443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус белең алғалы Түркияда бетперделер 10-15 есеге қымбаттады

  • 126
  • UPD: 21:51, 11.03.2020

Соңғы үш күнде Ухань қаласында өлім дерегі тіркелген жоқ.

Бұл қуантарлық жағдай. Дегенмен, қатерлі кесел Еуропа елдерін жайлап барады. Ал, бүгін Түркияда коронавирус жұқтырудың бірінші дерегі анықталды. Анадолы жеріндегі хабарды халық қалай қабылдады? Алдын алу шаралары қай деңгейде?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Осыдан үш ай бұрын Қытайдың Ухань қаласында шыққан коронавирус індеті Түркияға да келіп жетті. Халық үрейлі. Жергілікті телеарналар сағат сайын жағдай туралы ақпарат тарқатып, сақтанудың жолдарын түсіндіріп жатыр. Елдің Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа, алдын алу шаралардың жоғарғы деңгейде екенін жеткізді. Шетелге барып келгендерге 14 күн бойы өздерін қадағалауды ескертіп, дене қызуы жоғарылаған жағдайда дереу дәрігердің көмегіне жүгіну қажеттігін айтты.

Фахреттин Кожа, Түркияның Денсаулық сақтау министрі:

- Қажет болмаған жағдайда шетелге шықпауға кеңес береміз. Министрлігіміз тарапынан қабылданған коронавирус ережелерін сақтайық. Шетелден келгендер 14 күн бойы өздерін оқшаулағандары дұрыс. Сондай-ақ азаматтарымыз күнделікті гигиеналық шараларынан бастап қандай жағдайларда медициналық мекемелерге бару қажеттігі жөнінде ережелерімізді жарияладық.

Коронавирус белең алғалы Түркияда бетперделер мен арнайы киімдердің бағасы 10-15 есеге қымбаттады. Осыған байланысты елдің сауда министрлігі 9 компанияға 943 мың лира айыппұл салды. Мұнымен шектелмеген министрлік бетперделер секілді бірқатар тауарды шетелге экспорттауға тыйым салды. Мұны ведомство «алдымен ішкі талапты ескеру қажет» деп түсіндірді. Туристік компанияларға да ескерту жасалды. Енді тұтынушылар қалаған уақытта демалыс жолдамаларынан айыппұлсыз бас тарта алады.

Үлкер Арслан, жергілікті тұрғын (әйел):

- Германияға сапарымыз бар еді. Коронавирусқа байланысты кейінге шегердік. Өйткені 75-ке таяп қалдым. Менің жасымдағылар үшін бұл вирус қатты қауіпті екен.

Алие Арзуман Офлас, жергілікті тұрғын (әйел):

- Коронавирус елімізге жетті. Бұған дейін басқа елдердегі жағдайды көріп, қатты қорыққан едік. Алдын алу шараларын сақтасақ, әсер етпейтін секілді. Бетперделеріміз дайын.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түрік үкіметі коронавирустың қай қалада тіркелгенін жариялаған жоқ. Сондай-ақ науқтастың да аты-жөні жарияланбады. Қазір түркиялықтар бір бірімен қол алысып амандасуды қойды. Енді жұрт бір-бірімен қолдарын кеудесіне қойып амандық сұрамақ.

Хабар 24 телеарнасы