435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израиль Сеулден ұшып келген туристерді кері қайтарды

  • 138
  • UPD: 12:48, 25.02.2020

Израиль үкіметі коронавирустың таралуына жол бермес үшін күресуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қытай, Оңтүстік Корея және Азияның өзге елдерімен әуе қатынасы тоқтатылды. Бұл елдерден тек Израиль азаматтарына елге қайтуына рұқсат бар. Сеулден ұшып келген туристерді кері қайтарды. 

Соңғы кезге дейін географиялық орналасуына байланысты Израиль дерттен аман қалады деп саналған. Саяхаттауға арналған кемеде ауырған израильдіктер елден алыс Жапонияда болған, ал елде бірде-бір адам вирусты жұқтырмаған еді. Алайда елге саяхаттап келген оңтүстіккореялықтар тобында жеті адамның бұл сырқатқа шалдыққаны анықталды. Бұл олар Израильден кеткеннен кейін белгілі болды. Осы туристтер ел аумағының жартысын аралап, жүздеген адаммен байланыста болған екен. Олармен қатынасқан адамдарды екі аптаға карантинге орналастырып жатыр. Жалпы Изральде мыңға жуық адам оқшауландырылды.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Біз өзгеріп отырған жағдайға сәйкес үнемі саясатымызды бейімдейміз. Ең алдымен өзге елдерден Израильге келуге шектеу қоямыз. Бүгін осы тізімге Австралия мен Италияны қостық, қажет болса өзге елдерді де кіргіземіз. Сақтықта қорлық жоқ деп айтар едім.

Денсаулық сақтау министрлігіне ерекше өкілеттілік берілді. Тіпті карантиннен бас тартқандарды қамауға алу қарастырылған. Індетке қарсы күресті терроризмге қарсы Ұлттық орталық басқаратын болды. Бұл ел тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай.

Марк Кацнельсон, медицина саласының сарапшысы:

– Әдетте бұл орталық ел қауіпсіздігіне қатысты мәселелермен айналысады. Коронавирус стратегиялық тұрғыдан азаматтарымыздың денсаулығына әсер етуі мүмкін, сол себептен енді оларға осындай тапсырма берілді. Денсаулық сақтау министрлігі ең алдымен ауруханалар мен жедел медициналық қызметке нақты нұсқаулықтар дайындады.

Барлық ауруханада коронавируспен ауырғандарды оқшауландыру бойынша жаттығу өтті. Денсаулығына күдіктенген адамдарға емханаларға баруға тыйым салынды. Дәрігерлер оларды тексеру үшін үйлеріне барады. Үкімет жағдай асқынған жағдайда шекараны толығымен жабу шарасын қарастырмақшы.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы