423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Францияның туризм саласы зор шығынға батты

  • 779
  • UPD: 23:48, 06.03.2020

Коронавирустың кесірінен Францияның туризм саласы зор шығынға батты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – әлем бойынша саяхатшы ең көп келетін ел. Індетке байланысты ірі халықаралық көрмелер, концерттер мен жарыстар өтпейтін болды.

Париж көшелерінде туристер азайғаны бірден көзге түседі. Экономика министрінің мәлімдеуінше, шетелден келушілердің саны 40% кеміді. Бүгіннің өзінде туризм саласы 5-6 миллиард еуро шығынға батқаны белгілі. Бұл – Франция экономикасының басты салаларының бірі. Оның жалпы ұлттық өнімдегі үлесі – 7 процент. Бұл ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі салаларының үлесінен артық. Алғашқы болып коронавирустың кері әсерін қонақүйлер мен мейрамханалар сезді.

Ромиоль Делануа, мейрамхана директоры:

– Соңғы екі аптада бізге келушілер саны азайды. Айналымымыз 40% кеміген. Топтық тапсырыстар бойынша үлкен шығынға ұшырадық. 500-ге жуық тапсырыстан бас тартты. Тек наурыз айына ғана емес, маусым айына дейін. Коронавируске байланысты адамдар өз жоспарларын өзгертіп жатыр.

Парижде ірі халықаралық көрмелер өтпейтін болды. Оған қатысуға 100 мыңдай адам келуге тиіс еді. Жүзден аса жекеменшік компаниялар үкіметтен көмек сұрады. Бұл – негізінен туризм саласында істейтін компаниялар.

Абдель, кәдесыйлар дүкенінің сатушысы:

– Қытай туристері көп келетін. Қазір оларды көрмейсің. Саудамыз 30-40% төмендеді.

Франциядағы қазіргі жағдай 2002 жылға ұқсас. Сол кезде әлемде атиптік өкпе қабыну індеті өршіген болатын. Сонда да туризм саласы үлкен шығынға батты.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы