422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус індеті Палестинаға да жетті

  • 517
  • UPD: 08:40, 10.03.2020

Осыған байланысты елде төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрмысы төмен және медицина дамымаған өңір болғандықтан, мамандар мұнда «індеттің өршіп кету қаупі бар» деп дабыл қағып отыр.

Израиль эпидемиологтары осыдан қауіптенген еді. Иордан өзенінің Батыс жағалауында коронавирус тіркелді. Індет туризмнің басты орталығы Вифлеем қаласына тарады.

Маль Алкалья, Палестина автономиясының денсаулық сақтау министрі:

- Медициналық сараптама коронавирусты жеті адам жұқтырғанын көрсетті. Енді бұл кісілер сараптама жүргізген екі дәрігер және мейманхана қызметкерлерімен бірге карантинге алынды. Біз Вифлеем мен Иерихон қалалары және Иордан өзенінің алқабында төтенше жағдай жариялауға нұсқау бердік.

Автономиядағы медицина деңгейі Израильмен салыстырғанда едәуір төмен. Санитарлық ережелер сақталмайды, су жеткізу мен кәріз жүйелері тозған. Христиандардың ең қасиетті орындарының бірі- Рождество ғибадатханасы орналасқан Вифлеемге адам көп келеді. Қазіргі кезде көптеген кешендермен қатар бұл шіркеу де жабылды.

Ибрагим Мельхем, Палестина автономиясы үкіметінің өкілі:

Cоңғы бірнеше күнде 5 мыңдай турист келді, оларды дереу қаладан шығарды. Қазір Вифлеемде 150-дей шетел азаматы бар, олар 24 сағат ішінде қаладан кетуге тиіс.

Ал Израильге басты қауіп заңсыз мигранттардан төніп тұр. Күн сайын жүздеген палестиндік Израильде жұмыс істеу үшін шекарадан рұқсатсыз өтеді. Билік оны жабу үшін шұғыл шаралар қабылдап жатыр, бірақ техникалық жағынан бұл мүмкін емес. Коронавирус экономикаға зор зиян келтіріп отыр. Үкімет шығынға батқан кәсіпорындарға бір миллиард еуро бөлді. Ең алдымен бұл әуе тасымалдаушы компаниялар. Ал университеттер бар күшін вакцина шығаруға салды.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Мен АҚШ вице-президенті Майк Пенспен сөйлестім. Біз вакцина шығару ісі бойынша технологиялық ынтымақтастық орнатуға келістік.

Вашингтон вакцинаны барынша тез шығару үшін тіпті израильдік зерттеулерді қаржыландыруға дайын. Қазіргі кезде мамандар вирустың Газа аймағына тарауынан қауіптенуде. Бұл әлемдегі халық ең тығыз қоныстанған аймақтардың бірі. Егер мұнда вирус шықса, Израиль шекарасын жауып тастайтынын ескертті. Тіпті бұл мақсатта әскери күш қолданудан таймайды.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы