447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда Меккеге қажылыққа барғандар коронавирус жұқтырып келді

  • 224
  • UPD: 11:30, 21.03.2020

Қырғызстанда коронавирусқа тағы 3 адам шалдықты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, дерт Ош облысының Ноокат ауданыныда тіркелген. Елде COVID-19 алғаш рет осы оңтүстік аймақтарда шыққан болатын. Жағдайға байланысты билік республиканың оңтүстігіндегі екі өңірде төтенше жағдай енгізу туралы шешім қабылдады.

Қырғызстанда коронавирус тағы да жақында ғана Сауд Арабиясынан келгендерден анықталды. Науқастардың бәрі кіші қажылыққа барып қайтқандар. Жалпы елден Сауд Арабиясына мың адам барған. Қазір олардың барлығы карантинде. Бірақ дәрігерлер індет шектеу шарасы енгізілгенге дейін тарап кетті ме деп алаңдап отыр.

Космосбек Чолпонбаев, Қырғызстан денсаулық сақтау министрі:

- Дертті жұқтырғандардың барлығынан сынама алынып, үй карантиніне жабылды. Олармен ұшып келген 35 адамға да осындай шара қолданылады. Індеттің таралуын болдырмас үшін басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Елдің оңтүстігінде індетті жұқтыру оқиғасы алғаш рет тіркеле салысымен Сузак және Ноокат ауданында төтенше жағдай енгізілді. Шетелден оралған азаматтарды карантинге жабатын қосымша орындар дайындалды. Елде мектептер жабылып, сауда орталықтары мен базарларға кіруге бірқатар шектеулер енгізілді. Ойын-сауық шараларын өткізуге тыйым салынды. Ол аздай төтенше жағдайға байланысты доллардың бағамы күрт өсіп, 1 доллар 70 сомнан 85-ке дейін көтерілді.

Толкунбек Абдыгулов, Қырғызстан ұлттық банк төрағасы:

- Қазір долларды сатып алу мен сату арасындағы үлкен айырмашылыққа байланысты көп сұрақтар туындауда. Нарықта да айқындылық болмай тұр. Бірақ еліміздің банк жүйесінде шетелдік валютаға ешқандай тапшылық жоқ. Сондықтан жағдай алдағы бірнеше күнде тұрақталады деп ойлаймыз.

Ал соңғы ақпаратқа сәйкес, карантин шараларына байланысты шетелден  жүздеген қырғызстандық орала алмай жатыр. Мәскеуден 300, ал Египеттен 150 адам қайта алмай отыр. Ресеймен әуе байланысына шектеу толық енгізілмегенмен, Мысырдан ел азаматтарын әкелу үшін арнайы ұшақ жіберу қажет.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы