424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус: жұрт пайдаланған медициналық масканы жуып қолдануға мәжбүр

  • 570
  • UPD: 22:05, 04.03.2020

Коронавирус қауіпті індет. Оны жұқтырғандардың 3,4 проценті өкінішке орай, көз жұмған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген ресми дерек осындай. Салыстыру үшін айтайық, кәдімгі маусымдық тұмауға қатысты өлім көрсеткіші 1 процентке де жетпейді.

Оңтүстік Корея. Коронавирусты жұқтырғандардың саны бойынша Қытайдан кейін екінші орында тұрған мемлекет. Соңғы тәулікте елде науқастардың саны тағы артып, 5300-ден асып кетті. Билік қосымша 10 миллион доллар бөлмек. Қомақты қаржының басым бөлігі сөзсіз індетпен күреске жұмсалады. Қалғаны эпидемияның экономикалық шығынын өтеуге кетеді. Бұған дейін Президент халықты бетпердемен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ету мәселесі жуық арада шешілетінін айтқан. Ал әзірге індет тез таралып жатқан Тэгу қаласында жұрт медициналық маскаға ұзын сонар кезекте тұруға мәжбүр.   

БЛИЦ:

  1. Мен мұнда таңмен таласа келдім. 5 жарымнан кезекте тұрмын. Өйткені бетперде жетіспей жатыр. Алайда кезегіміз ақырын жылжып келеді. Негізі әр үйге 2 медициналық маскадан беріледі. Жұмысқа баратын балаларым оларды жуып, кептіріп, қайта қолданып жүр.
  2. Мынадай кезекте тұрып шаршайсың. Ауруды жұқтыру қаупі де жоғары. Осы бетпердені әр үйге жеткізіп отырған әлдеқайда тиімдірек емес пе? Сол жағы неге ойластырылмаған? 

Италияда да жағдай мәз емес. Мұнда кеше ғана 52 адамның қазасы жайлы хабарлаған едік. Бүгін марқұмдар саны 79-ға жетті. Ал науқастар саны 2500-нан асады. Сөйтіп, мемлекет коронавирусты жұқтырғандар саны бойынша Ираннан басып озып, Қытай мен Оңтүстік Кореядан кейін үшінші орынға шықты. 

Иран демекші, соңғы мәлімет бойынша қауіпті вирусты өнеркәсіп министрінің жұқтырғаны анықталды. Жалпы мұнда науқастар арасында билік өкілдері аз емес. Олар парламенттің 23 депутаты, вице-президент, денсаулық сақтау министрінің орынбасары. Қауіптің күшеюіне байланысты жергілікті билік темір торда отырған 54 мыңнан аса адамды бостандыққа жіберген. Олардың барлығында вирус тесті теріс нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ бұл азаматтар үшін кепіл төленген. Бостандыққа жіберілгендер қатарына ауыр қылмыс жасағандар мен 5 жылдан артық мерзімге сотталғандар кірмейді.  

Әли Реза Раиси, Иран денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Вирусты 2336 адам жұқтырған. Көз жұмғандардың саны - 77. Тағы 435 адам айығып шығып, үйіне қайтарылды. Бұл жақсы көрсеткіш. 

Кристоф Хеллманн, ДДСҰ өкілі:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз миссиясын Иранға жіберді. Олар дертті жеңгенше осы жерден ешқайда қайтпайды.  

Ал қауіпсіздік жағына келетін болсақ, әр ел түрлі сақтық шараларын қолға алды. Мәселен,  Венада ОПЕК+ отырысына журналистер кірмейтін болды. АҚШ Еуропа порттарына барып қайтқан әскери-теңіз күштерінің кемелерін 2 апталық карантинге жіберді. Ал Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк көктемгі жиындарын виртуалды форматта өткізеді. Негізі басқосу Вашингтонда ұйымдастырылуы тиіс еді. Оған әдетте 10 мыңдай адам жиылатын. Алайда биыл шараны өткізу қауіпті. Негізі осы мәлімдемеден кейін көптеген сарапшы «көктемгі жиын бұдан былай да виртуалдық форматта өте берсе қайтеді» деген мәселені көтерді. Айтуларынша, бұл тек эпидемиологиялық қауіпті азайтып қана қоймайды. «Сонымен қоса уақыт үнемделеді, ақша да аз кетеді және керек десеңіз, мыңдаған қатысушыны тасымалдау салдарынан ауаға бөлінетін зиянды заттар мөлшері азаяды» дейді сарапшылар.   

Авторлары: Жұлдыз Атагелдиева, Гүлнәр Жандагулова

Хабар 24 телеарнасы