413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: Кейбір елдер қорғаныс құралдарының экпортына шектеу қойып жатыр

  • 268
  • UPD: 20:54, 05.03.2020

Қазір әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 96 мыңға таяп қалды. Көз жұмғандар 3300-ге жуық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіптің күшеюіне байланысты қазір сұраныс ең жоғары тауар – медициналық бетперде мен зарарсыздандырғыш құралдар. Кейбір елдер осы қорғаныс заттарының тапшылығын болдырмау үшін олардың экпортына шектеу қойып жатыр. Сарапшылар вирус бәсеңдемесе, базалық препараттардың тапшылығы туындай ма деген қауіп ойлайды. Өйткені дәрі өндіруші ірі елдердің бірі – Үндістан экспорттын азайтқан. Ол препараттардың қатарында елге танымал парацетамол да бар.

Үндістанда экспорттың азаюына не себеп? Өйткені мемлекеттегі дәрі өндірісінің 70%-і Қытайда өндірілетін компоненттерге байланысты. Ал, аспан асты елінде, өздеріңіз білетіндей, фармацевтикалық зауыттардың біразы әлі жұмыс істемей тұр.

Француз билігі коронавирустан қорғану құралдарының сатылуы мен таратылуын бақылау бойынша қатаң шаралар енгізіп отыр. Оған тақаудағы оқиға себеп. Елдегі екі бірдей аурухана басшылығы медициналық бетперденің жетіспейтінін хабарлаған. Сөйтсе, бетперденің 10 мың данасын әлдекімдер ұрлап кеткенге ұқсайды. Одан бөлек, тағы 1200 зарарсыздандырғыш гель де жоғалып кеткен. Президент «елде бар қорғаныс құралдарының барлығы медициналық қызметкерлерге, науқастар мен олардың отбасына және дәріханаларға таратылсын» деп пәрмен берді. Әзірге медициналық мекемелерге 10 миллионға жуық бетперде жеткізілген. Алдағы уақытта 20 миллионға жуығы үлестіріледі. Жалпы соңғы ақпар бойынша осы Францияда вирусты 300-ге жуық адам жұқтырған. Кейбір дәріханалар зарарасыздандырғыш гельдердің де бағасын қымбаттатып жіберген.

Брюно Ле Мэр, Франция Қаржы министрі:

Кейбір сауда орындарында зарарсыздандырғыш гельдің бағасын екі-үш есе қымбаттап кеткені жайлы ақпарат келіп түсіп жатыр. Ұқсас жағдай тіпті ғаламтор арқылы тапсырыс беру кезінде де байқалып отыр. Біз эпидемия аясындағы жағдайды өз мақсатына пайдалануға жол бермейміз. Әрбір оқиға жіті бақылауда болады. Осы ретте антисептикалық заттардың бағасын реттейтін қаулы қабылданады.

Қорғаныс құралдары демекші, Чехия билігі медициналық бетперде мен зарарсыздандыру құралдарының экспортына тыйым салды. Сонымен қоса, үкімет қауіпті вируспен күреске қажетті заттарды сатып алудың орталықтандырылған жүйесін енгізбек. Сөйтіп, енді оларды тек медциналық, әлеуметтік және мемлекеттік мекемелерден ғана алуға болады. Германия да медициналық бетперде экспортын уақытша тоқтатты. Ресей билігі де осындай шешім қабылдады. Мұнда медициналық бетперде, жамылғы, қолғап, дәке, мақта мен вирусқа қарсы заттардың экспорты шектелді. Тиісті ереже биылғы жылдың 1 маусымына дейін күшін жоймайды. Десе де, бұл шектеулердің гуманитарлық көмек жеткізуге еш қатысы жоқ. Сондай-ақ шетелге аттанған тұрғындар бұл заттарды өз қорғанысы үшін елден алып шыға алады. Жалпы Ресейде бір тәулікте шамамен бір жарым миллион медициналық бетперде өндіріледі екен.

Николай Поляков, «Здравмедтех» компаниясының бас директоры:

- Біз тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көштік. Сөйтіп, жасап шығарылатын бетперделер саны екі есе артты. Қазір жұқпалы аурулар жөніндегі дәрігерлерге қажетті заттарға сұраныс жоғары. Олар эпидемия ошағында жұмыс істейтін мамандарға арналған. Бізге қайдағы бір түсініксіз делдалдар хабарласады. Олар 100 миллионға дейін бетперде сатып алуға дайын екендерін айтты. Әрине, біз бұған келіспейміз. Біз тауарымызды тек тексерілген орындарға, яғни ауруханалар мен дәріханаларға ғана жеткізіп отырмыз.

Медициналық бетперде экспорты Оңтүстік Кореяда да шектелді.

Ким Ен Бем, Оңтүстік Корея қаржы министрінің орынбасары:

Бетпердені экспорттан бөлек, ел ішінде сатуға да шектеу бар. Аптасына бір адамға екі данасы ғана беріледі. Мұның жеткіліксіз екенін өзіміз де біліп отырмыз. Алайда оған түсіністікпен қарайсыздар деген ойдамыз. Себебі бетперделер ең алдымен науқастармен жұмыс істеп, зарарсыздандырумен айналысатын мамандарға қажет.

Соңғы тәулікте осы Оңтүстік Кореяда 500-ге жуық адам коронавирус жұқтырған. бұл бір күннің дерегі. Сөйтіп, науқастар саны 5800-ге таяп қалды. Мемлекет індетті жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан кейін екінші орында тұр. Италия да күрделі жағдай. Мұнда құрбандар саны 107 адамға жетті. 3 мыңнан аса тұрғын ауру жұқтырған. Қауіптің күшеюіне байланысты қоғамдық өмірге көп өзгерістер енгізілді. Билік елде бар бүкіл мектеп пен университетті жапты. Олар кемі екі апта жұмыс ітемейді. Жұмысқа баратын ата-аналар баласын қайда қалдыратынын білмей дал. Сөйтіп, бала күтушісі сұранысы ең жоғары мамандыққа айналып шыға келді. Ал спорттық шаралар көкремендерсіз өтіп жатыр. Жасы 65-тен асқан тұрғындарға мүмкіндігінше сыртқа шықпауға кеңес берілді. Одан бөлек, мамандар «беттен сүйіп амандасуды уақытша ұмытқан дұрыс» дейді. Тіпті мамандар адамдарды 2 метрлік арақашықтықты сақтауға шақырып отыр.

Джузеппе Конте, Италия премьер-министрі:

- Бұл төтенше жағдай әйтеуір бір күні аяқталады. Қиындықты бәріміз бірге жұмылып, еңсеретін боламыз. Бұл қолымыздан келеді. Батылдық танытып жатқандарыңызға алғыс айтамын.

Күрделі жағдай Иранда да қалыптасқан. Ислам Республикасы Қытайдан кейін коронавирус ең көп таралып жатқан елдің бірі. Мұнда соңғы бір тәулікте дертті жұқтырғандардың саны күрт артып, науқастар саны 3,5 мыңнан асып кетті. Осы ретте дәрігерлер мен медбикелер коронавирусқа шалдыққандардың көңіл-күйін көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Олар қытайлық әріптестері сияқты би билеп, тіпті ән айтуда. Бұл науқастардың үрейге берілмей, жұқпалы дерттен тез жазылып кетуі үшін жасалып отыр.

Бірақ Ислам Республикасында қоғамдық орындарда би билеуге тыйым салынған. Сондықтан биліктің мұндай бастамаға қалай қарайтыны әлі белгісіз.

Хабар 24 телеарнасы