті. Сауалнама қорытындылары халық арасында Президентті қолдау рекордты 49 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Дональд Трамп Сенаттағы үзеңгілестеріне қысымға көнбегені үшін өз алғысын білдірді. Сайлауға дейін қалған мерзімде республикалық партия қатарынан ешкім Президентпен билікке жарысатын түрі жоқ.

Коллин Джордж, Нью-Йорк тұрғыны:

– Демократиялық партия үміткерлері жікке бөлінгендіктен, Дональд Трамп сайлауда жеңеді деп ойлаймын. Этикалық жағынан ұстанымы осал болғанымен, Президент елдің экономикалық дамуы тұрғысына жақсы еңбек атқарды.

Крис, Нью-Йорк тұрғыны:

– Мен Дональд Трампты қолдаймын, өйткені ол жақсы жұмыс істеп, Американы қайта ұлы мемлекетке айналдырып отыр. Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, лаңкестікке қарсы күресіп келеді. Ақ үйді жаңа мерзімге иеленетініне үміттімін.

Ал демократиялық партия қатарынан негізгі бақталасы саналған бұрынғы вице-президент Джо Байденның жолы болмай отыр. Айова штатында өткен кокуста 76 жастағы саясаткер тек 4 орынды иеленді. Оны Вермонт штатының сенаторы 78 жастағы Берни Сандерс, Саут-Бенд қаласының бұрынғы мэрі Пит Буттиджич және Массачусетс штатының сенаторы Элизабет Уоррен озып кетті. 11 ақпанда өткен Нью-Гэмпшир штатындағы праймеризде Байден тіпті бесінші орынға түсті. Демократиялық партияға мүше, конгрессмен Рави Батраның пікірінше, Джо Байденнің дәурені өткен.

Рави Батра, АҚШ конгрессінде Оңтүстік Азия істері жөнінде ұлттық кеңес төрағасы:

– Демократтардан алдағы сайлауға өтуге Берни Сандерс және Элизабет Уоррен тырысып отыр. Екеуінің бағдарламасында айтарлықтай айырмашылық жоқ, екеуі де социалистік көзқарасты ұстанады. Яғни сізге Сандерс бағдарламасы ұнаса, бірақ әйелді қолдағыңыз келсе, Уоррен үшін дауыс беруіңізге болады. Сондай-ақ Джо Байден бар. Ол 2016 жылы сайлауға қатысқанда, жеңіске жетуге мүмкіндігі болар еді.

Демократтар арасында алауыздық жөнінде республикалық партияға мүше Дэвид Сторобин өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, қарапайым халықтың қолдауына ие үміткерлерді демократиялық партия басшылығы жақтырмайды.

Дэвид Сторобин, Нью-Йорк штатының бұрынғы сенаторы:

– Бұл - Америка үшін өте қызық жағдай. Әдетте ақпан айында біз кімнің алда келетінін білетін едік. Осыдан 4 жыл бұрын демократтарда Хиллари, ал республикалықтарда Трамп көш бастап тұрғаны анық еді. Берни Сандерстің жеңуге мүмкіндігі бар секілді. Алайда партия басшылығы оны жақтырмайды, үнемі аяғынан шалуға тырысып келеді. Жақында Хиллари Клинтон оны қатал сынға алды. Барак Обама мен Джон Керри де оған қарсы шықты. Жалпы бізде үлкен саяси өзгерістер өтіп жатыр. Мұны республикалық және демократиялық партияларда көріп отырмыз. Ұрпақ ауысқанда, саясат та өзгеретіні анық. Шамамен 30-35 жылда.

3 наурызда «Суперсейсенбі» деп аталған күні праймериз бірдей 15 штатта өтеді. Көбісі демократиялық партия қатарынан үміткерлік жарысқа миллиардер Майкл Блумбергтің қосылуын күтіп отыр. Ал бұл науқан демократтарда 16 шілдеде, ал 27 тамызда республикалықтарда аяқталады.

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы