447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Келесі аптада Ердоған мен Путин жеке кездеседі

  • 212
  • UPD: 21:24, 02.03.2020

Таяу Шығыстағы жағдай әлі ушығып тұр.

Соңғы ақпар бойынша түрік әскері Сирияның Идлиб провинциясының үстімен ұшқан екі жойғыш ұшақты атып түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әуе кемелері Сирия оппозициясына тиесілі болған.

Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Ұшқыштар дер кезінде сыртқа шығып үлгерген.

Сирияның оппозия бақылауындағы Идлиб провинциясындағы жағдай өткен аптаның соңында қатты ушығып кетті. Өйткені өңірдегі содырлар үкімет жасағына шабуыл жасаған. Қарулы күштер де қарап қалмай, жауап қайтарған. Алайда, әуе соққысына осы Сирияда жүрген түрік жауынгерлері де ұшыраған. Осыдан кейін ресми Анкара көрші елдегі әскери операциясын үдете түсті. Бұл шараға «Көктемгі қалқан» атауы берілген. Сөйтіп, бірнеше күн ішінде Сирия үкіметінің 2200-ден аса жауынгерінің көзі жойылды. Тағы 103 танк пен 8 тікұшақ тас-талқан етілді. Осы ретте Сирия қарулы күштері Идлиб провинциясының үстімен қозғалуға тыйым салып, оны «ұшуға болмайтын аймақ», деп жария етті. Соған қарамастан, өңірде түріктердің 10 дроны байқалған. Соңғы оқиғаларды Режеп Тайып Ердоған мен Владимир Путин келесі аптада жеке кездесу кезінде талқыламақ. Жағдайдың ушығуына халықаралық қауымдастық та алаңдаулы. Осы ретте өңірдегі ахуалға байланысты 5 наурызда Хорватияда Еуроодақтың сыртқы істер министрлері де жиналыс өткізбек. Ал, Иран өкілдері болса, бұл жанжалды шешудің жолын ұсынып отыр.

Аббас Мусави, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Тараптар Астана процесіне оралу керек. Бұл Сириядағы жанжалды шешудің бірден-бір жолы. Сонда тиімді нәтижелерге қол жеткізуге болады. Иран алдағы уақытта Тегеранда Астана процесінің үлгісінде саммит өткізуге мүдделі.

Таяу Шығыстағы соңғы оқиғалар босқындарға әсер етіп отыр. Өйткені әуе шабуылы кезінде өз жауынгерлерінен айырылған соң Түркия билігі шекараны ашып тастады. Өйткені елде қазір 4 миллионға жуық босқын бар. Көбі Сириядағы атыс-шабыстан қашқан азаматтар. Одан бөлек, шиеленіс жалғасып жатқан әлгі Идлиб провинциясында да 3,5 миллионға жуық босқын бар. Провинция Түркиямен арадағы шекараға жақын орналасқан. Сондықтан аухал күннен күнге ушыға беретін болса, ол азаматтардың көрші Түркияға бас сауғалауы әбден мүмкін. Шекараның ашылу жаңалығын қуанышпен қарсы алған мигранттар Еуропаға, атап айтқанда, Грекияға лап қойған. Осы ретте Түркия мен Грекия шекарасында қақтығыстар тіркеліп жатыр. Өйткені мыңдаған босқын Эллада елінің аумағына басып кірмек болған. Алайда, грек полицейлері қарсы тұрып, соңы тәртіпсіздіктерге ұласты.

Жергілікті ақпарат құралдарыың хабарлауынша, мигранттар күштік құрылым өкілдеріне  қолына түскеннің бәрін лақтырған. Ал, полицейлер лажсыз көз жасаурататын газ бен жарық-шу гранаталарын қолданғандарын айтады. Жалпы грек тәртіп сақшылары соңғы бірнеше күн ішінде елге 20 мың мигранттың заңсыз өтпек болғанын хабарлады.

Блиц 1:

Мен балаларымның болашағы үшін күресіп жатырмын. Түркияда оларға көп мүмкіндік берілмейді. Бұл жерде біздің болшағымыз бұлыңғыр.

Блиц 2:

Біз мұнда еріккеннен жүрміз бе? Адам секілді өмір сүргіміз келеді. БҰҰ қайда? Неге олар бізге көмек көрсетпейді? Адамгершілік қайда, жоғалып барады ма?

Блиц 3:

Шекарада талай қиындыққа тап болып жатырмыз. Сондықтан халықаралық қауымдастық осыған назар аудару керек. Мұнда балалар, әйелдер мен қарт кісілер өте көп.

Грек қарулы күштері екі ел шекарасында күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Соған қарамастан, мұнда мыңға жуық мигрант қайықпен жетіп алған көрінеді. Эллада елінің билігі соңғы оқиғаларды «ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер» деп отыр. Осы ретте Франция президенті босқындар нөпіріне төтеп беру үшін Грекияға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Германия өкілдері де ахуалға қатысты өз пікірін білдірді. Айтуларынша, мигранттар нөпіріне былайша төтеп беру мүмкін емес. «Одан гөрі Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен келісу керек», дейді. «Германияның алаңдауы бекер емес», дейді сарапшылар. Өйткені Түркиядан Грекияға жетіп алған босқындардың көбінің мұнда қалғысы жоқ. Олар ары қарай Балқан елдері арқылы Батыс Еуропаға жетуді көздейді. Себебі, Балқан елдерінде әлеуметтік жәрдемақылар қарастырылмаған. Сондықтан мигранттар Германияға не Скандинавия елдеріне табан тіреуге тырысады.

Хабар 24 телеарнасы