405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресей рублі құнсызданып жатыр

  • 343
  • UPD: 20:33, 14.03.2020

Ресей рублінің бағамы 2016 жылдың көктемінен бергі ең төменгі деңгейге жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел билігі «экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан әлеуметтік міндеттемелерді орындаймыз» деп отыр. «Алайда, мұнай бағасы құлдырап жатқан кезде бұл оңай болмайды», - дейді сарапшылар.

Коронавирустың пандемияға ұласып кетуі, шекаралардың жабылуы мен Сауд Арабиясы, Ирак және Кувейт елдерінің мұнай бағасын түсіруі әлем нарығындағы жағдайды ушықтырып жіберді. Тіпті кейбір инвестициялық компаниялар «қара алтын бағасы 20 долларға дейін түсуі мүмкін», деп болжам жасады. Ресей экономикасы шикізат бағасына тәуелді болғандықтан, бұл жағдайда бір доллардың бағамы 100 рубльге дейін көтерілуі ықтимал. Қазірдің өзінде Мәскеу биржасында доллар бағасы 75 рубльден асып кетті.

Владислав Жуковский, сарапшы:

Мұнай бағасы 30 доллар болғанда доллар бағамы 93-95 рубль төңірегінде болуы керек. Яғни, мұнайдың бағасы осы деңгейде бір-екі күн емес, екі-үш ай болса. Әйтпесе, Ұлттық әл-ауқат қорындағы сақталған қаражатты жұмсауға тура келеді.

Дегенмен, Ресей Қаржы министрлігі «ел экономикасына рецессия қауіпі төніп тұрған жоқ», деп санайды. Мекеме басшысы Антон Силуановтың мәлімдеуінше, бұл жөнінде уайымдауға негіз жоқ.

Антон Силуанов, РФ Қаржы министрі:

- Бюджеттік көрсеткіштерді орындауға және қаржы нарығында тұрақтылықтықты сақтауға Ресейдің қоры жеткілікті. Бұл мақсатта үлкен еңбек атқарып, тиісті бюджет саясатын жүргіздік.

Есеп палатасының төрағасы Алексей Кудрин Ресей экономикасының дамуы жайлы өз пікірін білдірді. Мұнай бағасы 35 доллар, ал доллардың жылдық орташа бағамы 72 рубль құраса, федералдық бюджет шамамен 3 трлн рубль табысынан айырылады. Бұл жағдайда экономиканың өсімі тоқтап қалады. Алексей Кудриннің пікірінше, әлемдік экономика қай бағытта дамитыны алдағы екі айда белгілі болмақ.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы