443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-2019: Грузияның туризм саласы шығынға батты

  • 214
  • UPD: 09:31, 07.03.2020

Қытайда шыққан вирус ондаған елге тарап, жаһан экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көптеген мемлекеттің туризм саласы шығынға батты. Елдер шекараларын жауып, халықаралық жиындардан бас тартуда. Олардың қатарында Грузия да бар, бүгінде мұнда вирусты 9 адам жұқтырды. Үкімет оқушылар мен студенттерге кезектен тыс демалыс жариялап, Қытай және Иранмен қатынасын уақытша тоқтатты. Коронавирустың салдарынан елге келетін туристер саны да күрт азайды.

Тбилисидің Абанотубани тарихи ауданында әдетте туристер қаптап жүретін. Қазір мұнда халық аз. Қала орталығындағы дәмханалар мен дүкендер бос тұр.

Анна Зедгинидзе, кәдісыйлар дүкенінің сатушысы:

Туристер келмесе, жұмысымыз тұрып қалады. Саяхатшылардың елге келгені экономикамызға пайдалы, ал қазір үлкен шығынға баттық.

Мария Котмария, туристік компанияның агенті:

Әрине, жағдай мәз емес. Қазіргі кезде туристер өте аз. Былтыр айтарлықтай көп болған. Дегенмен, бұл дүрбелең басылатынына үмітіміз бар.

Тбилисидегі мейманханаларда да қонақ саны аз. Саяхатшылар наурыз бен сәуір айларына берген тапсырыстарынан бас тартып отыр.

Давид Мангошвили, қонақ үй әкімшісі:

- Мейманханамыз қаланың дәл ортасында орналасқан. Түрлі дәрежедегі 6 нөміріміз бар. Қазір Ресейден келген жалғыз қонақ тұрып жатыр, қалғандары бос. Коронавирус бәле болды, туристер демалысқа келуге қорқады. Көктем маусымына тапсырыстарымыз бар еді, енді одан бас тартты. 

Алдын ала есеп бойынша шекаралардың жабылуы 10 миллион доллар мөлшерінде шығын әкеледі. Үкімет туризм саласының өкілдерімен кездесіп, жағдайды бағалауға кірісіп кетті. Жақын арада олар нақты әрекет жоспарын әзірлеуге уәде беріп отыр.

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы