430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израиль парламенттік сайлау нәтижесін қорытындылап жатыр

  • 315
  • UPD: 22:30, 04.03.2020

Израиль кезектен тыс парламенттік сайлаудың нәтижелерін қорытындылап жатыр. Әзірше билік басындағы партия үстем. Алайда сарапшылардың пікірінше жеңісті тойлау әлі де ерте. Өйткені алда жаңа үкімет құрамын жасақтау міндеті тұр. Естеріңізге салайық бұған дейін елде екі рет парламенттік сайлау өтіп, екеуінде де үкімет құрамын бекіту мүмкін болмаған.

Cайлаудың алғашқы қорытындылары белгілі болды. Бюллетеньдердің басым бөлігі есептелген. Сөйтіп Ликуд партиясы алда келе жатқаны анықталды.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі: 

- Дұшпандарымыз Нетаньяху дәуірі аяқталды деп жүрген еді. Алайда өткен жолы сәтсіз болғанмен, бұл жолы сіздердің арқаларыңызда жеңіске жеттік. 

Ликуд партиясына басты бақталас «Ақ-көгілдірлер» партиясы абыржып қалғанға ұқсайды. Себебі сайлауға дейінгі сауалнамалар, бұл партия үлкен басымдықпен жеңетінін көрсеткен. Бірақ соңында 33 мандат қол жеткізгені белгілі болды. Ал Ликуд партиясы парламенттегі 37 орынға иелік етпек. 

Бени Ганц, «Ақ-көгілдірлер» бірлестігінің жетекшісі:

- Шынын айтсам, көңіл-күйлеріңді түсінемін. Мен де түңіліп отырмын, мұндай нәтиже күтпеп едік. Елімізге де бұл керек емес. 

Бұл соңғы 11 айда өткен үшінші сайлау. Дегенмен дауыс беруге халық көп келген. Айта кетерлігі алдыңғы екі сайлаудан кейін үкімет құрылып үлгермеген. Енді шамамен бір аптадан соң Израиль президенті министрлер кабинетін жасақтауды кімге тапсыратынын жариялайды. Заң бойынша бұған бір жарым ай мерзім белгіленген. Сөйтіп, сәуір айының аяғында елде жаңа үкімет құрылады, болмаса қайта сайлау белгіленеді.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы