439,01 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустың кесірінен әлемдік туризм тұралап тұр

  • 153
  • UPD: 21:43, 25.02.2020

Оңтүстік Корея, Италия, Жапония, Сингапур, Иран, Таиланд, АҚШ, Малайзия және Вьетнам.

Еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин «коронавирус ошағы саналатын Қытайды есепке алмағанда, осы 9 мемлекетте індеттің таралу қаупі жоғары», - дейді. Сондықтан отандастарымызды бұл елдерге саяхат жасаудан бас тартуға кеңес беріп отыр. Коронавирус тарағалы мұқым әлем бойынша барыс-келіс қиындады. Сайып келгенде бұл туризм секілді біраз саланың дамуын тежеп, жаңағы Мысырдағыдай талай компанияны шығынға батырды.

Ал, Қазақстаннан шетелге ағылған туристер саны азайған ба?

Туристік фирма өкілдерінің айтуынша, Оңтүстік-Шығыс Азияға туристер саны азайған. Сондай-ақ соңғы күндері отандастарымыз Италия жоспарлаған сапарларынан бас тартып жатқан көрінеді.

Коронавирустың кесірінен Вьетнамның туризм саласы биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 4 миллиард долларға дейін жоғалтуы мүмкін. Жергілікті биліктің болжамы осындай. Жалпы соңғы жылдары елдің туризм саласы қарқынды дамып келеді. Былтыр мұнда келген шетелдік саяхатшылардың саны 18 миллионнан асқан. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 16,2%-ке көп. Осы 18 миллионның 30%-тен астамы қытайлық туристер. Қазір олардың қарасы көрінбейді. Жалпы Оңтүстік-Шығыс Азияға Еуропа елдерінен келетін демалушылар да азайған. Көрші Таиландта да ұқсас жағдай. Мұнда жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесі – 20%. Сондықтан саяхатшылардың азаюы мемлекет экономикасына ауыр соққы екені айтпаса да түсінікті. Енді Вьетнам мен Таиландтағы қонақ үй иелері бағаны 25-30%-ке төмендетпек.  

 

Таиланд саудагерлері шығынға батып жатыр 

Блиц 1:

- Батыс елдерінен келген саяхатшылар көп зат сатып алады. Десе де, ең көп сауда жасайтындар – қытайлық туристер.

Блиц 2:

- Әдетте күніне 4000-5000 батт табатын едім Алайда қазіргі кезде табысым 1000-2000 баттан артылмайды.

 

Италиядағы қонақ үйлерде адам азайды

Бұл Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жағдай. Коронавирус қазір Еуропаға да үрей салған. Әсіресе, Италияда соңғы бірнеше күн ішінде ауру жұқтырғандар саны күрт артты. Сөйтіп, Азия өңірінен тыс жерде Италия COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны бойынша бірінші орынға шықты. Қазіргі кезде саяхатшылар Венеция қонақүйлеріне жасаған тапсырыстарынан бас тартып жатыр. Былтыр күзде осы шаһар соңғы жарты ғасырдағы ең алапат су тасқынан зардап шеккен болатын. Сөйтіп, туристер саны айтарлықтай азайған. Енді жергілікті мейманхана иелері үшін коронавирус жығылған үстіне жұдырық болды. Айта кетерлігі, Италия Еуроодақ экономикасы үшін үшінші маңызды мемлекет. Сондықтан бұл елдегі ахуалдың Кәрі құрлыққа әсері айтарлықтай болатыны анық.

Блиц:

Мен Венецияға карнавалға арнайы келген едім. Алайда, билік оны тоқтатып тастады. Мен сияқты алыстан жол жүріп келгендер не істейді? Негізі менің ойымша, адам вирусты дүкенге барғанда не далада жүріп-ақ жұқтырып алуы мүмкін.

Марцио Тониоло, Сан-Фьорано қаласының тұрғыны:

- Біздің қала қауіпті аймақтардың қатарына кіріп отыр. Мен мектепте жұмыс істеймін. Қазір қауіптің күшеюіне байланысты сабақтар тоқтатылды. Билік қаладан кетуге тыйым салды. Мұны полицейлер қатаң бақылап отыр.

 

Францияға баратын саяхатшылар 40%-ке азайды 

Италиядағы жағдайдың ушығуына байланысты Франция билігі арадағы шекараны жабу мәселесін қарастырып жатыр. Мұнда тіпті коронавирустан 1 адам көз жұмған. Осындай жағдайлардан кейін туристер саны 30-40%-ке азайды.

 

Канар аралдарында мың адамдық қонақ үйде карантин жарияланған.

Соңғы мәлімет бойынша, Канар аралдарында мың адамдық қонақ үйде карантин жарияланған. Өйткені Италиядан келген туристің вирус жұқтырағаны анықталды. Ол әйелімен бірге мейманханада бір апта тұрған екен. Науқас ауруханаға жеткізілді. Ал, қонақ үйдегі мың адамға мейманхана аумағынан шығуға тыйым салынды.

Крис Беттс, Ұлыбританиядан келген турист:

Қонақ үй басшылығы карантин туралы жария етті. Бізге мейманхана аумағынан шығуға болмайды. Жан-жағымызды полицейлердің көліктері қоршап тұр. Негізі қонақ үй қызметкерлері бізге барынша көмек көрсетіп жатыр. Бз бүгін үйімізге қайтуымыз керек еді. Алайда әлі осында қалатын түріміз бар.

Әлемдегі жағдай өз елімізді де алаңдатып отыр. Туристік компанияларымыз да саяхатшылардың азайғанын мойындайды.

Куценко Кристина, турфирма директоры:

Клиенттер Оңтүстік-Шығыс Азияға ұшудан қорқып отыр. Сондықтан туристер саны азаюда. Соңғы бірнеше күн ішінде Италияға сапар шегуден бас тартқандар бар. Десе де, Италияға әуе сапарлары тоқталыған жоқ. Қазір жұмыс тобы денсаулық сақтау министрлігімен байланыста.

Ресейде туристік операторлар 590 млн рубль шығынға батқан

Ал, көрші Ресейде туристік операторлар коронавирус салдарынан 590 миллион рубль шығынға батқан. Енді бұл компаниялар биліктен шығындарын өтеп беруді сұрап отыр.

Хабар 24 телеарнасы