421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Армения шетелдіктерге міндетті түрде анкета толтыру ережесін енгізді

  • 418
  • UPD: 14:11, 14.03.2020

Арменияда коронавирусты 8 адам жұқтырды. Олармен қарым-қатынаста болған 98 тұрғын оқшауландырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дертті жұқтырудың алғашқы дерегі осыдан екі апта бұрын Ираннан оралған азаматта тіркелді. Сосын Италиядан ұшып келген 3 адамда да бұл кесел анықталды. Соңғы тәулікте науқастардың біреуімен байланыста болған тағы 4 адамның вирусқа шалдыққаны анықталды.

Армения премьер-министрі мектептер мен жоғары оқу орындарын уақытша жабу туралы шешім шығарды. Студенттерге қашықтықтан білім беру қарастырылып отыр. Ал жоспарланған мәдени-ғылыми шаралар кейінге қалдырылды.

Элина Казарова, Мәскеу мемлекеттік университетінің Еревандағы филиалының қызметкері:

– Оқу орнында коронавирустың таралуына қарсы барлық тиісті шаралар қабылданды. Ең алдымен студенттердің қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Елдегі жағдай мен үкімет шешімдерін бақылап отырмыз.

Коронавирус алғаш рет елге осыдан екі апта бұрын Ираннан келді. Алайда үкімет бұл елмен шекарасын толық жапқан жоқ. Әуе рейстер санын қысқартып, визамен қатынау тәртібін енгізсе де, жүк тасымалына тыйым салынбады. Ауруды жұқтырудың соңғы 7 дерегі Италиямен байланысты. Зәресі ұшқан тұрғындар көшеге шығудан қалды.

БЛИЦ:

– Отбасымда ешкім сыртқа шықпайды. Мектептер мен оқу орындары істемейді, сол себепті балалар үйде отыр. Осылай сақтанып жүрміз, басқа амалымыз жоқ. Дәріханаларда тіпті бетперде де қалмады.

– Үкімет індет өршіген елдерден оралған адамдарды карантинге алған жоқ. Алғаш рет бұл ауру қашан жұқты? Армения азаматтарын қайтаруға арнайы рейс жіберіп, оларды оқшауламады. Ал келесі күні қатынасқан адамдарды іздей бастады.

Ал осы кезде үкімет елге келетін шетелдіктердің барлығына міндетті түрде анкета толтыру ережесін енгізді. 

Ваге Гукасян, шекаралық бақылау бөлімінің басшысы:

– Анкеталарды жолаушылар толтырады. Оған мекенжайы мен телефон нөмірлері енгізіледі. Қай елден келіп, транзитпен қайда тұрақтағаны туралы жазады. Шекаралық қызмет анкеталарды жинап, бақылау орнында жұмыс істейтін дәрігерлерге тапсырады.

Шекарадағы 7 бекеттен тәулігіне шамамен 6 мың адам өтеді. Анкеталарды тек Армения азаматтары толтырмайды. Ал премьер-министр демалысын доғарып, Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум алдындағы үгіт науқанын тоқтатты.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Тигран Галстян, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы