435,87 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Сарыарқа» хоккейшілері «СКА-Неваны» жеңді

  • 80
  • UPD: 12:15, 03.03.2020
«Сарыарқа» хоккейшілері «СКА-Неваны» жеңді

Ресей жоғарғы хоккей лигасының плей-офф кезеңінде сынға түсіп жатқан «Сарыарқа» бесінші кездесуде жеңіске жетті. Петербургте «СКА-Невамен» айдынға шыққан Қарағанды командасы 3:2 есебімен басым түсті. Есепті айдын иелері ашты. Петербург хоккейшілерінің қуанышы ұзаққа созылмады. Араға бір минут салып, Константин Соколов таразы басын теңестірді. Сосын Вадим Хлопотов мергендік танытып, «Сарыарқаны» алға жетеледі. Үзілістен кейін «СКА-Нева» қарымта қайтарып, ойынды қыздыра түскен еді. Алайда «Сарыарқа» да қарап қалмады. Матчтың 54-минутында Дмитрий Михайлов белсеніп, Қарағанды командасына маңызды жеңіс сыйлады. Екі команда арасындағы бес кездесуден кейін жалпы есеп:3:2. Санкт-Петербург клубы алда келеді. Енді алтыншы матч Қарағандыда өтеді. 

Бүгін «Барыс» Магнитогорскінің «Металлургына» қарсы плей-офф кезеңіндегі екінші кездесуін өткізеді. Андрей Скабелка шәкірттері алғашқы матчта 4:0 есебімен жеңіске жетіп, 1/8-ші финалды жақсы бастады. Дәл қазір елорда командасы осы жұптың фавориті саналады. «Барыс» өз айдынындағы екінші кездесуде де жеңіске жетуге тырысады. Ал «Металлургтың» жағдайы қиын. Алғашқы ойында Магнитагорск командасының екі хоккейшісі жарақаттанып қалды. Қазір шабуылшы Брэндон Козун мен қорғаушы Максим Матушкиннің жағдайы белгісіз. Олар бүгінгі ойынға қатыспауы да мүмкін. Ал елорда командасының төрт көзі түгел. «Барыс» - «Металлург» арасындағы матч кешкі жеті жарымда басталады. 

Елордада теннистен Қазақстанның қысқы чемпионаты басталды. Биылғы біріншілікке «Тим Қазақстан» академиясының тәлімгерлері де қатысып жатыр. Жасөспірімдер мен жастар арасында тәжірибелі ойыншылар да бар. Мамандар үздік шыққан теннисшілерді ұлттық құрамаға тартуды көздейді. Ең бастысы жүлдегерлер спорттық мансабын жалғастыру үшін федерация тарапынан қаржылай қолдауға ие болады. Ел чемпионы атанудан Алексей Кедрюк те үмітті. Қатысушылар арасындағы ең жасамыс ойыншы ішкі біріншілікте топ жарудан дәмелі. Алайда кейінгі жастардың да қарқыны қатты. Қазақстан чемпионаты жексенбі күні аяқталады. 

Әлемде коронавирус індетінің кең тарауына байланысты футболдан Азия чемпиондар лигасы кейінге шегерілді. Топтық кезеңнің ойындары шілде айының соңында өтуі мүмкін. Осы мәселеге байланысты құрлық футболына жауапты тұлғалар шұғыл жиын өткізді. Қазір чемпиондар лигасынан бөлек, кейбір елдерде ішкі біріншіліктер де тоқтатылды. Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай чемпионаттары өткен жоқ. Осыған байланысты құрлық турнирінің кестесіне өзгерістер енгізілді. Азия чемпиондар лигасының наурыз-сәуірге жоспарланған ойындары мамыр-маусым айларына шегерілді. Ал жартылай финалдық кездесулер күздің соңында өтеді. Бірақ іріктеу кезеңі мен топтық турнирдің тағдыры әлі белгісіз.

Хабар 24 телеарнасы