431,94 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иранда медициналық масканың бағасы шарықтады

  • 219
  • UPD: 22:47, 24.02.2020

Иранда коронавирус жұқтырғандардың саны өсіп барады. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, науқастардың саны 64-ке, ал кеселден жан тапсырғандардың саны 13-ке жетті. Мамандар Иранда осы аурудың өлім көрсеткіші 25 пайызды құрайтынын айтады. Бұл өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда артық. Ал Иранмен шекаралас Ауғанстан, Бахрейн мен Кувейтте де осы вирусты жұқтырған алғашқы науқастар тіркелді. Белгілі болғандай олардың барлығы жақында ғана Иранда болған екен. Осы жағдайға қатысты көрші тұрған Армения, Түркия, Ауғанстан мен Пәкістан Иранмен шекарасын жауып тастауды жөн көрді. Ал Катар билігі болса Иран аумағынан келгендер міндетті түрде 14 күнге карантинде болу керек деген шешім қабылдады.

Фазиль Ашхар, Белуджистан провинциясының билік өкілі:

- Енді Иран аумағынан шекара асуға болмайды. Ал бұған дейін келгендер 14 күн бойы оқшауланатын болады. Содан кейін ғана елден кетуге рұқсат. Бұл шаралар вирустың  Пәкістанда таралмауы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұған үлкен жауапкершілікпен қарау керек.

Қазір Иранның 10 провинциясында мектептер уақытша жабылды. Билік ірі қалалардағы студенттерді өз елдеріне қайтарып жатыр. Олар оқуларын интернет арқылы қашықтықта оқитын болды.  Стадион, кинотеатр мен адамдар көп жиналатын қоғамдық орындар да уақытша жабық. Ал Тегерандағы 3 миллион халық қолданатын метрополитенде зарарсыздандыру жұмыстары басталып кетті. Дәріханаларда бетперде бағасы күрт өсіп кеткен.  

- Шаһардың біраз жері жабылып қалды. Халықтың зәресі кетіп жүр. Тұрғындар көшеге шықпай қойды.

Дәріханаларда бетперденің бағасы шарықтап кетті. Шамамен 4 доллар тұрады. Мен өз отбасымның барлық мүшесіне жеткілікті бетперде алу үшін қалтам қағылатын болды. Қарапайым халық вирустан қалай қорғанады?

Оңтүстік Кореяда коронавирустың эпидорталығына айнала бастады десек болады. Бір күннің ішінде аймақта 230-дан астам адам осы індетті жұқтырған. Осылайша науқастардың қатары 833-ке жетті.  Олардың басым бөлігі елдің оңтүстік шығысындағы 2,5 млн тұрғыны бар Тегу қаласында тіркелген. Ал 7 адам вирустан көз жұмған. 22 адам дертінен сауығып шықты. Жергілікті билік Қытайдың барлық өңірінен келгендерді Оңтүстік Кореяға кіргізбеу керек деген шешім қабылды. Президент әкімшілігінің сайтында жүктелген петицияға 760 мыңнан астам адам қол қойып үлгерді. Сонымен қатар әуе компаниялары Тегу қаласына қатынайтын барлық әуе рейстеріне шектеу қойды.  Ал Сеулдің өзінде жағдай бірқалыпты. Шаһар тұрғындары мүмкіндігінше сыртқа шықпай отыр. Салдарынан мейрамханалар мен өзге де көңіл көтеретін жерлер бос тұр. Дәріханаларда халық дәрумендер мен бетперделерді көптеп сатып алып жатыр.

Ким Дон Хва, дәріхана иесі:

- Тәулігіне бетперденің 100 қорабын сатамыз. Бір адамның өзі кем дегенде 50 данасын алады. Қазір бұл тауардың барлығы Тегу қаласына жіберілді. Сондықтан Сеулде бетперде табу оңай емес. Бағасы да  қымбаттап кетті. Бізде 3 мың вон тұрса, кейбір жерде 5 мың вон тұрады.

Аймақта вирустың тез жайылып жатқанына орай Кореядан Қазақстан азаматтары кете бастады. Миграциялық полицияның мәліметіне сәйкес, олардың арасында заңсыз жұмыс істеп жатқандар мен студенттер көп. Олар елге оралғаннан кейін 14 күн карантинде болады. Біз осы жағдайға байланысты Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандық студенттен сұхбат алып көрдік.

Алибек Есекеев, Кукмин университетінің 3-курс студенті: 

- Аймақта коронавирустың жайылып бара жатқанын достарым мен туыстарым айтпаса білмей жүре беретін шығармын. Өйткені бұл жерде адамның үрейін алып, байбалам тудырып жатқан ешкім жоқ. Елімде достарым мен туғандарым мен үшін алаңдап отыр. Қоғамдық көліктерде  тегін бетперде таратылып жатыр. Сонымен қатар, қолға арналған санитайзерлер пайда болды.

Сеулдегі Қазақстан елшілігі жағдайды бақылауында ұстап отыр. Әзірге  отандастарымызды елге қайтару жайында мәселе қозғалған жоқ.

Италияда да жағдай мәз емес. Дәрігерлер мен полиция елге вирусты әкелген адамды таба алмай әлек. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Италияда вирус жұқтырған жандардың қатары 219-ге жетті. 5 адам көз жұмды. Қазір елдің бірнеше провинциясында жоспарланып қойған ауқымды шаралар өтпейтін болды. Венециядағы карнавал, атақты Ла Скала операсы, футбол ойындары, сән көрмелері мен мектептер мен кейбір қоғамдық орындар жұмысын тоқтатты.  

- Көбінесе телефон арқылы жұмыс істейміз. Адамдар үйлерінен шықпай қойды. Керек-жарағын телефон арқылы тапсырыс беріп алады.

- Білмеймін. Айналамыз дүрбелең тудырып жатқан сияқты. Оған негіз жоқ деп ойлаймын. Әрине жағдай қиын алайда сабыр сақтау керек.

Ал Қытайдың Ухань қаласының билігі осы күнге дейін ауру жұқтырмаған тұрғындарды біртіндеп қаладан шығара бастады. Алайда алдымен олар да екі аптадай карантинде болуы керек. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, індетпен күресу үшін аспан асты елі қазынадан тағы шамамен 14 млрд доллар бөлді.

Хабар 24 телеарнасы