411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: Италияда бүкіл ел аумағына карантин енгізілді

  • 346
  • UPD: 11:15, 10.03.2020

Италияда коронавирусқа байланысты карантин бүкіл ел аумағына енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, Апеннин түбегінде соңғы бір тәулікте вирустан 94 адам қайтыс болып, дерттен көз жұмғандардың саны 463-ке жетті. Індетті жұқтырғандар саны 9 мыңнан асып кетті. Бірер күн бұрын шектеу шаралары тек солтүстік аймақтарға ғана енгізілген еді. Оған сәйкес бүкіл мектептер мен оқу орындары жабылып, мәдени-спорттық шаралар өткізуге шектеу қойылды. Енді тұтас мемлекет аумағында тек жұмыс, төтенше және медициналық мақсатта ғана жүруге рұқсат беріледі. Бейсауат жүріске тыйым салынады.

Джузеппе Конте, Италия премьер-министрі:

- Жарлықтың мәні мынау, әркім өз үйінде отырсын, бүгінгі жағдай сондай. Қауіп төніп тұрған шақта сақтануға тура келеді. Шектеу енді елдің кейбір бөлігінде ғана емес, тұтас мемлекетке қатысты. Бұдан былай азаматтар тек жұмысқа бару керек болса, денсаулығына қатысты ем-домға шығуға және төтенше жағдайда ғана үйден кетуі керек. Қоғамдық орындарда, дәмханаларда бас қосуға тыйым салынады. Әрине, мұның бәрі халыққа оңай соқпайтынын түсінемін. Бірақ әзірше өзге жол жоқ, қабылданған шешім ұлт денсаулығы үшін.

Алайда, биліктің шектеу шараларына байланысты Италияның 27 түрмесінде бүлік шығып, 6 адам қаза тапты. Себебі індеттен жазасын өтеушілердің туған туыстарымен кездесуге тыйым салынды. Тәртіпсіздік Рим, Милан абақтыларында да болды. Фоджа түрмесінен 20 адам қашып шығып, полиция оларды көп ұзамай ұстады.

Хабар 24 телеарнасы