447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустың таралуы күшейді

  • 285
  • UPD: 22:25, 06.03.2020

Қазірге дейін коронавирус әлемнің 85 еліне тарап үлгерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны жұқтырғандардың саны 100 мыңнан асқан. Коронавирустың мұншалықты жылдам таралуына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі алаңдаулы. Ондағылар халықаралық қауымдастықты қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуге шақырып отыр. 

Әлемде Қытайдан бөлек қауіпті дертке шалдыққандардың қарасы 15 мыңға жуықтады. Соңғы бір тәулікте вирусты 2 мыңнан астам адам жұқтырып, 53 адам қайтыс болған. Қытайдан кейін коронавирус ең көп таралған елдер – Оңтүстік Корея мен Иран, одан кейін Италия. Таңғы шық елінде науқастар саны 6 мың 600-ге жуықтаса, Ислам Республикасында вирус 3 жарым мың тұрғыннан анықталды. Ресми Сеул дертпен күреске қосымша 10 миллиард доллардай қаржы бөлетінін жариялап, медициналық бетперде тігетін фабрикаларға жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеді. Себебі елде дертпен күреске қажетті медициналық құрал-жабдықтар жетіспейді. 

Рю Хун Вук, Кёнбук университеті аруханасының жедел жәрдем бөлімінің басшысы:

– Ең қиыны, медициналық жабдықтар жетіспей жатыр. Әсіресе карантин орталықтарында жағдай қиын. Бұдан бөлек, осы дертпен күресетін дәрігерлер аз.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдағы апталарда бірқатар елде індет өрши түсетінін хабарлады. Ұйым басшысы вирус әсіресе денсаулық сақтау саласы әлсіз елдерге көп қауіп төндіріп тұрғанын айтады.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

– Жалпы бұл індет әлемдегі бай болсын, кедей болсын барлық елге қауіп. Тіпті кірісі жоғары мемлекеттерде жағдайдың қалай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Мұндай жағдайда тек бір шешім бар. Ол – кеселмен табанды түрде күресу.

Халықаралық ұйым кей мемлекеттердің қолға алып жатқан шарасын жеткіліксіз деп санайды. Сондықтан бұл елдерге коронавирустың өте қауіпті дерт екенін түсіну қажет екенін айтады.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

– Қазір дертпен күреске барлық күшті жұмсайтын кезең туды. Мұндай төтенше жағдайға ондаған жылдар бойы дайындалғандар бар. Қазір сол жоспарлар бойынша әрекет ететін уақыт келді деп ойлаймын.

Ал коронавирустың әзірге бой алдыратын түр көрінбейді. Жұқпалы дерт Ватикан, Словакия және Камерунда да тіркелді. Словакия 43 жастағы азамат дертті көрші Венгрияға барып жұқтырып қайтса, Камерунда вирус ел аумағына ақпанның 24-і күні келген 58 жастағы француздан анықталды. Осылайша коронавирус күн сайын әр аумақтан бой көрсетіп, тығырыққа тіреп келеді.

Авторы: Дәурен Ақашұлы

Хабар 24 телеарнасы