443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус: Израильде ережеге бағынбағандар түрмеге қамалуы мүмкін

  • 202
  • UPD: 21:23, 12.03.2020

Жалпы коронавирус күн санап әлемді жайлап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір кеселге шалдыққандардың саны 123 мыңға жуықтады. Олардың 80 мыңнан астамы Қытайда. Ал көз жұмғандардың саны 4 мың 600-ден асты. Қазір вирустың таралуы Еуропа, Корея мен Иранда қарқын алып барады. Індеттің жаһанға таралуына байланысты Дүниежізілік денсаулық сақтау ұйымы оны пандемия деп жариялады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде коронавирустың таралуына байланысты пандемия жариялады. Яғни қауіпті вирус эпидемиялық деңгейден асып кетті. Осыған байланысты ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус әлем елдерін індетке тосқауыл қою үшін шұғыл шаралар қабылдап, онымен табанды күресуге шақырып отыр. Оның айтуынша, қазір коронавирус 114 мемлекетте тіркелген.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

- Адамзат баласы коронавирус пандемиясымен алғаш рет бетпе бет келіп отыр. Бірақ бұл дертті бақылауға алуға болады. Әлемнің 114 еліне таралып үлгерген вирустың 90 проценті төрт елде тіркелген. Олардың екеуі – Қытай мен Оңтүстік Кореяда дертке шалдыққандардың саны едәуір азайды. Бірақ алдағы апталарда індеттің өршуі артып, дертке шалдыққандар көбейеді. Бұл өте үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.

Айта кетейік, пандемия деп жаңа дерттің дүние жүзіне жаппай таралуын атайды. Тарихта мұндай жағдай 11-12-ғасырларда болған. Яғни оба тараған. Ал соңғы рет әлемде пандемия 2009-2010 жылы шошқа тұмауы деп аталатын «Н1N1» вирусына байланысты жарияланған еді. Онда Мексикадан шыққан дертке 220 мың адам шалдығып, 2 мың науқас көз жұмған болатын. 

Қазір вирус Еуропаның барлық елінде анықталды. Таяуда вирус ошағына айналған Италия билігі карантинді бүкіл ел аумағына енгізіп қана қоймай, аймақтағы мекемелерді жауып тастады. Жаңа шектеулерге байланысты өңірде тек дәріханалар мен азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істейді. Халыққа өзге себептермен сыртқа шығуға тыйым салынды. Шара наурыздың 25-сіне дейін жалғасатын болады.

Джузеппе Конте, Италия премьер-министрі:

– Өкінішке қарай Италия вирус ошағына айналған соң қатаң шараларды қолға алуға мәжбүрміз. Бұдан былай мейрамханалар, шаштараздар және өзге де ғимараттар жұмысын тоқтатады. Тек дәріханалар мен азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істейтін болады. Алайда байбаламға салып, дүкендерге жүгірудің қажеті жоқ. Азықты үйге тапсырыс беріп-ақ сатып алыңдар. 60 млн халқы бар елде жауапкершілікті әрбір азамат сезіну керек. Ережеге бағынатын болсақ, төтенше жағдайдан аман шығамыз.

Вирустың таралуына байланысты Еуропаның өзге де елдері тиісті шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, Дания билігі аймақтағы барлық мектептер мен жоғары оқу орындарын ертеңнен бастап жаппақ. Кейбір мемлекеттік секторлардың жұмысы да уақытша тоқтайтын болады. Сонымен қатар жүз адамнан артық жиналатын барлық шаралардың өткізілуіне тыйым салынды. Испанияда да дәл осындай жағдай. Онда билік мектептерді 15 күнге жауып тастады. Тақауда елдегі мұражайлар да жұмысын тоқтатқан болатын.

Метте Фредериксен, Дания премьер-министрі:

– Данияда вирус тез тарала бастады. Науқастардың саны бірнеше күнде он есеге артты. Оқушылар мен студенттер уақытша үйлерінде болсын. Сонымен қатар жұма күннен бастап барлық мәдени орталықтар мен балабақшалар да жабылатын болады. Кейбір мекеме қызметкерлері де жұмысқа шықпайды. Үкімет осындай шара қабылдауға мәжбүр болып тұр.

АҚШ президенті Дональд Трамп еуропалықтарға Америка аумағына кіруге тыйым салды. Шектеу 30 күнге созылады. Осыған байланысты теңіз және әуе қатынастары тоқтатылды. Ақ үй басшысы Еуроодақты вирустың таралмауы үшін дер кезінде тиісті шараларды қолға алмады деп айыптады. Дей тұрғанмен, аталған шектеу Ұлыбританияға қатысы жоқ. Ал бұл елде бүгінде коронавирус жұқтырудың 460 дерегі тіркелген.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында АҚШ-та вирус жұқтыру деректері Еуропамен салыстырғанда аз. Ал Еуроодақ коронавирустың қарқын алуына байланысты қауіпсіздіктің қамына кіріспей, Қытайдан келетіндерге шекараны жапқан жоқ. Нәтижесінде АҚШ-та тіркелген ауру жұқтыру деректерінің көбіне Еуропадан келген саяхатшылар себепкер болды.

Ал Израиль билігі елге келгендердің барлығын карантинге жауып жатыр. Аймақ қатаң әскери режимге көшті. Тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері қауіпсіздік шараларының орындалуын қадағалап отыр. Ереже бұзғандар айыппұл төлеп, тіпті түрмеге де қамалуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы