428,05 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус әлемде өтетін шаралардың жоспарына «өзгеріс енгізуі» мүмкін

  • 549
  • UPD: 20:47, 27.02.2020

Коронавирусқа қатысты ахуал ары қарай ушығатын болса биыл мамырда Роттердамда Еуровидение ән байқауын өткізбеген жөн. Нидерландтық жетекші вирусолог осындай ұсыныс айтып отыр. Оның бұл ойын өзгелер құптай ма, жоқ па, бұл әзірге белгісіз. Ал Италияның ішкі біріншілігі - А сериясының 26 кезеңінің барлық ойындары көрермендерсіз өтетін болды. Соңғы уақытта 2020 жылғы Еуропа чемпионаты өтпей қалуы мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. УЕФА өкілдері ойындарды қабылдайтын елдердің нұсқауларына сай әрекет етеміз дегенді айтады. Вирус спорт әлеміндегі тағы бір маңызды шара - Олимпиада алауының эстафетасына да әсер етуі мүмкін. Бұл шара 12 наурызда Грекияның Олимпия қаласында басталып, 26 наурызда Жапония аумағында аяқталуы тиіс. Алайда КОВИД-19 вирусының тез таралуына байланысты жоспарға өзгерістер енгізілуі әбден ықтимал.

Тоширо Муто, Токио Олимпиада және паралимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің бас директоры:

- Олимпиада алауының эстафетасы міндетті түрде өтеді. Оған ешқандай күмән жоқ Алайда індеттің таралуын болдырмау жағын да қарастыруымыз керек. Сондықтан алауды тапсыру эстафетасының бағдары қысқаруы мүмкін. 

Жағдайың ушығуына байланысты Франция билігі сақтық қамына кіріскен. Үкімет миллиондаған медициналық бетпердеге тапсырыс беріп қойған. Тұрғындар да дәріханадан жаппай антисептикалық заттар мен қорғаныс құралдарын сатып алып жатыр. Одан бөлек Француз билігі тақауда Италиядан оралған азаматтарды қоғамдық орындарға бас сұқпауға шақырды. 

Паскаль Легран Дюран, дәріхана қызметкері:

- Меніңше, медициналық бетперде тапшы болады. Өйткені вирустың Еуропада тез таралып жатқаны жайлы естіп отырмыз. Жуырда бетперделерді  тағуға міндттелуіміз мүмкін.

Ұлыбританияда да сақтық шаралары қолға алынды. Мұнда 6 бірдей мектеп жабылды. Өйткені оқушылары жуырда Италияға барып қайтқан екен.  Италия демекші, мұнда дертке шалдыққандар саны күрт артып барады. Бір тәулікте ауру жұқтырғандар саны 323-тен 453-ке дейін көбейген. 12 адам көз жұмған. Қазір елдің барлық өңірлерінде мектептер, университеттер мен кинотеатрлар  уақытша жабылып, ауқымды іс-шаралар кейінге қалдырылды. Осы ретте Еуропаның кейбір елдері өз азаматтарына Италияның солтүстігіне бармауға кеңес беріп отыр. Жалпы, Кәрі құрлықта індетті жұқтырудың жаңа деректері Дания, Норвегия, Грекия, Румыния, Швеция,  Эстония мен Польшада тіркелген.

Вирус Латын Америкасына да жетті. Атап айтқанда, Бразилияда Италияның солтүстігіне барып қайтқан тұрғыннан қауіпті дерт анықталды. Ол ауруханаға түспей тұрып, көп адаммен араласқан екен. Сондықтан індет күшейіп кете ме деген қауіп басым. Осы ретте елде медициналық бетперде мен қолғаптарға сұраныс артқан.  

Луис Энрике Мандетта, Бразилияның денсаулық сақтау министрі:

- Коронавирус біздің тропикалық аймақта өзін қалай көрсететіні әлі белгісіз. Бірақ мұндай климат қауіпті дерттің таралуын тежеуі мүмкін. Жағдайдың қалай өрбитінін уақыт көрсетеді.

Латын Америкасындағы тағы бір елде қауіп күшейіп барады. Әңгіме Мексика жайлы. Жергілікті билік круиздік кемеге Косумель портына кіруге рұқсат берген. Бұл лайнерде жолаушылардың бірі коронавирус жұқтырды деген күдік болған. Алайда биліктің хабарлауынша, ол коронавирус емес, тұмау жұқтырған екен. Десе де халықтың бұған сенгісі жоқ.  

Роджелио Дель Валье, жергілікті тұрғын:

- Біз кемеде не болғанын білмейміз ғой. Бәрі жақсы болса, неге өзге айлақтар оған тоқтауға рұқсат бермеді? Ал егер ол тұмау емес, коронавирус болып шықса ше? Онда экономикамыз, денсаулық сақтау саласы зардап шегдеі. Тіпті өмірімізге қауіп төнеді ғой. 

Қытайдан бөлек КОВИД-19 вирусын жұқтырғандар Оңтүстік Кореяда көп. Соңғы мәлімет бойынша, мұндағы науқастар саны 1700-ден асады. 13 адам көз жұмған. тек 26-сы айығып шығыпты. Осы ретте Оңтүстік Корея мен АҚШ сарбаздарының ортақ оқу-жаттығулары кейінге шегерілді. Өйткені таңғы шық елінің әскерінде вирусты жұқтырудың 21 дерегі тіркелген. Тағы 9500 сарбаз карантинде.

Ал Таяу Шығыстағы ахуалға келсек, Иракта кісі көп жиылатын шараларды өткізуге тыйым салынды. Одан бөлек билік өз азаматтарына Қытай, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Таиланд, Италия, Бахрейн мен Кувейтке сапар шегуге рұқсат бермей отыр. Аталған мемлекеттерден оралған Ирак тұрғындары мен дипломаттары міндетті түрде тексеруден өтетін болады. Сонымен қоса бүніннен бастап 7 наурызға дейін мұнда мектептер, кинотеатрлар мен дәмханалар жабылды.

Хабар 24 телеарнасы