428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19 Латын Америкасын да тығырыққа тіреді

  • 484
  • UPD: 18:56, 14.03.2020

Вирус алғашында Венесуэлада тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда дерт Испаниядан келген екі адамнан анықталған. Сөйтіп, ел ішінде дүрбелең туып, дүкендер мен дәріханаларда ұзын-сонар кезек пайда болды. Әлі де тұрғындар бетперде мен қолды залалсыздандыратын заттарды жаппай сатып алып жатыр. Билік індет таралмау үшін елдегі барлық оқу орындарын жапты. Тұрғындарды вирустан сақтану шараларына жіті мән беріп, бетперде киіп жүруге шақырып жатыр.

Юсбель Моралес, Каракас қаласының тұрғыны:

- Мұнда бетперде мен дертті жұқтырудан сақтайтын заттарды сатып алу үшін тұрмыз. Жуық арада мектептер мен жоғары оқу орындары жабылып, көлік қозғалысы шектелмек. Бірақ вирустан қорғану әр адамның өзіне байланысты.

Армандо Контрерас, Каракас қаласының тұрғыны:

Қазір елде маска жетіспейді. Оларды дәріханалардан табу қиындап кетті. Меніңше билік мұндай жағдайға алдын ала дайындалып, оларды арзанға сатып алатын орындарды қарастыруы керек еді.

Осы Латын Америкасында коронавирус ең көп таралған елдер – Бразилия мен Чили. Бразилияда 98 адам дертке шалдықса, Чилиде – 43. Бұдан бөлек, ауру белгісі Аргентина, Перу, Эквадор, Коста-Рика, Мексика секілді бірқатар елдерде тіркелген. Жалпы бұл құрлықта індет жұқтырғандар саны 300-ден асқан. 4 адам көз жұмды. Қазір мұндағы барлық елдер қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы