413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Covid-19: әуе компаниялары шығынға батты

  • 282
  • UPD: 23:20, 17.03.2020

Соңғы күндері қауіпті кесел етек жайған мемлекеттер аумақтарын оқшаулауға белсене кірісті.

Бірқатар әуе рейстері тоқтатылып, азаматтарға саяхатқа шығуға тыйым салынуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коронавирустың зардабын бұл орайда әуе компаниялары тартып отыр. Өйткені індеттің тарауын тежеуге талпынған билік ұшып-қонуға тосқауыл қойған. Сарапшылар бұлай жалғаса берсе, жаһандық авиация ақсап қалуы мүмкін деген болжам жасады.

Бірқатар ауқымды әуе компанияларының иелері биліктен көмек сұрады деген ақпар бар.

Өйткені рейстер тоқтағанымен, әуе компаниялары салықтан босатылмапты. Сондай-ақ ұшпай тұрған ұшақтары үшін әуежайдың тұрағына тағы да қаражат төлейтіні бар.

Алдымен Азия, ізінше Еуропа, енді міне, Америка аса жылдамдықпен тараған эпидемияны тоқтату үшін көктегі қақпаларын тарс жапты. Көптеген әуе компаниялары рейстерді қысқартуға мәжбүр. Ұшақтар қаңтарылып тұр. Билеттер сатылымы тоқтатылды. Дегенмен, қызметкрелердің жалақысы мен компания қарыздарын өтеуі керек. Сондықтан да ірі әуе компания иелері дабыл қағып, биліктен жаппай көмек сұрап отыр.

Алекс Круз, British Airways басшысы:

Авиация әлемдік деңгейдегі дағдарысқа тап болды. Бұл SARS немесе 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестік әрекеттен асып түсті. Ары қарай қызметкерлерімізді ұстап тұра алмаймыз. Себебі, қауқарымыз да, қаражатымыз да жетпейді. Жұмыс орындарын қысқартатын боламыз.

Йохан Лундгрен, EasyJet басшысы:

Еуропалық әуе компанияларының болашағы бұлыңғыр. Өйткені мына дағдарыстан шығу үшін бұл салаға билік пен үкіметтің қолдауы керек.

Сонымен, қауіпті кеселден зардап шеккен компаниялар қайсы?

Еуропаның Ryanair және EasyJet компаниялары ұшақтарының басым бөлігін тұраққа қойды. Алдағы уақытта толығымен жұмысын тоқтатуы мүмкін. British Airways, Iberia, Vueling Airlines-тің тек 25%-і ғана жолаушыларды тасымалдап жүр. Lufthansa әуе кемелерінің үштен екі бөлігін тоқтатты. Virgin Atlantic Airways, Air New Zealand 75%-ке, Finnair, Air Canada, Air Pacific 90%-ке жұмысын қысқартты. Air Baltic-тің жұмысы толығымен тоқтады. American Airlines барлық халықаралық рейстерін кейінге қалдырды. Qantas Airways болса, халықаралық рейсін 90%-ке, ішкі рейсті 60%-ке қысқартып тастады.

Мишель Хьюсон, сарапшы:

-Бүгінде бірқатар ауқымды әуе компаниялары рейстерді қысқартып, тіпті жұмысын тоқтатып жатыр. Бұл орайда жұмыссыздар саны артуы мүмкін. Жаппай қысқартулар басталады. Себебі адамдарға саяхатқа шығуға тыйым салынды. Демек, ұшақтың көкке көтерілуі үшін жолаушылар жоқ деген сөз. Тиісінше, компаниялар ешқандай кіріс көрмейді. Ал, бұдан шығын азаймайды. Керісінше, салық, қызметкерлердің айлығы, ұшақты тұраққа қоятын қаражат қажет. Коронавирустың беті қайтпаса, авиация саласы қиын жағдайда қала бермек.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы «коронавирустан 2020 жылы бұл салаға 113 млрд доллар көлемінде шығын келеді» деп отыр. Ал, бірнеше ай бұрын авиация 4% өсім көрсетіп, 870 млрд долларға дейін кіріс келеді деген болжам жасалған еді. Бүгінде кірістен бұрын әуе компаняилары «нарықта қалсақ» деген мақсатта биліктен жеңілдік сұрауда. Өтінішті АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания, Норвегия, Нидерланд, Бразилия және Ресей билігі қарастырып жатыр. Ал, бұл орайда әлеуметтік желіде қаңыраған әуежай видеолары тарап жатыр.

 

Түркияда 49 адам COVID-19-ды жұқтырған

Соңғы деректер бойынша COVID-19-ды жұқтырғандар саны 181 мыңға жеткен. Әлемнің 162 елінде тіркелген індеттен 7 мыңнан астам адам көз жұмған. 78 мың адам коронавирустан айығып шыққан. Эпидемия ошағы Қытайдан Еуропаға ауысты. Әлем елдері жаппай індетке қарсы күрес науқанын бастады. Түркия елі бұл науқанды «мәселе – жаһандық, күрес – ұлттық» деп атапты. Қазір бізбен Анкарадағы меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат тікелей байланысқа шығып тұр . Меруерт елдегі COVID-19-ға қатысты соңғы жағдай қандай?

Меруерт Қанағат, тілші:

Түркия Республикасы сақтық шараларын ерте қолға алғандықтан, індеттің таралуын 3 ай тежеді. Дегенмен, әлемді шарпыған COVID жалыны Түркияға да жетті. Соңғы мәлімет бойынша індетті жұқтырғандардың саны 49-ға жетіп отыр. Қазіргі таңда коронавирустың белең алып тұрған ошағы Еуропа болғандықтан, ресми Анкара батыс елдерінде 3 мыңнан астам азаматын бүгін елге алдырмақшы. Түркияда қалыптасқан жағдайға орай сақтық шаралары тіптен қатаңдатылды. Сондай-ақ карантиннен бас тартқан азаматтарды 2 айдан 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды.

Жүргізуші:

-Түркияда қанша азаматымыз бар? Олардың жағдайлары қалай? Барлығымен байланыс орнатылды ма?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркия Республикасында қазіргі таңда 20 мыңға жуық Қазақстан азаматы бар. Олардың 2364-сін студенттер құрайды. Әлеуметтік желі арқылы отандастарымызбен жүйелі байланыс орнатылған.

Абзал Сапарбекұлы, ҚР Түркиядағы төтенше және өкілетті елші:

- Түркия жаппай індетке шалдығу үрдісі қазіргі таңда жоқ. Басқа елдермен салыстырғанда, әрине. Сондықтан мұнда қатты құбылжып, алаңдайтын жағдай жоқ. Осыны ескертеміз. Бірақ осы жерден жеткізетін бір хабарландырма. Барлық осы студенттердің ата-аналарына міндетті түрде өздерінің баларымен хабарласып, елшілікке мекенжайы мен байланыс нөмірлерін беруін өтінеміз. Жалпы елшілік ретінде арнайы жедел желі орнаттық.

 

Өзбекстанда коронавирусты 11 адам жұқтырды

Өзбекстанда болса, коронавирус жұқтырғандардың саны екі күнде 11 адамға жетті. Ал үйдегі карантинге 5,5 мыңнан астам адам алынды. Тағы 641 азамат медициналық мекемелерде оқшауланып жатыр. Көрші мемлекеттегі бүгінгі эпидемиологиялық жағдай туралы толығырақ осы елдегі тілшіміз Жасын Біркенов айтып берсін.

Жасын Біркенов, тілші:

- Коронавирус жұқтырған 11 адамның ішінде ауыр халде жатқан науқас жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі осылай деп сендірді. Есесіне жұқпалы аурумен ауырып жатқан азаматтардың алтауы – бір отбасының мүшелері. Қазір әлеуметтік желілерде вирусқа қатысты көптеген жалған ақпарат тарап жатқанын айтып кету керек. Мәселен, «короновируске шалдыққан науқастың бірі бүгін қаза тапты», «тікұшақтардан қаланың үстіне зарарсыздандыру дәрілері себіледі» деген сияқты фейк ақпараттар қаптап кетті. Осыған орай жергілікті билік тұрғындарға ескерту жасап, бұл үшін қылмыстық жаза қарастырылғанын ескертті. Заңды елемегендер 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал кешеден бері ала шапандылар шетелдіктер үшін шекарасын жауып тастағанын еске сала кетейін. Көлік және әуе қатынастары барлық мемлекетпен уақытша үзілді. Ал ертеңнен бастап теміржол байланысы да тоқтатылады. «Соңғы күндері ұн мен сұйық майдың бағасы шарықтап кетті», деп мұндағы халық байбалам сала бастады. Бұған шекарадағы шектеулер себеп деген де әңгімелер айтылды. Бүгін мен Қазақстан мен Өзбекстан шекарасының бойындағы кеден бекеттерінің біріне барып, ондағы жағдаймен танысып қайттым. Жүк тасымалы үзілген жоқ.

Тағы бір айтып кететін жайт, өзбекстандық кәсіпкерлер қазанның біріне дейін несие төлемеуі мүмкін. Өзбекстанның орталық банкі екінші деңгейлі қаржы институттарына осындай кеңес беріп жатыр. Ал ел ішіндегі мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайтын болды. Коронавирустың жамағат арасында тарап кетпеуі үшін Өзбекстан мұсылмандары басқармасы осындай сақтық шараларын қолға алып отыр. Мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас беру де тоқтатылды.

Хабар 24 телеарнасы