429,75 508,70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Италия карантин мерзімін ұзартады

  • 428
  • UPD: 03:27, 20.03.2020

Италия мемлекеті 3 сәуір күні аяқталатын карантинді ұзартпақ. Себебі премьер-министр Джузеппе Контенің хабарлауынша, вирустан соңғы бір тәулікте 475 адам көз жұмыпты. Қаза тапқандар саны  2978-ге жетті. Жұқтырғандар – 35713. Испания елін де карантинге қарамастан пандемия дендеп барады. Елде 13 мың 700 адамнан   COVID-19 анықталса, 600-і осы індеттен көз жұмған. Коронавирустың жаппай таралуын Екінші дүниежүзілік соғыспен теңеген Германияның бірқатар облысында болса коменданттық сағат енгізілуде. Себебі елдегі жағдай ушығып барады. Роберт Кох институтының ақпаратынша, соңғы тәулікте коронавирусты жұқтырған тағы 2801 адам анықталып, науқастар саны 10999-ға жеткен. 28 тұрғын көз жұмды.

Йоахим Херрманн, Бавария мемлекеттік ішкі істер министрі:

- Бұл қадамға ұлт саулығы үшін барып отырмыз. Миттертайхта вирустың жаңа деректерін қысқарту мақсатында коменданттық сағат енгізілді. Бұл заңнаманы бұзғандар заң алдында жауап береді. Яғни рұқсатсыз үйден шыққан, мейрамхана сынды қоғамдық орындарда жиналғандарға айыппұл тағылып,  екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал Ұлыбритания үкіметі болса Лондонды жауып тастауы мүмкін. Билік басындағылар «Коронавирус туралы билльді», яғни қаулыны қолданып, ел астанасындағы қоғамдық орындардың жұмысын шектеуді жоспарлап отыр. 

Үкіметтегілердің пікірінше, британиялықтар пабтарға және басқа да қоғамдық орындарға барудан бас тартпай отыр. Бірақ лондондық локдаун, яғни карантиннің қалайша жүзеге асырылатындығы белгісіз. «Коронавирус туралы билльге» сәйкес, биліктегілер эпидемиямен күрес жолында қоғамдық орындарды жауып, қоғамдық көлік қызметінің жұмысын шектей алады. Қазірдің өзінде автобустар мен метролар сенбі-жексенбі кестесімен, яғни өте аз қатынап жатыр. Ал ірі мұражайлар, театрлар мен концерттік алаңдар өз жұмыстарын тоқтатып тастады. Лондондықтардың бұған деген пікірі қандай? 

БЛИЦ:

- Әлбетте егер бәріміз де деніміздің сау, аман-есен болғымыз келсе, бұл шешімді құптауымыз керек. Гуманитарлық тұрғыдан алып қарағанда әрбірімізге үкімет қаулысын орындау өте маңызды деп санаймын.

- Меніңше, олар мұндай шешімді өте ерте қабылдап жатыр. Мен жұмысқа барып, сәл де болса ақша тапқым келеді. Әйтпесе ақысыз еңбек демалысына шығып, өз-өзімді асырай алмай, далада қалуым мүмкін.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Жұмадан бастап, орта және жоғарғы мектептер өз жұмысын тоқтатады. Бірақ қашан қайта ашылатындығы хабарланбады. Жазғы емтихандардың да кейінге қалатын түрі бар. Ата-анасы Денсаулық сақтау қызметінде еңбек ететіндердің балалары үшін бірнеше оқу орыны жұмыс істей бермек. Ал аз қамтылған отбасылардың балалары, әдеттегіше күнделікті тамақпен қамтамасыз етілетін болады. 

Коронавирустың аумағы кеңейген сайын Еуропа елдері қалаларын жаппай оқшаулап, тұрғындардың жүріп тұруына тыйым салуда. Басты талап – үйден шықпау. Мұндай шара 19 наурыздан бастап біздің елімізде де енгізілді. Бұл орайда қауіпті кесел дендеген Италия мен Испаниядағы жерлестерімізбен сұқбаттасуды жөн санадық. 

Ислам Ишмухаметов, студент:

- Вирустың жаппай тарауын көрген куәгер ретінде айтарым үйден шықпау туралы ескертулерге құлақ асыңыздар. Қазір Испанияда карантиннің катаң түрі енгізілген. Көшеге тек азық-түлік немесе дәріхана үшін ғана шығуға болады. Бұл халық арасындағы өлім-жітімді азайту үшін жасалып отыр. Өзге облыстағы туыстарға, басқа қалаға бармаудың маңыздылығын айтайын. Себебі көптеген студенттер ауылдарына қайта бастайды. Олай жасамау керек. Қай қалада болдыңыз, сол жерде қалыңыз. Себебі сіз әлі вирусты жұқтырған, жұқтырмағаныңызды білмейсіз. Мен де осы себепті Испанияда қалдым. Індеттің белгілері бірден байқалмайды. Еліме ұшамын деп ұшақта да вирусты жұқтырып алуым мүмкін. Сондықтан Қазақстанға жақын арада қайтпаймын. Біздің елдің үкіметі екі қаланы жабу туралы шешімді дер кезінде қабылдады. Қазақстандағы отбасым үшін алаңдамаймын.  Ал Испания мен Италия кеш қимылдап, ауруды бақылауда ұстай алмай қалды.

1594 науқасы бар Жапонияда болса сакура 12 күнге ерте  гүлдеді. Дегенмен, коронавирусқа байланысты табиғаттың керемет құбылысын тамашалайтын жан жоқ. Көшелер қаңырап тұр. Ел тұрғындары 36 адамның вирустан көз жұмуына байланысты көшеге шығудан бас тартқан. Осыдан бір жыл бұрын елдегі көрініс басқаша еді. Биыл тіпті көкке шығып, серуендеуге билік шектеу қойған.

Ер адам: Серуендеуге тыйым салынған. Заңға қарсы шыға алмайсың. Сондықтан үйде қалдық.

Ер адам: Бастысы, инфекция тарап кетпесе болды. Халықтың денсаулығы бірінші орында.

Коронавирустан келетін экономикалық, қаржылай шығын жайлы алдағы хабарларымызды айтқан едік. Бүгінде бірқатар мемлекет кәсіпкерлерге жеңілдік жасап, несие төлеу мерзімдерін шегеруде. Өзбекстандық компаниялар да коронавируске байланысты салықтан уақытша босатылатын болды. Кеше осы елдің Президенті Шавкат Мирзиёев халыққа үндеу жариялап, міндетті төлемдерді кімдер төлемейтінін айтты. Қауіпті індеттің салдары халыққа ауыр тимеуі үшін көрші мемлекеттің Үкіметі қандай жағдайлар жасап отыр?

Жасын Біркенов, тілші:

- Кеше кешке Өзбекстан Президенті халыққа үндеу жариялады. Азаматтарды сабырға шақырып, дәрігерлердің ақыл-кеңестеріне немқұрайлы қарамауды сұрады.

Жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылатынын да ескертті. Шавкат Мирзиеевтің айтуынша, бірқатар компания салықтан уақытша босатылады. Олар туризм, көлік, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіппен айналысатын ұйымдар. Міндетті төлемдерді былай қойғанда бұл салада еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің несие қайтару мерзімі де кейінге шегерілетін болды. Мұндай шешімнің себебі де түсінікті. Коронавирустың кесірінен экономиканың кейбір салалары тұралап қалды. Мысалы, туризмді алайық. Соңғы жылдары ала шапандылар елінде туристер саны күшті қарқынмен өсіп келе жатқан еді. Мәселен, былтыр Өзбекстанға 6 млн 700 мың адам демалуға келген. Биыл бұл көрсеткіш 8 млн дейін жетеді деген болжам болған еді, әттеген-айы болмаса.

Дөңгеленген дүниені дүрліктірген дерт Наурыздың тойлануына, басқа да мәдени һәм спорттық шаралардың өтуіне тосқауыл болды. Шетелдіктер үшін шекара жабылды. Мен мына бір нәрсені айтайын. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға Ташкентке әке-шешем келуі керек болатын. Алдын ала билет те алып қойғанбыз. Енді Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитет менің ата-анам секілді туристерді ренжітпеудің амалдарын іздеп жатыр. Бүгін осы мекеменің өкілімен тілдескенмін. Сұқбатынан үзіндіні тыңдап көрелік.

Лола Рахманбаева, Өзбекстан туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының кеңесшісі:

- Егер туристер әуе және теміржол билеттерін қайтарғысы келсе, онда біз билет құнын толық қайтарамыз. Ол үшін айыппұл салынбайды. Сондай-ақ шетелдік азаматтардың визалары сәуірдің онына дейін ұзартылып отыр. Министрлер кабинетінің арнайы комиссиясы осындай шешім шығарды.

 Жасын Біркенов, тілші:

- Қазір бұл елде шетелдік азаматтарға, оның ішінде туристерге ақпараттық қолдау көрсету үшін арнайы штаб құрылды. Айтпақшы, Өзбекстанда жүрген қазақстандықтар үшін мұндағы Қазақстан Елшілігі де көмегін аянып қалған жоқ. Консулдық бөлімге осы аптаның өзінде 100-ден астам адам хабарласқан екен. Бәрін алаңдататын мәселе бір - шекарадан өту жолдары. Жергілікті билік наурыздың 16-сынан бастап шетелдіктердің ел аумағына кіруіне, ал өзбекстандықтардың елден шығуына шектеу қойды. Демек біздің азаматтардың Қазақстанға оралатын мүмкіндіктері бар. Ол үшін Жібек Жолы – Гишт Куприк, ал ел аузында «Черняевка» атауымен белгілі кеден бекеті ашық.

- Қосымша сұрақтармен Ташкенттегі консулдық бөлімге хабарласуға болады.

- Ал қазір Өзбекстанда коронавирусты қанша адам жұқтырып отыр? Дерттен көз жұмғандар бар ма?

Жасын Біркенов, тілші:

- Абырой болғанда, вирус ешкімнің өмірін жалмаған жоқ. Жұқпалы ауруды жұқтырғандардың саны бүгін 23-ке жетті. Ала шапанды ағайын еліндегі бүгінгі ахуал осындай. Мұндағы эпидемиологиялық жағдай ұдайы менің назарымда болады. Күнде ақпарат беріп отырамын. Есесіне біз де сақтық шараларын ұмытқан жоқпыз. Маска мен антисептик әрдайым жанымда жүреді. 

Әлем елдері осылайша қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатқанда вирустың алғашқы ошағы болған Уханьда жағдай тұрақталайын дегендей. Өткен түні онда бірде-бір адам коронавирусты жұқтырмаған. Сондай-ақ 18 наурыз күні Қытайда да жаңа науқастар тіркелмепті. Тек шет елден келген 34 адамнан вирус анықталған екен.

Хабар 24 телеарнасы