443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлем елдері «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясын бастады

  • 158
  • UPD: 22:02, 20.03.2020

Италияда коронавирустан көз жұмғандар саны Қытайдан да асып түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы бір тәулікте вирустан 427 адам көз жұмған.

Осылайша, COVID-19 құрбандарының саны ел бойынша 3405-ке жетті. Бұл Қытайдағыдан 150 адамға көп. Ал, АҚШ-та кесел тағы 3000 тұрғыннан анықталған.

Әлем бойынша коронавирусты жұқтырғандар саны 245 мыңға жетті. Індеттен 10 мыңнан астам адам көз жұмды. 88 мың адам болса құлан таза айыққандардың қатарында.

 

АҚШ-та COVID-19 дендеп барады

Жарты тәулік, тағы 3000 мың науқас. Америка Құрама Штаттарында COVID-19 дендеп барады. Бүгінде онда 13680 адамнан коронавирус анықталған. 200 науқас көз жұмды. Өлім-жітім Вашингтон, Нью-Йорк, Калифорния штаттарында басымырақ. Жалпы кеселдің аумағы 50 штатты құрайды. Осыған орай Нью-Йорк мэрі «3 миллион дана бетперде керек» деп мәлімдеме жасады. Ал, 40 миллион тұрғыны бар Калифорнияда карантин жарияланды. Енді америкалықтар үйден тек жұмысқа, дәріхана мен азық-түлікке бару үшін ғана шыға алады.

Гэвин Ньюсом, Калифорния губернаторы:

Біз өте ауқымды мемлекетпіз. Дегенмен, бірлігіміз бекем. Сондықтан тұрғындарды бір ауыздан сыртқа шықпауға шақырамын. Бұл тәртіп бүгін кешке күшіне енеді. Үйде болып, адам көп шоғырланатын жерлерге бармаңыздыр. Бұл вирустың алдын алмасақ, штат халқының 56%-іне жұғуы мүмкін.

 

Израиль мемлекеті қатаң шараларға көшті

АҚШ-тың бірқатар штаттары карантин жариялап жатқанда, Израиль мемлекеті қатаң шараларға көшті. Ел премьері Биньямин Нетаньяху телеүндеу арқылы тұрғындарға бұйрық берді. Израильдіктер енді үйден шықпауға міндеттеліп отыр. Айта кетейік, мұнда коронавирусты жұқтырған 600 науқас тіркелді

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьері:

Коронавируспен күрестің жоғары деңгейін жариялаймын. Үкімет бүгіннен бастап тұрғындардың жүріп-тұруына қатаң шектеу қойды. Бұл өтініш немесе ұсыныс емес. Бұл міндетті түрде орындауды талап ететін бұйрық. Құқық қорғау органдары тұрғындарды қатаң бақылауда ұстайтын болады.

 

Италияда қаза тапқандар саны артты

Еуропадағы жағдай да мәз емес. Италияда вирустан көз жұмғандар саны Қытайдағы қаза тапқандар санынан асып түсті. Бүгін тағы 427 өлім тіркеліп, ажал құшқандар саны 3405 ке жеткен. Індетті жұқтырғандар 41 мың. Дәрігер-сарапшылар бұл орайда Италия билігінің алдын-алу шараларын қатаң сынға алып отыр.

Сунь Шуопэн, Қытайлық Қызыл крест маманы:

Вирусты жұқтырғандар саны рекордқа жеткен Милан қаласында карантин шаралары нәтижесіз болып отыр деп есептеймін. Оны орындап жатқан халықты көрмедім. Қоғамдық көліктер сол қалпы жұмыс істеп тұр. Қалада адам қарасы көп. Бетперде кигендері өте аз. Қонақ үйлер мен мейрамханаларда түрлі жиындар өтуде.

 

Бір тәулікте 168 адам коронавирус жұқтырды

Қазірде коронавирус індетінің ошағы көріп тұрғаныңыздай, шығыстан батысқа көшті. Италиядағы жағдайды айттық. Иранда да жағдай өршіп тұр. Соңғы мәлімет бойынша елде COVID-19-тан ажал құшқандардың саны 1433-ті құраған. Енді осы Иран мен Италияның ортасында Түркия орналасқан. Қазір бізбен тікелей байланысқа Анкарадан «Хабар 24» тілшісі Меруерт Қанағат шығып тұр.

Диктор:

- Сақтық шараларын ерте қолға алған Түрік елінде бүгінгі жағдай қандай?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Анадолы жерінде қатерлі індетті жұқтырғандардың саны бір тәулікте 168 кісіні құрап, 359 адамға жетті. Ал, жұқпалы вирустан қаза тапқандардың саны 4. Олардың дені 60 жастан асқандар. Бұдан бөлек, Ыстамбұлды мекендейтін 20 кісі коронавирустан қорғану мақсатында таза спиртті ішіп, мерт болды. Тергеу барысында олардың барлығы Түркіменстан азаматы болып шықты. Осыған байланысты мамандар азаматтарға қажетсіз ем-дом жасамау қажеттігін ескертті. Жалпы елде «Үйде бол!» науқаны басталды. Қоғамдық орындардың дені сәуірдің соңына дейін жабылды. Яки, белгілі сағаттарға шектеу қойылды. Қазірше ел билігі «төтенше жағдай жарияланбайды» деп отыр.

Диктор:

Түркияның халқының саны 83 миллион. Медицина қызметкерлері халыққа қызмет беруге үлгеріп жатыр ма? Коронавирусты өзін анықтауға бір тәулік кетеді дегендей...

Меруерт Қанағат, тілші:

- Айтып жатқан дүниеңіз орынды. Негізінен бұған дейін коронавирусты 24 сағатта анықтайтын. Алайда, бүгіннен бастап Түркияда коронавирусты анықтайтын жедел тесттер қолданыла бастайды. Сондай-ақ елдегі лабораториялардың саны 25-тен 36-ға көбейді.

Фахреттин Кожа, Денсаулық сақтау министрі:

- Бүгіннен бастап Түркияда коронавирусты анықтайтын жедел тесттер қолданысқа енді. Біз осы уақытқа дейін 10 мыңнан астам сынақтан өттік. Жаңа технологиямен біз бір тәулікте 10-15 мың кісіге тест жасауды жоспарлап отырмыз.

 

Канн фестивалі мамырда өтпейді

Бұндай ақпарлардан соң халықаралық маңызды жиындар мен мәдени шаралардың кейінге қалдырылып жатқанын да айта кетейік. Бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп сәуір айында Кэмп-Дэвидте өтуі керек болатын Үлкен жетіліктің саммиті болмайтынын айтты. Оның орнына видеоконференция жүргізіледі. Сондай-ақ киноиндустрия саласындағы ең маңызды шара Канн фестивалі де биыл белгіленген уақытында өтпейтін болды. Оған коронавирустың тез таралуы себеп. Негізі шара 12-23 мамыр аралығында Францияның Канн қаласында өту керек еді. Алайда, қазір Франция вирус өршіп тұрған елдердің бірі саналады. Сондықтан фестиваль маусымның соңына не шілденің басына кейінге шегерілуі мүмкін.

Олимпиада алауы жағылды  

Ал, Жапония қауіпті кеселге қарамастан Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қызу дайындықты бастап кетті. Бүгін спорттық шараның алауы Грекиядан Токиоға жеткізілді. Тек ұшақта делегацияның болмағанын, салтанатты алауды жағуға көрермендердің қатыстырылмағанын айта кетейік.

Блиц 1:

Олимпиада ойындарын кейінге қалдыру керек. Вирустың жаппай таралуы арта түсуі мүмкін. Тәуекелге баратын жағдай емес бұл.

Блиц 2:

- Меніңше, коронавирус қазір үкіметтің бақылауында. Сондай-ақ алдағы уақытта індеттің емі табылуы мүмкін. Сондықтан шара әдеттегідей режимде өтеді деген сенімдемін.

 

Дәрігерлерге мың алғыс

Осындай жағымсыз жаңалық қаптап, ұлт саулығы ақсаған шақта дәрігерлердің қызметін айтпай кету мүмкін емес. Пандемиядан зардап шеккен әлем елдері бұл орайда «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясын бастады. Тұрғындар кешкі 20:00 шамасында балконға шығып, ақ халаттыларға алғысын жаудыруда. Шапалақ ұрып, енді бірі ән айтып жатыр. Шараға бірқатар әлем елдері қатысты.

Хабар 24 телеарнасы