430,57 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Беларусь рублі құнсызданды

  • 448
  • UPD: 10:49, 12.03.2020

Әлемдік биржадағы толқулардан кейін Беларусь рублі құнсызданды.  Соңғы ақпаратқа сүйенсек, валюта  бағамы 5 пайызға дейін төмендеген. Беларустар үшін бұл күтпеген жағдай болды. Ал билік валютаның  құнсыздануына байланысты ешқандай мәлімдеме жасамады. 

Осыдан 9 жыл бұрын валюта құнсызданған уақытта беларустар жаппай тауар сатып алып жарысқан еді. Барлық сауда орындарында тұрғындар сөрелерден қолға түскен тұрмыстық техниканы жапа-тармағай алды. Ақша айырбастау орындарында валюта қалмады.

Биржадағы беларусь валютасының бұл жолғы құнсыздануынан кейін Александр Лукашенко шұғыл түрде министрлер кеңесін жинады. Президент ұлттық валюта ең алдымен халықтың мүддесін қорғайтынын алға тартты. 

Лукашенконың айтуынша, биржадағы өзгеріс халыққа ауыртпалық әкелмейді. 

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:

- Елдің барлық экономикалық жүйесі халық мүддесін үшін жасалған. Бұл жерде ешқандай популизм жоқ және бұл сайлау қарсаныңда ғана  айтылған сөздер  емес. Қайталап айтамын билік  халықтың игілігі үшін жұмыс жасайды. 

Экономистер қалыптасқан жағдайды прагматикалық тұрғыдан зерттеді. Олардың айтуынша, Беларусь валютасының болашағын дәл қазір дөп басып айту қиын. Әлемдегі мұнай бағасының төмендеуінен кейін Беларуське шикізат Мәскеуден арзан бағамен жеткізіледі, алайда бұл отандық бекеттерде жанармай арзандайды деген сөз емес. Жанар-жағармайды сатудағы баға саясаты соңғы уақытта бір литр үшін 1$ деңгейінде тұрақтанды және белоруссиялық концерндер қалыптасқан баға бағдарынан ауытқуы екіталай. 

Ирина Новикова, экономика ғылымдарының докторы:

- Ресей рублі құнсызданды, демек экспорты да арзандайды. Ресейлік кәсіпорындардың өнімдері ортақ нарықта арзандайды. Ресейлік тауарлар бізге  енді көптеп жеткізіледі деп ойлаймыз. 

Әлемдегі доллар бағамының мұндай өзгерісі 90-жылдардың басынан бері байқалмаған. 

Айта кету керек, сейсенбі күні беларус рублінің долларға шаққандағы бағамы тұрақтанды. Десе де, ақша айырбастау орындарында әлі де ұзын сонар кезек тұр. Ал сауда орталықтарында импортталатын техниканың бағасы күрт өсті. 

Авторлары: Дмитрий Лукша, Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы