431,03 474,00 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия коронавируске қарсы шараларды күшейтті

  • 243
  • UPD: 13:54, 27.02.2020
Түркия коронавируске қарсы шараларды күшейтті

Күллі әлемді алаңдатқан жаңа типтегі коронавирус індеті Түркия үшін үлкен қауіпке айналды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Өйткені, туыстас мемлекеттің екі бірдей көршісі Иран мен Иракта жұқпалы COVID-19 вирусы тіркелді. Осыған байланысты Түркия үкіметі Иранмен барлық сапарларын тоқтатып, елдегі азаматтарын эвакуациялауға көшті. Анадолы жеріндегі жағдай туралы толығырақ арна тілшісі Меруерт Қанағат баяндасын.

Меруерт Қанағат, тілші:

Түркияда коронавирус жұқтырғандар жоқ. Алайда, кеше Тегераннан Ыстамбұлға бет алған Түрік әуе жолдары ұшағы Анкараға шұғыл қонуға мәжбүр болды. Оған ұшақтағы 12 жолаушының дене қызуының көтерілуі себеп. Осыған байланысты 132 жолаушы мен экипаж мүшесінің түгелі мына ауруханаға жатқызылды. Олар 14 күн бойы медициналық тексерістен өтеді. Түрік елінде қатерлі вируспен күресу шаралары жыл басынан басталған. Өйткені Анадолы елінің табыс көздерінің бірі туризм. Сондықтан билік қауіпсіздік шараларын күшейткен. Осы себепті, COVID-19 вирусымен күресу мақсатында бір аурухана босатылып, әзірленді. Транзиттік әуежайларға Денсаулық сақтау министрлігі арнайы топ құрып, тәулік бойы тексеріс жасап отыр.

22 қаңтарда елдің Денсаулық сақтау министрлігі құрамында құрылған «Коронавирус білім кеңесі» дағдылы түрде қатерлі індеттің алдын алуға арналған Жол картасын белгілеп келеді. Ол бойынша арнайы нұсқаулықтар жариялап, қоғамдық жерлерді дезинфекциядан өткізді. Әсіресе, шаралар курорттық аймақтарда күшейтілген. Жалпы жергілікті тұрғындар ішінде коронавирусқа қатысты қатты үрей байқалмайды. Сыртта бетпердемен жүретін адамдардың саны жоқтың қасы.

Нұрсима Зейнеп атсыз, жергілікті тұрғын:

- Түркияда коронавирус жоқ деп білемін. Сондықтан бетперде тағып жүрудің қажеті жоқ. Алайда, қажет болған жағдайда қорғану шараларын жасаймыз.

Осыған дейін бірнеше рет елде вирустың шыққандығы жөнінде ақпарат тараған. Ыстамбұл мен Денизли секілді қалаларда бір топ Қытайдан келген туристердің дене қызуының көтеріліп, ауруханаға жеткізілгендігі жөнінде ақпарат жарияланған болатын. Алайда, ел үкіметі COVID-19 вирусының анықталмағандығын жеткізген.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

- Денсаулық саласындағы шараларды жоғары ұстауымыз міндет. Мәселеге қатысты денсаулық сақтау министрлігі мен «Коронавирус білім кеңесінің» қабылдаған шешімдерін толық орындаймыз. Иранға қатысты қабылдаған қарарды да қос мекеменің нұсқаулығына сәйкес қабылдадық. Өйткені ол мемлекеттен елімізге коронавирус келуі Түркия үшін үлкен қауіп деген сөз.

Коронавирус ел нарығына қатты әсер еткен жоқ. Себебі, халыққа қажетті тұрмыс заттарының дені елде шығарылады. Тек Қытайдан ұсақ-түйек заттарды сататын дүкен сөрелері босап қалды. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлерге тиімді болып отыр.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы