447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан азаматтарына шетелдік төлқұжатсыз елге кіруге тыйым салынды

  • 151
  • UPD: 18:57, 05.03.2020

Қырғызстан үкіметі өз азаматтарына шетелдік төлқұжатсыз елге кіруге тыйым салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар осылайша, ел тұрғындарының коронавирус тіркелген елдерге барған-бармағанын анықтағысы келеді. Министрлер кабинеті өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл шектеу уақытша қабылданған.

Қырғызстан азаматтарына Қазақстан, Беларусь және Ресейге шетелдік төлқұжатсыз, ID-карталарымен қатынауына болады. Алайда, одан әрі өзге елдерге барса, бұл сапары карталарында тіркелмейді. Азия және Еуропа елдерінде вирус тез тарала бастағаннан кейін Қырғызстан үкіметі елге оралатын тұрғындарының бақылауын күшейтуді ұйғарды. Өйткені екі апталық карантиннен құтылу үшін вирус өршіп тұрған елдерде болғанын жасыруы мүмкін.

Чынгыз Эсенгулов, Үкіметті ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі:

- Шетелдік төлқұжатының бар-жоқтығы мемлекеттік тіркеу жүйесінің электронды базасында тексеріледі. Бар болса, азаматтарымыз қосымша тексеруден өтуге тиіс. Ресейден келген тұрғындарымыз оған дейін індет тараған елдерде болғанын жасырған жағдайлар анықталды. Сол себептен шекараны ID-картамен өтуге уақытшы тыйым салынды.

Үкімет қабылдаған шаралар өз жемісін беріп, ел аумағында COVID-19 вирусы анықталған жоқ. Қырғызстан азаматының бұл дертті жұқтыруы тек Жапониядағы Diamond Princess саяхат кемесінде тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оның иммунитеті күшті болып, ол толық жазылып, ауруханадан шықты. Коронавирусқа байланысты жағдайды тәулік бойы істейтін арнайы үкіметтік штаб қадағалап отыр.

Мухаммедкалый Абылгазиев, Қырғызстан премьер-министрі:

- Біз арнайы карантин орындарын ашып, әуе мен автокөлік қатынасын бақылауға алдық. Осы жұмысымызды жалғастырып, бұл жағдай экономикамызға зиян келтірмеуін мұқият аңдуға тиіспіз.

Экономиканы айтқанда, премьер-министр Қытаймен сауданың шектелуін қарастырған. Жалпы елдің сауда айналымының бестен бір бөлігі осы елдің үлесіне тиіп тұр. Бұл тұрғыда үкімет басшысы Қытай тауарларының қай түрлерін өзге елдерден әкелуге болатынын білуді тапсырды.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы