432,62 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда өткен тәулікте COVID-19-ды жұқтырған 34 науқас тіркелді

  • 450
  • UPD: 11:34, 19.03.2020

Дені шетелден келгендер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейжіңнің өзінде кесел 21 адамнан анықталды. Ел ішінде вирустың таралуын тежеу үшін қабылданған шаралар әлі де күшінде. Ендігі мақсат вирустың сырттан келмеуін қадағалау болып тұр. Бейжіңдегі тілшіміз Ботагөз Сырғабаева елдегі жағдайды телефон арқылы баяндайды.

Диктор:

Ботагөз, Қытай билігі елге коронавирустың кірмеуі үшін қандай қосымша шаралар қабылдады? Шекара жабылған жоқ па?

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Жоқ шекараны әлі жапқан жоқ. Бірақ шектеуді күшейтті. Енді Бейжіңде 70-тен асқандар мен 14 жасқа толмағандар, әрі жүкті әйелдер мен созылмалы аурулары бар адамдар ғана үй жағдайындағы карантинде бола алады. Қалғандары жалпы карантинге, яғни арнайы дайындалған жерде оқшауланады. Үй жағдайында қалу үшін ел астанасына келмес бұрын өздері тұратын аудандардағы санитарлық қызметтен арнайы рұқсат алу керек. Онда құжаты болмаса жалпы карантинге жіберіледі. Әуежайға келген әрбір жолаушыны қала сыртындағы арнайы пунктке апарады. Сол жерде карантиннің уақыты және қайда өтетіні белгілі болады. Бейжіңге транзитпен келгендерге ерекше назар аударылады.

Чжун Наньнашь, пульмонолог:

- Алдағы уақытта «ұжымдық иммунитетке» сенуге болмайды. COVID-19 өлім көрсеткіші жоғары жұқпалы ауру болып саналады. Дерттен айығып шыққан адамда бұл ауруға өмір бойы иммунитеті болады деген дәлел жоқ. Сондықтан тез арада вакцина шығару керек. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін халықаралық ынтымақтастықтың да маңызы зор.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- China Daily газетінің сайтында Қытай билігі коронавируспен күресуде өз тәжірибесімен бөлісіп отыр. Ауруды жеңген Аспан асты елінің жетістіктері жайында сол жерден білуге болады.

Диктор:

- Ал жалпы ел аумағындағы ахуал қандай? Қателеспесек, сырттан келгендерден басқа Қытайдың өзінде вирус жұқтырған науқастар тіркелген жоқ қой?

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Адамдар жұмыстарына орала бастады. Хубэйдің өзінде де осындай жағдай. Тіпті бұл провинцияға өзге өңірлерден келген дәрігерлер де аймақтан кетіп жатыр. Елдің басқа өңірлерінде мектеп бітіретін оқушылар мектепке оралуда. Кейбір мейрамханалар мен туризм нысандарының да жұмысы жандана бастады. Алайда бұның барлығы жіті бақыланып, сақтық шаралар қатаң сақталынып отыр.

Хабар 24 телеарнасы